Әдебиет

«1984» – Тоталитаризмге қарсы бұлқыныс

1948 жылдың күзінде Джордж Оруэлл Джура аралындағы үйінде жападан жалғыз қалуға мәжбүр болады. Оның күнделігі «өзімді нашар сезінемін», «өте нашар халдемін, температура әр кеш сайын 38 градусқа дейін көтеріледі», «теңіз тыныш, бірақ өз жаным қатты қысылып жатыр» деген сияқты жанын әбден азаптаған дерт жайлы жазбаларға толы еді.

Туберкулез көп жылдан бері Оруэллдің тәніне кенедей жабысып, оны түбі мерт қылуға таяп қалған. Ол романын аяқтай алмай қалудан қатты қорықты. Себебі, бұл оның өміріндегі ең маңызды шығарма болатын. Бағына орай бойындағы аз ғана қуаты жерге қаратпай, өзінің ұлы шығармасын қағазға толық түсіріп үлгереді. 1949 жылы «1984» жарық көрді. Автор дүние салды, бірақ еңбегінің әлемдік даңққа бөленген алғашқы жұлдызды сәттеріне куә болып үлгерді. Шығарманың таралымы бірінші жылы-ақ жарты миллионнан асып жығылған еді.

Джордж Оруэллдің жазушылық сапары (1903-1950) қым-қиғаш. Оның шын аты – Эрик Артур Блэр. Мемлекеттік қызметкердің баласы, Британдық Үндістанда дүниеге келген. Ата-анасы оның жазушылық мансабына үзілді-кесілді қарсы болды. Алайда, жас кезінен Оруэлл өз бойындағы екі негізгі қасиетті: әділдік сезімі мен әдебиетке деген құштарлықты үнемі қайрап отырды. Ең алғашқы «Бирмедегі күндер» романы (1934) арқылы ол отаршылдықты өткір сынайды. Шығармадағы мәселені өзі 1920 жылдары Бирмеде британдық полиция қызметкері болып жүргенде бастан өткерген.

1930 жылдары саясат оның негізгі кәсібіне айналды. Оруэлл Испаниядағы азамат соғысы туралы көп жазды. Жұмысшы таптарының өмірі, Лондондағы панасыздар үйі, коммунистер мен Кеңес Одағы, фашизм жайлы зерттеу жүргізуден именген жоқ. Оның шығармаларында ортақ бір идея болды. Ол – еркіндік еді. Өзін «демократиялық социалист» деп атаған Оруэлл барлық еркіндік пен адам құқығын шектейтін режимдерді қатаң сынады. 1930 жылдардың соңында ол сталиндік тоталитаризмнің фашизмнен еш айырмасы жоқ екенін, Кеңес Одағының құрылысының социализм емес, мүлде басқа жүйе екеніне көз жеткізді.

Оруэллге тоталитарлық қоғам туралы шындықты бірнеше адам жеткізген болатын. Әсіресе Кеңес Одағы туралы жазылған мақалалар оның әуелгі пайымының өзгеруіне қатты әсер етті. Мұндай ауыр да күрделі шындықты баяндайтын зерттеулер ол кезеңде өте сирек болатын. Лион Фейхтвангер немесе Уолтер Дюранти сияқты репортерлар сталиндік экономика мен социалистік жетістіктер туралы түбін түсіре мақтап жазғанымен, өзге авторлар Кеңес Одағының қараңғы жағын да әлемге таныта білді. Олардың жазбалары Оруэллге тоталитарлық қоғамды түсінуге айрықша көмектесті. Әсіресе Юджин Лайонс (Евгений Привин) мен Гарет Джонстың әсері зор болды.

Біріншісі – орыс эмигранттарының ұлы, журналист, бірнеше жыл Мәскеуде тілші болып жұмыс істегеннен кейін «Утопияға сапар» кітабын жарыққа шығарған Лайонс. 1938 жылы Лайонстың кітабына жазған рецензиясында Оруэлл: «Мистер Лайонстың сипаттаған жүйесі, әрине, фашизмнен көп айырмашылығы жоқ сияқты. Шын мәнінде барлық билік екі-үш миллион адамның қолында шоғырланған, қалалық пролетариат тіпті ереуіл өткізу сияқты ең қарапайым құқықтан да айырылған. Барлық жерде адамдар қуғын-сүргіннен қорқып өмір сүреді, сөз бен баспасөз еркіндігі біз ойлағаннан да ауыр қысымға ұшыраған. Ұдайы толқын-толқын террор жүріп өтеді. Сонымен бірге, Сталиннің көрінбейтін бейнесі мақталып, оның есімі Неронды да ұялтатын сөздермен әспеттеледі» деп жазады.

Екіншісі, Джонс – журналист әрі фотограф, 1933 жылы КСРО-ға барып, Иосиф Сталиннен сұхбат алуды жоспарлаған. Сұхбат жүзеге аспайды, бірақ ол Мәскеуде жүріп Украинадағы аштық туралы қауесеттерді тексеру үшін сол жаққа баруға рұқсат алады. Сапар барысында Джонс бақуатты үкіметтік вагоннан қашып шығып, сұрықсыз көріністің куәгері болады. Даланы аштық жайлаған, көшелерде адамдардың өлекселері, каннибализм өршіген, сөйте тұра колхоздар мемлекетке астық тапсырып жатыр. Елге оралған соң Джонс әлемге аштық туралы ақпаратты әшкере етеді. Бірақ Кеңес Одағы оның беделін түсіруге барын салып, аштықты жасыруға тырысып бағады. Бұл жағдай Оруэллдің «Мал қора» повесіне арқау болады.

Кеңес Одағының мысалында Оруэлл революция мен социализм идеяларының қалай сатылып, бұрмаланып, жеке адамды құлдыққа түсіруге қолданылатынын көрді. Тиранияны құлатуға жасалған әрекет жаңа, одан да сұмдық тиранияның орнауына әкелді, «жексұрын қасапшы» деп аталған Сталиннің сұм билігі салтанат құрды. Оруэлл: «1930 жылдан бастап мен Кеңес Одағында социализмнің шынайы мағынасында дамып жатқандығынан ешқандай белгі көрмедім. Керісінше, барлық белгілер елдің иерархиялық қоғамға айналып бара жатқаны туралы хабар береді», – деп жазды.

Оруэлл өзінің антиутопиялық шығармаларын адамзатты адам ең жоғары құндылық ретінде бағаланбайтын, ашкөз билікке оңай орын беретін тоталитарлық қоғамнан сақтандыру мақсатында жазған еді. 1940 жылдары ол антиутопиялық гиперболаның оқырман мен қоғамда деректі проза мен публицистикадан әлдеқайда әсерлі әрі нәтижелі болатынын түсінді.

1945 жылы Оруэлл өзінің алғашқы антиутопиясы – «Мал қораны» қағазға түсіреді. Бұл шығармада Ленин, Сталин, Троцкий мен басқа орыс революционерлерінің тарихы ағылшындық провинциялық ферманың жануарлар көтерілісі арқылы баяндалады. Зұлым фермадан азат болғаннан кейін, барлық жерде әлдеқайда қорқынышты диктатура орнағанын, қабанның билігі мен жалпы бақытсыздықты көреміз. Күтпеген табысқа жеткен бұл кітап Оруэллді әлемге танытты. Әрине, Кеңес Одағында және басқа да елдерде «Мал қораны» таратуға бірден тыйым салынды. Автордың метафоралары мен меңзеулері көрінер көзге анық көрініп тұрды. Оны тіпті пионерлердің өзі түсініп қояр еді. Оруэлл большевиктерді «жануарлар» деп атап, олардың көсемдерін «шошқа» деп салыстырғаны үшін бұл повесть Кеңес Одағында «автордың ең жиіркенішті кітабы» деп сыналды.

Оруэлл өзінің екінші антиутопиясын және өміріндегі басты еңбегі – «1984» романын өмірден озбай тұрып, екі жыл бұрын, 1948 жылы жазып, келесі жылы жариялады. Ол бұл кітапқа біраз жылын сарп етті. Бұл шығарма «Мал қорасын» жарыққа шығарғанға дейін кірісіп кеткен болатын. «1984» романында Оруэлл үздіксіз соғысып жатқан әлемді бейнелейді. Мұнда әрбір адам бақылауда, пропаганда, күмән, цензура және «Үлкен ағайдың» үздіксіз қадағалауы үстемдік етеді. Бұл әлемде көпшілік өздерінің құл екендігінен тіпті бейхабар. Мемлекет тарапынан соншалықты жетілген әрі толыққанды манипуляция жүріп жатыр. Адамдар тіпті ойланудан қорқады, «Ой полициясынан» жандары түршігеді. Бұл полиция идеологияны қорғау үшін тікесінен тік тұрады. Партияның билігі мықты болғаны сонша, «1984» кейіпкерлері «Соғыс – бейбітшілік», «Еркіндік – құлдық» сынды абсурд ұрандармен өмір сүруге дайын. Көптеген антиутопиялық шығармалардан айырмашылығы, «1984» өзінің кейіпкерлеріне ешқандай мүмкіндік бермейді. Олар мемлекетпен күресе алмайды, одан қашып кете алмайды. Оқиға шын мәнінде антиутопия болып аяқталады. «Мал қора» сияқты, мұнда да ізгі ниеттегі еркіндік туралы ойлар үлкен катастрофаға душар еткізеді. «1984»-тің антиутопиялық әлемі ізгі идея негізінде құрылған. Яғни, қоғам қауіпсіздікке ұмтылады. Бірақ қауіпсіздік үшін мемлекет адамнан барлық нәрсені тартып алады да, оны құлға айналдырады.

«1984» романы Кеңес Одағының құрылысынан көп әсер алғанымен, бұл кітап Оруэллдің тоталитаризм тақырыбын тереңірек зерттеуінің нәтижесінде жазылған. Антиутопиялық әлем фашистік мемлекеттердің және нацистік Үшінші Рейх билігінің сұм әрекеттерін де қамтиды. Сонымен қатар, «Мал қора» мен «1984»-тің оқиғалары Англияда өрбитінін атап өту де маңызды. Оруэлл осылайша «ағылшын тілінде сөйлейтін халықтардың басқа халықтардан айырмашылығы шамалы» екенін және олар да тоталитаризм құрбаны бола алатынын анық көрсетеді.

Қырғи-қабақ соғыс кезеңімен тұспа-тұс келгендіктен, Оруэллдің кітабы тек бестселлерге айналып қана қойған жоқ, сонымен бірге «антикоммунизмнің Інжіліне» айналды. Ол әлемнің барлық континенттерінде, 60 тілде миллиондаған данамен сатылды. Еркіндігі шектелген жабық елдердегі оқырмандар романдағы кейіпкерлерден өздерін таныды. Мысалы, Кеңес Одағында «1984» 1960-жылдардан бастап самиздат арқылы жасырын түрде тарады. Ал, демократия салтанат құрған мемлекеттердегі оқырмандар диктатурада өмір сүргендердің не сезінгенін түсінуге тырысты.

Оруэллдің антиутопиясы әлемдік мәдениет пен БАҚ-қа да әсер етті. Тоталитаризм туралы сөйлегенде біз Оруэлл ойлап тапқан метафоралар мен тіркестерді көп қолданамыз. Олар: «Үлкен Ағай», «Ой полициясы», «Шындық министрлігі», «ой қылмысы», тағысын тағы… Бүгінде Оруэллдің есімі Олдос Хаксли («Жаңа ғажап әлем») мен Евгений Замятин («Біз») секілді жазушылармен қатар аталады. Ол тоталитаризмнің зұлымдық екенін өз шығармашылығы арқылы жүздеген миллион адамға түсіндіре алған нағыз қайраткер тұлғаға айналды. Тоқетерінде айтпағымыз, Оруэллдің шығармалары – адамзатты бүгінгі күнге дейін түрлі қатерден аластап келе жатқан ескерту іспетті.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ