Еңбек өнімділігін арттыратын зауыт
Суармалы егіс алқаптарын жаңбырлатып және тамшылатып ылғалдандыру арқылы өнім көлемін арттыру бүгінгі басты міндеттің бірі. Осы бағытта ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған инвестициялық жобаның бірі – тамшылатып суару қондырғыларын шығару. Аталған жобаға инвестиция салған қытайлық инвесторлар Тараз қаласында тамшылатып суару жүйесін шығаратын өндірісті іске қосты.
Қытайлық «KAZ Каспий ГИДРО ауылшаруашылығы технологиясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобаға инвестор ретінде 2,8 миллиард теңге салған. Компанияның ауылшаруашылығы құбырлары мен тамшылатып суару жүйелерін өндіруде тәжірибесі мол. Бүгінгі күні цехта 30 адам жұмыс атқаруда, зауыт толық қуатына қосылғанда 60 адамды жұмыспен қамту көзделген.
Жаңа цехтың ашылуына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, зауыттың тыныс-тіршілігімен танысты. Цех жұмысымен компания басшысы Фу Бин таныстырды. Кәсіпорынды аралаған аймақ басшысы өндіріс ошағында жасалып жатқан суару жүйелері құбырларының сапасына жоғары баға берді. Бұл цехтың жылдық қуаттылығы 20 гектар алқапқа жететін суару құрылғыларын шығара алады.
Облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы зауыт басшысы Фу Бинге жұмыс сапарымен Қытай еліне барғанда үлкен жылу құбырларын шығаратын кәсіпорынның жұмысымен танысу мүмкіндігіне ие болғанын айта келіп, алдағы уақытта өңірде де сондай жылу құбырларын шығару ісін қолға алса, қолдау көрсетілетінін жеткізді. Осылайша, екі ел арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастық ұлғая түсетінін айтты. Өз кезегінде Фу Бин де айтылған мәселе жоспарда бар екенін жеткізді.
Бүгінгі таңда кәсіпорын алдағы суару маусымына қажетті жабдықтарды өткеруге толығымен дайын. Компания басшысының айтуынша, фермерлерге 6 мың гектар суару жабдықтарын үлестіру жоспарда бар екен. Тапсырыстар қазірден бастап аудандардан түсе бастапты. Сондай-ақ, ұңғымаларды бұрғылауға арналған құрал-жабдықтар да дайындалады мұнда.
Сондай-ақ, облыс әкімі зауыт басшысына өнімді сапалы етіп шығаруды әрі бағасы да тиімді болуы керектігін тапсырды және жұмысшыларды жергілікті жерден алуды міндеттеді. Суды үнемдейтін суару технологияларын егіс алқаптарына енгізу су шығынын азайтып, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттырады деген сенім мол.
Марат ҚҰЛИБАЕВ