Заң талабы көпке ортақ
Облыстық прокуратураның ұйымдастыруымен М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің мәжіліс залында «Бизнесті қорғау» форумы өтті. Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, жергілікті мемлекеттік орган өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты. Онда аймақтағы шағын және орта бизнесті қорғау, инвесторлардың мәселелерін шешу, заңсыз тексерулер мен заңбұзушылықтардың алдын алу бойынша мәселелер қаралып, талқыға салынды. Сондай-ақ, облыс бойынша бүгінге дейін атқарылған жұмыс нәтижелері талқыланды.
Форумды ашып, жүргізген облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров Мемлекет басшысының кәсіпкерлік саласындағы заңдылықты қамтамасыз етуде прокурорлардың рөлінің ерекше екенін атап өтті. «Бүгін біз аймақтағы шағын және орта бизнес өкілдерін заңсыз жүргізілген тексерулердің жолын кесуден бастап, әкімшілік кедергілерді қысқартуға дейінгі кешенді прокурорлық қорғауды жүргізіп келеміз. Бүгінгі форумның мақсаты – кәсіпкерлерге жасалатын заңсыздықтарға жол бермеу, құқықтық тәртіпті қалыптастырып, заңсыз әрекеттердің алдын алу», – деді. Өз сөзінде прокурордың аға көмекшісі Абай Алтаев прокуратура органдарының бизнесті қорғау және инвесторлардың мәселелері бойынша атқарылған жұмыстары туралы баяндады.
Бұдан кейін сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев бизнесте кездесетін бірқатар мәселелерді сөз етсе, облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек өңірде инвесторларды қолдау бойынша жергілікті атқарушы органдар жұмысының нәтижесімен таныстырды.
Келесі кезек форумның сұрақ-жауап бөліміне ойысты. Бұл кезеңде жиынға қатысқан кәсіпкерлер өздерінің жұмыс барысында кездескен мәселелерімен бөлісіп, ашық пікір алмасты.
Өз сөзінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысы Жолдауында тапсырғандай, облыста шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жақсы көңіл бөлініп, инвесторларға қажетті қолдаулар көрсетіліп отырғанын айтып, алдағы уақытта атқарылатын инвестициялық жобалардың барысымен таныстырды.
Форумды облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров қорытындылады. «Бүгін форумда ашық әңгіме болды. Мемлекет басшысының алдымызға қойып отырған заң талабы бәрімізге бірдей. Ол мемлекеттік қызметкер болсын, кәсіпкер болсын, бәрі заң талабы бойынша болуы тиіс. Біз елдің Ата Заңына бағынып, соның тәртібіне қарай бейімделіп, жұмысымызды заңнан аттамай атқаруға тиіспіз», – деді Нұрғалым Әбдіров.
Марат ҚҰЛИБАЕВ