Қоғам

Кинематографиядағы Тарантино феномені

Квентин Тарантино – ХХ және ХХІ ғасыр кинематографиясындағы ең ерекше тұлға және айрықша құбылыстардың бірі. Оның туындылары дәстүрлі кино заңдылықтарын бұзып, жаңа стиль қалыптастырды. Режиссер ретінде ол бір ғана жанр шеңберінде шектеліп қалмай, өз туындыларында әртүрлі мәдени элементтер мен кинематографиялық референцияларды біріктіреді. Оның феномені неде және ол әлемдік киноға қалай ықпал етті? Талдап көрелік.

Ең бірінші мән беретініміз ерекше стилі мен авторлық қолтаңба. Тарантиноның фильмдері көз ілеспес жылдамдықпен танылатын бірнеше элементтермен ерекшеленеді. Алғашқысы — диалогтар. Тарантиноның сценарийлері кейіпкерлер арасындағы ұзақ әрі тез жатталатын диалогтарымен танымал. Олар оқиғаның динамикасын баяулатып, көрерменге кейіпкерлердің ішкі әлемін ашуға мүмкіндік береді. Екіншісі — құрылымдық ерекшелік. Тарантиноның фильмдерінде оқиға желісі хронологиялық түрде емес, бейберекет, шашыраңқы формада баяндалады. Мысалы, «Қылмыстық шығарма» (Pulp Fiction) фильмінде оқиға бірнеше бөлімге бөлініп, әрқайсысы әртүрлі уақыт кезеңінде өрбіп жатады. Бұл тәсіл көрерменге фильмді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Үшінші өзгешелік — бейберекет зорлық-зомбылық. Оның фильмдеріндегі зорлық-зомбылық сахналары өте шынайы әрі эстетикалық тұрғыдан ерекше визуалмен ұсынылады. Бұл көріністердің артында көрерменді терең философиялық немесе эмоционалдық сұрақтарға итермелеу мақсаты жатыр. Тарантино осындай тың тәсілдер арқылы әлемдік киноға ерекше әсер етті деуге болады.

Сондай-ақ, ол постмодернистік тәсілдің шебері. Оның фильмдері алдыңғы кинематографиялық дәстүрлерге сілтеме жасап, оларды жаңа мән-мағынада жаңаша көрсетеді. Мысалы, «Биллді өлтіру» фильмінде жапонның самурай стилі мен спагетти-вестерн элементтері үйлесімді біріктірілген. Тағы бір мән беретін ерекшелік, Тарантино кейіпкерлерді қалыптасқан стереотиптерден алыстатып, әртүрлі әлеуметтік және мәдени топтарды тең дәрежеде көрсетеді. Ол қарапайым қылмыскерлерден бастап, әйел кейіпкерлердің образдарын өзіндік, есте қаларлық қолтаңбамен беруге тырысады. Осындай тың тәсілдер арқылы ол тәуелсіз кино индустриясының дамуына да айрықша екпін берді. Мәселен, «Құтырған иттер» (Reservoir Dogs) фильмінен кейін Тарантино тәуелсіз киноның беделін арттырды. Ол бюджеті аз фильмдердің де көркемдік тұрғыда коммерциялық жетістікке жете алатынын дәлелдеп шықты. Тарантиноның фильмдері поп-мәдениетке де айтарлықтай әсер еткенін айта кеткен жөн. Оның кейіпкерлері мен диалогтары бүгінде көзімізге жиі түсетін мемдер мен танымал мәдени өнімдерге айналады. Мысалы, «Қылмыстық шығарма» фильміндегі Миа Уоллес пен Винсент Веганың биі, «Биллді өлтіру» фильміндегі қылышпен шайқас сахналары, «Джанго» фильміндегі әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздік мәселелерінің қозғалуын айрықша атап өтуге болады. Бір қызығы, Тарантиноның фильмдері жоғары бағаланғанымен, оның шығармашылығына өткір сынмен қарайтындар да жетерлік. Оның фильмдеріндегі зорлық-зомбылық көріністерін кейбір сыншылар қажетсіз деп есептейді. Ал кейбір фильмдері нәсілшілдік, сексизм және басқа да әлеуметтік тақырыптарды қозғағандықтан, әртүрлі пікірталасқа себеп болды.

Осы ретте режиссердің үлкен мәдени құбылысқа айналған бірнеше фильміне шағын талдау жасап көрелік. 2012 жылы жарық көрген «Тәуелсіз Джанго» (Django Unchained) фильмі – режиссердің шығармашылығындағы ең ауқымды әрі маңызды туындылардың бірі. Бұл фильм АҚШ-тағы құлдық дәуірдің қараңғы беттерін ашып қана қоймай, жанрлық киноға жаңа серпін беріп, көрермендерге эмоционалдық әрі эстетикалық әсер қалдырды. Оқиға 1858 жылы, азаматтық соғыс кезеңіндегі Америкада өрбиді. Басты кейіпкер – афроамерикалық құл Джанго (Джейми Фокс). Оны неміс құл иеленуші, дәрігер Кинг Шульц (Кристоф Вальц) сатып алып, өзінің серіктесі етеді. Джанго мен Шульц Брумхильда есімді әйелді (Керри Вашингтон) – Джангоның сүйіктісін құлдықтың құрығынан құтқару үшін бірге күреседі. Басты антагонист – құл иеленуші Келвин Кэндидің (Леонардо Ди Каприо) садистік мінез-құлқы фильмнің шиеленісін күрделендіре түседі.

Бұл спагетти-вестерннің элементтерін, эксплуатациялық киноның стильдік ерекшеліктерін және тарихи драманың астарлы мазмұнын біріктірген туынды. Тарантино фильмге әдеттегідей поп-мәдениетке тән сілтемелер мен стильдік нақыштарды енгізген. Сонымен қатар, туындыда құлдық жүйенің қатыгездігі мен әділетсіздігі айқын көрінеді. Тарантино бұл тақырыпты тікелей баяндамай, сатира арқылы ашады. Мысалы, құл саудагерлерінің қатыгез әрекеттері мен Келвин Кэнди сияқты кейіпкерлердің адамгершіліктен жұрдай болуы шынайы тарихи бейнелерді көрсетеді. Джейми Фокс Джангоның рөлінде шынайы әрі өте әсерлі ойнайды. Оның кейіпкері – құлдықтан бостандыққа ұмтылған батыр ғана емес, сонымен қатар қанша тағдыр талқысына түссе де шынайы сезімдері өлмеген қарапайым адам. Кристоф Вальцтың шеберлігі де ерекше атап өтуге тұрарлық. Оның кейіпкері күрделі әрі айрықша харизмаға ие. Шульц Джангоның оқиғасындағы катализатор болып, оған еркіндікке жол ашады. Леонардо Ди Каприо Келвиннің рөлінде әдеттегідей шеберліктің шыңын көрсетті. Оның кейіпкері – екіжүзді, қатыгез және арсыз адамның нақты бейнесі. Ди Каприоның ойынындағы ең шарықтау сәттердің бірі – дастарқан басындағы сахна. Сэмюэл Л. Джексон сомдаған Стивен – құл иесінің адал қызметшісі. Бұл рөл Тарантино фильмдеріндегі ең даулы әрі көпқабатты кейіпкерлердің бірі. Тарантиноға тән диалогтардың мәнерлігі мен өткірлігі бұл фильмде де ерекше. Әрбір кейіпкердің сөзі оның ішкі әлемін ғана емес, фильмдегі басты идеяларды да ашады. Фильмнің көркемдік шешімдері Тарантиноның шығармашылығына тән: қанық түстер, контрастты жарық, құлдық дәуірдегі Американың шынайы бейнесі мен сәнді костюмдер, зорлық-зомбылық сахналары эстетикалық мәнде берілген. Бұл сахналар көрерменге жай ғана шок әсерін беру үшін емес, фильмнің драмалық әсерін күшейту үшін де қолданылған. Тарантино саундтрек таңдауға ерекше талғаммен кірісетінін де айта кеткен жөн. Фильмде Эннио Морриконе сияқты композиторлардың классикалық әуендерімен қатар, заманауи музыкалық композициялар (Джеймс Браун, Рик Росс) қолданылады. Бұл тәсіл фильм атмосферасын ерекше жандандырып, жанрлық шекараны бұзады. Аталмыш туындыны тек тарихи немесе жанрлық кино ретінде ғана емес, әлеуметтік мәлімдеме ретінде де қарастыруға болады. Тарантино құлдықтың қатыгездігін ғана емес, әділеттілік пен еркіндік үшін күрестің мәңгілік тақырып екенін алға тартады. Фильм шыққаннан кейін сыншылар арасында туған екіұдай пікірлерге де мән бере кеткен жөн. Біреулер фильмді құлдық тақырыбын романтизациялағаны үшін сынаса, енді біреулер оны маңызды тарихи кезеңдерді қайта ой елегінен өткізгені үшін жоғары бағалады. Қорыта айтқанда бұл фильм — Квентин Тарантиноның ең батыл және көркемдік тұрғыдан ең жетілген туындыларының бірі. Туынды көрерменді қатыгез тарих шындығын әшкерелеуге мәжбүрлеп қана қоймай, әділеттілік, кек және еркіндік ұғымдарын қайта қарауға мүмкіндік береді.

Квентин Тарантиноның 1994 жылы жарық көрген «Қылмыстық шығарма» (Pulp Fiction) фильмі – заманауи кинематографияның айрықша құбылысы. Бұл туынды режиссердің бірегей қолтаңбасын әлемге танытып, тәуелсіз киноның дамуына ықпал еткен шедеврге айналды. Жанрлық шекараларды бұзып, ерекше құрылымы мен есте қаларлық диалогтарымен ерекшеленетін фильм көрермендер мен сыншылар тарапынан жоғары бағаланды. Фильм шиеленіскен оқиғалар арқылы бір-бірімен байланысқан кейіпкерлердің өмірін баяндайды. Атап айтқанда, Винсент Вега (Джон Траволта) және Джулс Уинфилд (Сэмюэл Л.Джексон) есімді екі киллердің қылмыстық оқиғалары. Боксшы Бутч Кулидждің (Брюс Уиллис) құмарлық пен адалдық арасындағы күресі. Қылмыс әлемінің жетекшісі Марселлус Уоллес (Винг Рэймс) пен оның әйелі Миа Уоллестің (Ума Турман) айналасындағы драмалық оқиғалар. Бұл әртүрлі сюжет желілері фильмнің өзегін құрайтын өмір, таңдау және мораль тақырыптарын ашуға көмектеседі. Фильмдегі оқиғалар хронологиялық тәртіпте емес, бөлімдерге бөлініп, әрқайсысы жеке әңгіме ретінде ұсынылады. Бұл тәсіл көрерменді әңгіме логикасына тереңірек үңілуге мәжбүр етеді және оқиғаларды ерекше қабылдауға мүмкіндік береді. Жоғарыда атап өткеніміздей, Тарантино фильмінің негізгі ерекшеліктерінің бірі – диалогтар. Олар фильмнің динамикасын анықтап, кейіпкерлерді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Күнделікті өмірден алынған қарапайым тақырыптар туралы әңгімелер (мысалы, бургердің атауы немесе массаждың мәні) кейіпкерлердің тұлғалық ерекшеліктерін ашады және көрерменмен нәзік байланыс сезімін тудырады. Әсіресе кейіпкерлердің образы мен актерлік ойынға мән бермеу мүмкін емес. Мәселен, Джон Траволта мен Сэмюэл Л. Джексонның дуэті фильмнің ең жарқын тұсы. Винсенттің ұқыпсыздығы мен Джулстың харизмалық, философиялық әңгімелері фильмнің негізгі драмалық және комедиялық динамикасын қалыптастырады. Ума Турман сомдаған Миа – фильмнің ең есте қаларлық кейіпкерлерінің бірі. Оның жұмбақ әрі еркін мінезі фильмге ерекше стильдік әсер береді. Миа мен Винсенттің би сахнасы кино тарихындағы ең танымал көріністердің бірі. Брюс Уиллис сомдаған Бутч – күрделі, ішкі қайшылықтарға толы кейіпкер. Оның бокс әлеміндегі тағдыры мен жеке басына қатысты таңдаулары фильмнің драмалық тереңдігін арттырады. «Қылмыстық шығарма» фильмі саундтректерімен де айрықша есте қалды. Саундтрек ретінде 60-70 жылдардың рок-н-ролл, серф-рок және соул композициялары қолданылған. Бұл музыка фильмнің атмосферасын жандандырып, Тарантино стилінің ажырамас бөлігіне айналды.

Фильм кейіпкерлері әртүрлі жағдайларда моральдық таңдаулар жасайды. Мысалы, Джулстың Құдайға сенуі және өмірін өзгерту туралы шешімі немесе Бутчтың адалдық пен қауіпсіздік арасындағы таңдауы фильмнің философиялық аспектілерін ашады. Тарантино қарапайым, кішігірім оқиғаларды үлкен драмалық оқиғаларға айналдыру қабілетімен ерекшеленеді. Мысалы, байқаусызда болған оқыс оқиғалар (жолаушыны кездейсоқ атып жіберу немесе Миаға дәрі беру) бүкіл сюжетке әсер етеді. «Қылмыстық шығарма» тәуелсіз кино индустриясының дамуына ерекше ықпал етті. Фильм Канн кинофестивалінің «Алтын пальма бұтағын» жеңіп алып, көптеген марапаттарға ие болды. Сонымен қатар, ол поп-мәдениеттің бөлігіне айналды (кейіпкерлердің бейнелері, саундтректер, танымал диалогтар). Жас режиссерлерге жаңа форматтар мен стильдерден қорықпауға шабыт берді. Фильмнің зорлық-зомбылық көріністері мен кейбір даулы тақырыптары қоғамда әртүрлі пікірталас тудырды. Дегенмен, бұл элементтер фильмнің көркемдік ерекшеліктерін толықтырып, оның шынайылығын арттырады. «Қылмыстық шығарма» – кинематографияның жаңа дәуірін бастаған шедевр. Оның ерекше құрылымы, стильдік жаңашылдығы және әсерлі кейіпкерлері Тарантиноның шығармашылық әлемін жаңа деңгейге көтерді. Бұл фильм тек киносүйер қауым үшін ғана емес, өнердің барлық түрлерін бағалайтын көрермен үшін нағыз жауһар десе болатындай.

Қорыта айтқанда, Квентин Тарантино – заманауи кино тарихындағы ең ерекше тұлғалардың бірі. Оның шығармашылығы көрерменді ойландырып, киноға жаңа көзқарас қалыптастырғанын жоққа шығару мүмкін емес. Тарантино феномені оның кинематографиялық шеберлігі мен терең мәдени референцияларында жатыр. Ол тек режиссер емес, мәдениеттің өзі. Тарантино фильмдері бізге киноны тек ойын-сауық емес, терең әлеуметтік және философиялық құрал ретінде көруге мүмкіндік береді.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ