Аймақ

Көшелеріне көңіл бөлінбеген аудан

«Жол мұраты – жету» демекші, кез келген жолаушы өзінің діттеген бағытына, бет алған мекенжайына қиналмай, жылдам жеткісі келеді. Дегенмен, кей жағдайда мұның өзі мүмкін болмай тұр. Бұл мақаланы жазуымызға Шу ауданына сапарымыздағы келеңсіз жағдайлар әсер етті.

Шу қаласындағы теміржол вокзалының алдынан түсіп қалған соң, Төле би ауылына бару үшін тағы такси қызметіне жүгінуге тура келеді. Түскеніміз сол екен, жігіт ағасы бізді бірден көлігіне сүйреп ала жөнелді. Уақыт кештеу болып қалған соң ба, бағаны да әдеттегіден қымбат айтты. Амалымыз қанша, көндік. Сөйтсек, Батыс облыстардың бірінен келген жасы жетпіске жақындаған ақсақал да қосағымен бірге біз мінген таксиге жайғасыпты. Шу қаласының аумағы салыстырмалы түрде алғанда үлкен. Түн ішінде айтылған мекенжайды дәл тауып бару да қиын. Ол жағын түсінуге болады. Дегенмен, әлгі екі кісінің айтқан мекенжайын дәл тауып апара алмай, такси жүргізуші отыз минут бойы Шу қаласын шыр айналды. Тіпті, сырт облыстан келген ақсақал да әр көшеде кездескендерден: «Қарағым, мынау қандай көше?» деп сұрайды. Такси жүргізуші шамалап сол маңайға барып тұр. Бірақ, дәл мекенжайды таба алмағаны қинады. Бұрынғы «Щорс» көшесі дейді, қазіргі атауы қазақша. Қазақша болғаны жақсы, әрине. Бірақ, әр көшенің әр үйінде мекенжай тайға таңба басқандай көрсетіліп тұрса, іздеген жолаушыларға да жеңіл болар еді. Әйтеуір, әлгі мекенжайдағы үй иесімен хабарласып жатып, пәлен деген дүкеннен оңға бұрыласың деп жатып, сырт облыстан келген қонақтарды діттеген жеріне жеткіздік-ау.

Содан аудан орталығы Төле би ауылына кіріп, біз баратын үйді іздеген кезде де үш-төрт көшені аралап, бірқатарын кесіп өттік. Байқағаным, көпшілігінде әр үйдің нөмірін, мекенжайын көрсететін тақтайша ілінбеген. Төле би ауылының көшелерінде де түнде жүру, мекенжай іздеу қиын екен-ау деген ойға қалдық. Жаяу жүретін кісілер бар, діттеген мекенжайыңа сандалмай, бірден барғанға не жетсін!

Осы мәселе бойынша бірқатар жауапты азаматтарға хабарласқан едік. Шу қаласының әкімі Елдос Нұралиев те біздің сауалымызға жауап берді. «Мен осы қызметке былтыр мамыр айында келдім. Әрине, ондай мәселе бар екенін жоққа шығармаймыз. Бірақ, келе сала іске кіріскенбіз. Былтыр 3250 жеке үйге тақтайша орнаттық. Одан бөлек, 60 көшенің кіреберісіне үлкен белгі тақтайша іліп, жаздырдық.

Биыл бұл бағытқа тағы да көлемді қаражат қойылып отыр. Бұйырса, 4 мың үйдің нөмірі жаңаланып, ілінетін болады. Жалпы, Шу қаласы бойынша 313 көше, 9400 аула бар. Биыл жыл соңына дейін баршасына үйдің атауы мен нөмірі көрсетілген анықтама орнатамыз», деді ол. Ал, Төле би ауылдық округінің әкімі Арнұр Рахымқұлов болса «Дәл осы бағытқа бізде қазынадан қаражат қарастырылмаған. Бірақ, біз ішкі үнемделген қаражат есебінен әр көшенің кіреберісіне көше атауларын анықтап жазып қоюды жоспарлап отырмыз. Мүмкіндік болса, үйлердің де тұсына көше атауы мен үй нөмірін ілгіміз келеді. Бәрі қаражатқа тіреледі. Негізі, үй нөмірін орнату әр үйдің иелерінің міндеті. Біз түсіндіріп айтып жатырмыз. Оң өзгеріс болатын шығар. Жалпы, ауылдық округте 92 көше, 4260 аула бар. Оның баршасын жергілікті қазынадан қамтып шығу мүмкін емес», – дейді.

Шу ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ономостика мәселелері бойынша бас маманы Дәулет Абдалиев те пікірімен бөлісті. «Бұл мәселе өзекті, үнемі назарымызда. Аудан бойынша 638 көше, 21169 үй бар. Биыл барлық көшелерге жаңа үлгіде анықтама тақтайшаларын қоюға қаражат бөлініп, тапсырма алып отырмыз. Жаңа үлгідегі анықтама тақтайшалардың жанына Q-код белгісі қойылады. Келген кісі сол Q-код арқылы барлық мәліметтерді біліп, таныса алады. Биыл осындай жұмыстарды бастауды жоспарлап отырмыз», – деді ол.

Жауаптылар айтса, мәселенің бәрі оңынан шешіліп қойғандай әсер қалдырады. Дегенмен, Шу қаласы мен Төле би ауылының көшелерінен адасып жүрген жолаушылар аз емес. Жауапты азаматтар жұмыстардың қолға алынып жатқанын айтты. Тіпті, биыл бірталай көшенің тұрғындары игілікке кенелетін секілді. Бұйырса, бұл шаруа келесі жылға дейін шешілсе де, алыс емес. Одан соң аудан және округ әкімдігі орналасқан басты көшеде сыртында «Жастар» кафесі деп жазылған нысан тұр. Сол нысанның терезелерінен сау тамтық жоқ, қирап біткен. Ауданның басты көшесінде осындай қираған ғимараттар тұрғаны қаншалықты дұрыс? Т.Рысқұлов көшесі мен Төле би көшесінің қиылысындағы бірінші үй талқандалып кеткен екен. Бәлкім, ол аумақта жаңа құрылыс жүретін шығар. Бірақ, талап бойынша құрылыс нысандары әуелі қоршалуы керек. Шу ауданының орталығындағы осындай көріністер біздің көңілімізге жайсыз әсер етті. Бәлкім, жауаптылар бір жағына шығарар деген үміттеміз.

 

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы