Құқық

Сотқар бала қайдан шығады?

Жыл өткен сайын елімізде жасөспірімдер қылмысы көбейіп бара жатқаны алаңдатпай қоймайды. Дерекке сүйенсек, кәмелетке толмағандардың қатысуымен жыл сайын орта есеппен 145 мыңнан астам заңбұзушылық тіркеледі екен. Оның үстіне, бозбала мен бойжеткендер арасындағы теріс қылықтың көбі ұрып-соғу, ұрлық және өз-өзіне қол салу сияқты фактілерден тұрады. Ең сорақысы, жыл сайын заң талабымен жазаланатын жасөспірімнің кемінде біреуі бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу үшін жабық мекемелерге жіберіледі. Айталық, жуырда ғана 8-сыныптың оқушысын ұрып өлтірген үш бозбала сотталды. Оқиға Байзақ ауданына қарасты Құмжота ауылындағы Алтынсарин мектебінде болған. 14 жастағы Мирас Мәлікке жоғары сынып оқушылары даладағы әжетханада әлімжеттік жасаған. Бірер күн бұрын күдікті деп танылған үш жасөспірімге сот үкімі шықты. Біреуіне ауырлығы орташа санаттағы қылмыс жасағаны үшін айып тағылғандықтан, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. «Екі сотталушыға қатысты 293-баптың 2 бөлігі, 1-тармағымен және 106-баптың 3-бөлігімен сондай-ақ екеуінің біреуіне айдап салушы ретінде 28-баптың 4-бөлімі қосымша тағайындалған болатын. Түпкілікті 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – дейді облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Гүлмира Әлімқұлова.

Жауапсыз ата-аналар жазасыз қалмайды

Жалпы, жасөспірімдерді қылмысқа не итермелейді? Олардың мұндай жолға түсуінің себебі неде? Біраз уақыт бұрын Ішкі істер министрлігінде қоғамдық кеңес өтіп, жиында кеңес төрағасы Рақым Ошақбаев, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы, кеңес мүшесі Баян Жұмашқызы мен Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Әсет Оспанов кәмелет жасына толмағандар арасында белең алған суицидтің алдын алу жұмыстарын жетілдіру қажет екенін алға тартты. Бұдан бөлек, спикерлер балалар арасында жағымсыз іс-әрекеттерді болдырмау үшін мемлекет пен қоғамның барлық қолда бар ресурстарын кешенді түрде жұмылдыру қажет екенін атап өтті.

– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықпен тиімді күресу үшін балаларды қорғау мекемелерін, медицина қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдарды және басқа да профилактикалық субъектілерді тарта отырып, кешенді тәсілді қалыптастыру қажет. Жауапсыз ата- аналарға жаза күшейтіледі. Былтыр жыл басынан бері балалардың түнгі уақытта көшеде қараусыз жүргені үшін 28 мыңнан астам ата-ана жауапкершілікке тартылды. Ал, бала тәрбиесіне қатысты өз міндеттерін орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған ата- аналардың саны 3 есе артты. Яғни, бұл тізім 7-ден 23-ке дейін өсті, – деді Әсет Оспанов.

Мектеп басшылығы қылмысты жасыруға неге құмар?

Естеріңізде болса, 2023 жылдан бастап әрбір білім беру мекемесіне барлығы 6,6 мың ювеналды полиция қызметкері, учаскелік инспектор мен жедел уәкіл бөлінді. Әйтсе де, жасөспірімдер арасында анықталған бопсалау дерегі бәсеңдемеген. Нақтылай түссек, өткен жылы нақ осы заң бұзушылық дерегі 11-ден 19-ға дейін ұлғайған. Сондай-ақ, мектептерде қоғамға жат әрекеттерге бейім бейресми 1,5 мың топ басшы бар екені анықталған. Тоқтала кететін бір жайт, Ішкі істер министрлігі балалар мен жасөспірімдерге қатысты заңнамаларды күшейту бойынша жұмыстарды белсенді жүргізуде. Соның бір дәлелі – ұлу жылында қоғамның өтініші ескеріліп, былтырғы жылдың 15 сәуірінде балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген нысандары үшін жауапкершілікті қатайтатын заңнамалық түзетулердің қабылдануы. Жаңа заңнамалық түзетулерде балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасағаны үшін татуласу мүмкіндігі жоқ. Ендігі кезекте кәмелетке толмағандарды суицидке итермелегендер мен жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткендер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оларды өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген.

Өкінішке қарай, білім ұясындағы құқыққа қайшы талай жағдайларға қанық кейбір мектеп басшылығының алдын ала тиісті шара қабылдамайтыны шындық. Оның үстіне, кейбір мектеп директорлары мұндайды жария етпеуге барын салады. Бұған дейін аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен алқа отырысында облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы осылай деген еді. Оның айтуынша, өңірде жас өскіннің бүршік жармай жатып қылмысқа баруы жиілей түскен. Ведомство өкілі Т.Рысқұлов, Сарысу, Байзақ және Меркі аудандарында кәмелетке толмағандардың қатысуымен ауыр және аса ауыр қылмыстардың болуы орны толмас қайғылы жағдайларға алып келгенін ашық айтып, облыс прокуратурасының алқа мәжілісінің шешімімен құрылған арнайы топ кәмелетке толмағандардың құқыққа қайшы мінез-құлқына қатысты бірқатар бұзушылықтарды анықтағанын атап өтті.

– Бұл күнде аумақтық комиссиялардың қызметі формалды сипатқа ие. Мысалы, комиссия жұмысы Т.Рысқұлов, Сарысу мен Байзақ аудандарында еңбек өтілдері бір жылға да толмаған аудан әкімі аппаратының мамандарына қосымша жүктеме ретінде бекітілген. Аталған мән-жайлар осы аудандарда кәмелетке толмағандармен жұмыс екінші жоспарда екенін растайды. Сонымен қатар, комиссиялардың шешімі өз деңгейінде орындалмайды. Комиссия төрағаларының тарапынан қандай да бір бақылау жоқ. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекция қызметінің талдау нәтижелері комиссия жұмысының тиімділігі шамалы екенін көрсетті. Нәтижесінде жасөспірімдер арасында қылмыс деңгейінің күрт өсуі байқалды. Профилактикалық жұмыстардың әлсіз жүргізілуіне мектептерде инспекторлардың жоқтығы да кері әсерін тигізуде. Бірнеше мектепке бекітілген инспектор барлық оқу ошағындағы жағдайдан бейхабар күйде болады, – деген еді Нұрбек Ұласбекұлы.

«Бестеректің» берері мол

Өңірімізде былтырдан бері «Бестерек» жобасы іске қосылды. Мақсат – жеткіншектер арасындағы жанжалдарды жою. Бүгінде осынау жоба шеңберінде құзырлы органдар мен білім беру мекемелері тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, туындаған мәселелерді шешуде тың тәсілдерді қолдануда. Соның нәтижесінде аудандарда еш себепсіз сабаққа бармауды әдетке айналдырған оқушылар анықталған. Айта кетейік, бүгінгі таңда облыста кәмелетке толмаған 245 бала тәрбиеленіп отырған 120 жайсыз отбасы бар. Ең сорақысы, мектеп жасындағы балалар тұратын дәл осы жайсыз отбасыларға қатысты істер тек қағаз жүзінде жүргізіліп келеді. Мәселен, қолданыстағы заңда көрсетілген медициналық әлеуметтік есепке алу қызметінің арнайы базасы жоқ.

Кемшілікті қалай жоямыз?

Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, психолог Айсұлу Тасымованың айтуынша, бала тағдырына жауапты кейбір ата-аналардың салғырттығы жасөспірімдер қылмысына «жол» ашуда. Ол сөзінде ата-аналардың көпшілігі жұмыс бастылық салдарынан балаларына көңіл бөлуге мүмкіндігі жоқ екенін айтты. «Қылмысқа баратын жасөспірімдер – отбасының жағдайы нашар, тәрбие көрмеген, жүгенсіз кеткен балалар. Әр балаға әке-шешесі тиісті дәрежеде көңіл бөлсе, балалар тарапынан орын алатын қылмыстық істердің алдын алуға болады. Өйткені, отбасындағы келеңсіз жағдайлар балаға теріс әсерін тигізбей қоймайды. Әсіресе, маскүнемдікке салынып кеткен отбасының баласы қандай өмірге тап болатынын елестетудің өзі қиын», – дейді маман.

Ал, психология ғылымдарының докторы Балабек Сақтағанов жасөспірімдердің құқықбұзушылыққа жиі баруының түрлі себебі бар екенін айтады. Мәселен, психологиялық тұрғыдан алғанда жасөспірімдердің қылмысқа баруына итермелейтін негізгі себептер отбасылық қарым-қатынастың әлсіреуіне байланысты. Сондай- ақ, баласының қандай нәрсемен айналысып жүргенін бақылай алмау, жасөспірімдердің кімдермен дос болып жүргенін білмеу де әсер етеді. Жасөспірімдердегі әлеуметтік өмір туралы ақпараттың қолжетімсіздігі, жас ерекшелігіне байланысты орын алатын өзгерістердің де ықпалы бар. Кез келген нәрсеге сеніп қалу, еліктеу қасиетінің жоғарылауы, жеткіншектік негативизм, өмірлік құндылықтардың әлі толық қалыптаспауы жастардың бойынан табылады. «Ата-аналардың баласына қажетті зияткерлік және адамгершілік тәрбиені бере алмауы да үлкен рөл ойнайды. Тәрбие беруге ата-аналардың білімі мен дүниетанымының жетіспеуі. Осы мәселелер жасөспірімдердің қылмысқа баруын жиілете түседі», – дейді психолог.

Қорыта айтқанда, жасөспірімдер қылмысы көбеймесе, азаяр түрі көрінбейді. Бұл мәселенің оңтайлы шешімін табу, шалыс басқан жастарды түзу жолға салу – барша қоғамның міндеті. Ендеше, оғландарымызды қате қадам жасаудан сақтандыруға құқық қорғау органдары ғана емес, әрбір азамат жауапты болуға тиіс. Сонда ғана сотқар балалардың азаюына ықпал ете аламыз.

 

Есен ӨТЕУЛІ