Әлеумет

Зағип жандарды жан-жақты дамытуды көздейді

Елімізде әлеуметтік осал топтарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау қашанда кеміген емес. Мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлықпен қоса қоғамдық ұйымдар да түрлі бағытта қолдау шараларын жүзеге асырып келеді. Осындай бағыттағы Қазақстан соқырлар одағы да зағип жандарды күйзеліске түспей, рухын көтеріп, бойындағы қабілетін шыңдап, еңбекке араласуына жәрдемдесіп отыр.

Одақтың Жамбыл облысы бойынша төрайымы Гүлнұр Нұрмашованың айтуынша, бұл ұйымға жалпы облыс бойынша 339 адам, ал Тараз қаласынан 280 зағип жан тіркелген. Аудандарда да одақтың өкілдері көзі көрмейтін кісілердің қоғамнан бөлінбей, жасына лайық білім алып, түрлі өнермен шұғылданып, еңбекке араласуына қолдау көрсетіп жүр.

Өткен жылы облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп «Қол арқылы сезіну» атты әлеуметтік жобасын жүзеге асырған. Аталған жоба аясында одақта психолог, заңгер, тифло техниканы үйрететін педагог қызмет көрсеткен. Сонымен қатар, брайль қарпімен оқыту жүргізілген. Шахмат, шашка ойындарын үйрету сабақтары да өткізіліпті.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА