Кәсіптік білімнің мазмұнын жаңартып, сапасын арттыру маңызды

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіптік білім беру саласына реформа жасаудың айрықша өзектілігін алға тартып, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл еңбекқорлықты насихаттап, іскерлікті дәріптеуге де ықпал етері анық. Өңірімізде бірнеше саланың жұмысшы мамандарын кәсіби тұрғыда оқытатын іргелі оқу орындары бар. Соның бірі – Жамбыл политехникалық жоғары колледжі. Бүгінде бұл жоғары колледжде химия, құрылыс, энергетика, ІТ, машина жасау, көлік, сервис салалары бойынша мамандар даярлануда. Қазіргі таңда күндізгі бөлімде 30 мамандық бойынша 2446 студент, оның ішінде 1064 студент жұмысшы мамандық бойынша білім алады. Колледжде «Технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша халықаралық салалық аккредиттеуден өту үшін дайындық жұмыстары басталған. Бұл өз кезегінде әлемдік стандарттар бойынша мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Олар өңірдегі басқа колледждер үшін ресурстық тірек орталығына айналмақ. Атаулы жылда колледжде нендей бастамалар жүзеге асырылады, дайындық қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеп, колледжге бардық.
Директордың міндетін атқарушы Саят Қойшыбаевтың айтуынша, жұмысшы мамандықтары жылында кәсіптік-техникалық білім беруді жаңа бағытта дамыту жоспарланыпты. Атап айтқанда, колледждің халықаралық салалық аккредиттеуден өтуі, жұмыс берушілердің нақты тапсырысы бойынша мақсатты білім беру тапсырысын ұлғайту, жаңа мамандық ашу, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытындағы іс-шаралар қаралған.
Қазіргі уақытта колледжде кәсіптік стандарттардың, мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандары және WorldSkills стандартының талаптарын ескере отырып, 47 білім беру бағдарламасы әзірленді. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғаяды. Мемлекет колледждерді қаржыландырудың жаңа нормативін қабылдады. Қазіргі уақытта бір студентті оқытуға бөлінетін қаражаттың орташа мөлшері 437 мың теңгені құраса, келесі оқу жылынан бастап нақты көрсеткіштерге жеткен колледждер үшін ол 2 еседен артыққа өсіп, орташа есеппен 912 мың теңгені құрайтын болады. Бұл бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, білім ұйымдарын заманауи материалдық- техникалық құралдармен жабдықтау және педагогтердің біліктілігін арттыру үшін басымдық береді.
«Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы». Бұл – дана қазақтың кемел ұстанымы. Кеше мен бүгіннің асылын, құндылығын келешек ұрпақ тәрбиесінде қолданатын білім ошақтарына артылар жүк те, жауапкершілік те ауыр. Кәсіптік білім берудегі негізгі міндет – ой-өрісі кең, дүниетанымы жоғары, бәсекеге қабілетті жұмысшы кадрларын даярлау. Қажырлы еңбек, үздіксіз ізденіс, қарымды қабілет, колледж ұжымының негізгі ұстанымы осындай, – деген колледж директорының міндетін атқарушы Саят Қойшыбаевтың сөзінен мұнда тек білім берумен шектелмей, түлектерінің жұмыспен қамтылуына да жағдай жасалатынын аңғардық.
Әрине, әрбір тұлға болашақты құраушы, сондықтан олардың өз заманына лайық білім мен тәрбие алып, сұранысқа ие мамандықты меңгергені маңызды. Үйренген кәсібімен елінің дамуына еңбек етіп, өзі де табыс тапса – мемлекет үшін де, мемлекетті құраушы отбасы үшін де үлкен олжа.
Қамар ҚАРАСАЕВА