Жаңалықтар

Ұлы Жеңіс ұлағаты

Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Өңірде отты жылдардың ұшқынын маздатқан атаулы датаға орай іс-шаралар легі басталды. Жеңіс саябағындағы «Даңқ» залында Қазақстан Халық партиясының ұйымдастыруымен «Ұлы Жеңіске тағзым» атты мерекелік іс-шара өтті.

Аталған жиын аймақтағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өтетін жиындар мен түрлі іс-шаралар науқанының бастамасы ретінде ұйымдастырылды. Іс-шараға облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, тыл ардагерлері, қоғам белсенділері мен жастар қатысты. Жиын басталмас бұрын көпшілік назарына сұм соғыстың сұмдығы баяндалған бейнеролик көрсетілді.

Өз сөзінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев іс-шараға қатысқан жастарға атаулы күннің мән-маңызын түсіндірді.

Ардагерлердің есімі ардақталған іс-шараға Ұлы Отан соғысының өңірдегі көзі тірі санаулы куәгерлері Иван Макеев, Григорий Нещеретнев, Виктор Шмидт, тыл ардагерлері Ильяш Абитбеков, Рабиға Даулбаевалар қатысты. Сонымен қатар, «Қазақстан Халық партиясы» облыстық филиалының төрағасы Жанат Бастаубаева да сөз алып, ардагерлерге алғысын білдірді. Одан кейін ұрыс даласында шейіт кеткен боздақтардың рухына тағзым ету үшін бір минут үнсіздік жарияланды. Іс-шара барысында соғыс жылдарында сарбаздардың рухын көтерген «Катюша», «Журавли» сияқты әндер шырқалды.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ