Аймақ

Атадан балаға аманат болған алып комбайн

Қазақстан халқына кезекті Жолдауында ел Президенті адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы қажет екенін баса айтып, 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады.

Президент бұл туралы: «Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі», – деді.

Осы мақсатта жыл бойы еліміздегі түрлі салада маңдай терімен еңбек етіп, Отанның дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды насихаттау арқылы олардың мәртебесін арттыру бағытында жұмыстар жүргізілмек. Бұл өз кезегінде адам бойындағы еңбекқорлық, кәсібилік ерекше қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойына сіңіруге сеп болмақ. Өзінің маңдай терімен талай табысқа жетіп, көптің ықыласына бөленіп жүрген азаматтардың бірі – қордайлық комбайншы Алексей Шворин.

Жастайынан жатка тазалап, комбайнды тізгіндеп өскен Алексей механизаторлар әулетінен шыққан. Алғашында атасы алып көлікті басқарып, бұл істі әкесі де жалғаған. Мектептен кейін Бетқайнар ауылындағы №7 колледжіне оқуға түсіп, біраз уақыт жол мекемесінде де жұмыс істеген ол көп ұзамай бала күнгі арманын орындауға бел буады. Осылайша, комбайнға қайта отырған Алексей бүгінде «Қақпатас-Қордай» ЖШС-нің озат комбайншысы, таптырмас қызметкері саналады.

Әр жиын-терін науқанында егінді уақытында және аз шығынмен жинап алу міндетін талай жыл мүлтіксіз орындап келе жатқан механизатор күзгі науқанды да сәтті аяқтаған. Өз еңбекқорлығы мен ісіне деген адалдығымен тек әріптестеріне ғана емес, барша жұртшылықтың ықыласына бөленген механизатор өзінің өмірлік жолы арқылы көпке үлгі болып келеді.

Айта кетейік, жалпы елімізде бүгінде 2 миллион 300 мың адам 2 мыңнан астам жұмысшы мамандықтары бойынша еңбек етуде. Қазіргі таңда жұмыс істеп жатқан қазақстандықтардың 52 пайызы кәсіби немесе техникалық білім алғандар және осы саладағы мамандарға сұраныс біздің елде жыл сайын артып келеді екен. Мәселен былтырғы жылдың өзінде еңбек нарығында 270 мың бос жұмыс орны ұсынылған. Әсіресе жұмысшы мамандарға өндіріс орындарында, ауыл шаруашылығы, транспорт салаларында сұраныс жоғары.

 

Нұрболат АМАНБЕК