Қордайда жаңа спорт кешені ашылды
Мемлекет басшысы Жолдауында бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығы жоғары екенін атап өткені белгілі. «Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан да ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым. Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ, болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын» деген Президент аталған салаға жергілікті билік өкілдерінің де назарын аударған еді. Міне, Қарасай батыр ауылында да Президент тапсырмасымен жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып, пайдалануға беріліп отыр.
Бұл заманауи кешен кәсіби және әуесқой спортшыларға арналған. Мұнда бірнеше спорт түрлерімен шұғылдануға барлық жағдай жасалған.
Кешеннің ашылу салтанатына ауыл тұрғындарымен қат ар аудан әкімі Бегзат Болатбеков те қатысты. Алғашқы құттықтау сөзді алған Бегзат Сейсенқұлұлы осы жерден тек ауданымыздың емес, еліміздің абыройын асқақтататын спортшылар шығатынына сенім білдірді.
Ауыл тұрғындары атынан сөз алған ауыл қариясы Құрманғазы Жетігенов жерлестерін жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, ізгі-тілегін жеткізді. Нысанның лентасы салтанатты жағдайда қиылды.
Жаңа кешен екі негізгі бөліктен тұрады. Бірінші қабатта футбол манежі, спортзалы және ауыр атлетика залы жабдықталса, екіншісінде бокс пен күре ске арна лған залдары бар. Сонымен қатар, киім ауыстыратын, жуынатын бөлмелер, жаттықтырушылар кабинеттері және медициналық көмек көрсететін орында қарастырылған. Спорт кешенінің ашылу салтанатына орай ауыл жасөспірімдері арасында шағын футболдан жолдастық кездесу өтті. Жаңа кешенге аудан әкімі футбол доптарын сыйлады.
Атап өтерлігі, бүгінгі таңда ауданда үш спорт мектебі және екі балалар мен жасөспірімдер спорт клубы жұмыс істейді. Аталған спорт мектептерінде үш жарым мыңға жуық оқушы тартылған. Ауданда жалпы 11 спорт кешені жұмыс істейді. Спорт нысандарының барлығы ауыл тұрғындарына спортпен айналысуына қолжетімді. Нәтижесінде ауданда тұрақты түрде спортпен шұғылданушылар саны 50 мың адамға жетіп отыр. Ал, Қарасайдағы жаңа спорт кешені бұл көрсеткіштің артуына септігін тигізетіні анық.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Қордай ауданы