Әлеумет

Ер жақсылығын ел ұмытпайдды

Жарты ғасырдан астам уақытта ауданымызға бірнеше басшылар тағайындалып, халық игілігіне жұмыс атқарды. Аудан халқы ел қамын ойлаған басшыларының жақсы істерін ешқашан ұмытпайды.

Осындай бірқатар бастамалар Өмен Қырғызбаев аудан басшысы болып тұрғанда көптеп іске асты. Оның тындырымды тірлігінің жемісін жергілікті жұрт Жамбыл ұжымшарына басшы болып келгенде де көрді. Сол жылдары 250-ден астам тұрғыны бар Жамбыл ұжымшарының Жамбыл бөлімшесінде инженерлік инфрақұрылым айтарлықтай төмен дәрежеде еді. Елді мекенге асфальт жол төселмеген, ауыз су мен табиғи газ жүргізілмеген болатын. Ал, елді мекенде 4 сыныптық мектеп қана болғандықтан, ауыл балалары шалғайға сабылатын. Алайда, сол уақытта ұжымшардың құрамындағы 35 мың бас қойдың тең жартысын Жамбыл бөлімшесінің тұрғындары бағатын.

Бұл мәселе тек Өмен Қырғызбаевтың ұмымшарға басшы болып келген тұсында назарға іліне бастады. Аймақтағы ахуалмен жіті танысқан жаңа басшы аталған мәселелер оңтайлы шешімін табатындығына сендіріп, уәдесін берді. Бұл бағыттағы жұмыстар басталмай жатып көп ұзамай ұжымшар басшысы аудан басшысы болып тағайындалды. Енді көпті алаңдатқан мәселелер аудандық деңгейде қаралды. Халыққа берген уәдесін ұмытпаған ауданның бірінші басшысы елді мекенге жаңа асфальт жол салып, таза ауыз су шығару үшін аудандық және облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлгізіп, жұмыстарды бастап кетті. Алайда, әр істің өз қиындығы болатындай, бұл жұмыстың өз кедергісі табылды. Ауыз суды шығару кезінде табылған су ішуге жарамсыз болып, бұдан да терең қазу қажеттілігі туындады. Бұл қосымша қаражат пен қыруар жұмысты қажет ететін еді. Сол үшін арнайы қосымша қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары таза ауыз су табылғанша жалғасты. Нәтижесінде көп ұзамай жергілікті жұртшылық таза тіршілік нәріне қанықты. Бұдан бөлек, ол мектеп мәселесін де назардан тыс қалдырмай, екі қабатты 10 сыныптық білім ордасын салып берді. Мектептің салынуына ауыл тұрғыны Құралбай Әмірәлиев пен сол кездегі бастауыш мектептің директоры Әшіркүл Қасымованың да септігі тиді. Олар Білім министрлігіне арнайы хат жолдап, түйткілдің тез шешімін табуына себепкер болды. Нәтижесінде, автобуспен орталыққа сабылған оқушылардың мәселесі оң шешімін тапты.

Ауданның дамуы мен өркендеу жолында аянбай еңбек етіп, халық ықыласына бөленіп, батасын алған Өмен Қырғызбаевтай азаматтың жақсылығын аудан халқы ұмытпақ емес.

 

Әшен ҚЫРҒАБАҚОВ,

еңбек ардагері.

Меркі ауданы