Жаңалықтар

Есірткі таратушыларға тосқауыл қойылды

Жуырда жамбылдық полицейлер есірткі таратумен айналысқан қылмыстық топты құрықтады. Осылайша, ұзақ уақыт бойы жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде есірткі таратуға қатысы бар алты адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Жалпы, полицейлер, Ішкі істер министрлігінің профильдік Комитеті және прокуратура қызметкерлері бірлесе жүргізген ұстау операциялары мен тінту әрекеттері бір мезгілде Тараз қаласында және Жамбыл ауданының жеті нүктесіндегі мекенжайлар бойынша өткізілген. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. «Алдын ала сөз байласқан адамдар тобы ірі мөлшердегі есірткі құралдарын сату мақсатында дайындап, сақтап, тасымалдаумен айналысқан. Қазіргі уақытта оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Барлығы шамамен 1 килограмм «гашиш» есірткі заты және 4 килограмм «кептірілген марихуана» тәркіленді. Сондай-ақ, марихуананы тұтынуға арналған қолдан жасалған құрылғы (булбулятор) табылды», – делінген ақпаратта.

Еске салайық, жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Шын мәнінде, бұл – бүгінгі өмір талабымен қатаңдатылған, өте уақтылы қабылданған заң жобасы. Өйткені, «ғасыр індетінің» таралымы күннен-күнге асқынып барады.

Айта кетейік, аталған заңға депутаттар бастамашы болған еді. Онда бірқатар маңызды норма қарастырылған. Оның ішінде, есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен курьерлер функцияларын орындайтын адамдарға жаза жетілдірілген. Ал, ұйымдастырушылармен күрес күшейтіліп, бас бостандығынан айыру мерзімін өмір бойына дейін ұзарту жазасы қарастырылған. Сондай-ақ, қызмет бабын пайдаланып қылмыс жасаған лауазымды адамдарға және есірткі психотроптық заттарды, сол тектестерді заңсыз өндіргені үшін 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру не өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгілеу қарастырылған.

Рас, бұл күнде құзырлы органдар тарапынан есірткі қылмысының алдын алу бойынша көптеген шаралар жүргізіліп келеді. Біздің өңірде де есірткі қылмысын әшкерелеу, осынау індеттің жолын кесу мақсатында айтарлықтай жұмыс атқарылған. Айталық, күні кеше бір қап «марихуана» сақтаған Шу ауданының тұрғыны ұсталды. Күдіктінің жазғы ас үйінен 6 килограмм 132 грамм «кептірілген марихуана» табылды. Ал, өткен жылы Ішкі істер органдары «Дәрмек» жедел алдын алу іс-шарасын үш рет өткізіп, есірткі заттарының заңды айналымы саласында 38 қылмыстық және 633 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде, заңсыз фармацевтикалық қызметтің 46, дәрілік заттардың айналымы мен ережелердің бұзылуының 260 дерегі анықталған. Нәтижесінде 500-ден астам лауазымды тұлға, оның ішінде 226 медицина қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тексеру кезінде дәріханадан жалған рецепт алынған 2500-ге жуық «трамадол» таблеткасы тәркіленді. Атап өтейік, бұл препарат опиоидты топтағы есірткі заттарына жатады және арнайы тізімге енгізілген. Ішкі істер министрлігі дәріханалар мен фармацевтикалық компаниялардың басшыларына және қызметкерлеріне медицинада пайдаланылатын есірткі және психотроптық заттардың айналымын реттейтін заңнаманы қатаң сақтауға шақырады. Бұл саладағы құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік барын еске саламыз, – дейді Ішкі істер министрлігіне қарасты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Ал, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының тағы бір орынбасары Данияр Мейірхан Ішкі істер министрлігі былтыр «бақыланатын жеткізу» әдісін пайдалана отырып, бас-аяғы 21 іс-шара өткізгенін мәлімдеді. Нәтижесінде есірткі жеткізудің 94 ішкі арнасы анықталса, оның 55-і синтетикалық заттармен байланысты болған. Осылайша, тәртіп сақшылары 137 килограмнан астам синтетикалық есірткі және екі тонна прекурсор тәркілеген. «Бұл бағытта халықаралық ынтымақтастық маңызға ие. Қырғыз Республикасының Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, Жамбыл облысында екі сыртқы операция жүргізілді. Бұл – екі трансұлттық есірткі каналының жолын кесуге мүмкіндік берді. 16 килограмнан астам гашиш тәркіленді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», – дейді Ішкі істер министрлігіне қарасты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары.

Есірткі қылмысына қарсы күресте көлік полицейлерінің де үлесі зор. Мәселен, көліктегі полицейлер 2024 жылы есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты 400 құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде, есірткі сатудың 33, есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың 23 дерегі тіркелген. Бұдан бөлек, контрабандаға қатысты 9 факті бар. Есепті кезеңде заңсыз айналымнан жалпы салмағы 240 килограмнан асатын әртүрлі есірткі заттары тәркіленген. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда жасөспірімдер де осы бір жеңіл жолды таңдап, қылмысқа баруға үйір болуда. Мәселен, өткен жылдың жаз мезгілінде көлік полицейлері Шу қаласындағы теміржол тұйығы ауданында жүргізілген жедел- іздестіру шаралары барысында есірткі заттарын заңсыз сақтады деген күдікпен 18 жастағы әулиеаталық азаматты ұстады. Жас жігіттің тұрғылықты жерін тінту барысында жалпы салмағы 17 килограмм, 840 грамм болатын «кептірілген марихуана», өсімдік тектес заттар қалдықтары, арнайы құрал-жабдықтар, соның ішінде елек табылып, тәркіленген. Тергеу барысында анықталғандай, күдікті есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтаған. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, жас жігіт сот шешімінің негізінде айыпты деп танылды. Сот үкімімен ол 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ал, биыл жыл басынан бері есірткі қылмыстарына қатысы бар 6 жасөспірім құрықталған.

Байқағанымыздай, арамниетті қылмыскерлер өз құрықтарына жасөспірімдерді түсіру үшін барын салуда. Тіпті, қулығына құрық бойламайтын әккі қылмыскерлер есірткі тасымалдауда небір әдіс-тәсілдерді ойлап тауып жатыр. Осы ретте ұл-қыз тәрбиелеп отырған ата-аналар баласының 14 жастан бастап есірткі өткізгені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатынын ұмытпаса игі. Ең бастысы, есірткі қылмысына қарсы заңның қатаңдатылғанын естен шығармаған жөн.

 

Есен ӨТЕУЛІ