Әлеумет

Батыр туған ауылда

«Көздерім көріп тұрған кезде мен фашистерге соққы берумен боламын», – деді Ағәділ соңғы шайқасының алдында... 1942 жылдың маусымынан бастап КСРО-да қазақ, сондай-ақ Одақтың басқа да халықтарының тілінде майдандық үнқағаздар шығарыла бастады. «Жауға қарсы аттан» майдандық үнқағаз Ағәділ Сухамбаев туралы былай деп жазды: «Жаяу әскер Ағәділ Сухамбаев Александр Матросовтың өшпес ерлігін қайталады. Ол ажалдан қорықпады және жауынгерлік тектілігінің құнымен жеңіске жол ашты».

Байзақ ауданындағы Жақаш ауылында қаза тапқаннан кейін Ленин орденімен марапатталған Кеңес Одағының Батыры Ағәділ Сухамбаев атындағы мектеп орналасқан. Мектеп ауласында батырдың ескерткіш мүсіні орнатылған, жерлесіміздің өшпес ерлігіне арналған жауынгерлік даңқ мұражайы орын тепкен.

Айта кетсек, «1944 жылдың 31 шілдесінде Польша, Беларусь және Литваның қиылысқан жерінде орналасқан польшалық Стежельцовизня деревнясында болған қантөгіс шайқаста 628-ші Қызыл тулы Гроднолық атқыштар полкінің екінші ротасының бөлімше командирі, екі қолынан бірдей жараланған қатардағы жауынгер Ағәділ Сухамбаев жау дзотының амбразурасын өз денесімен жапты. Осы әрекетімен ол кеңестік әскери бөлімшелердің бұзып өтуіне мүмкіншілік жасап берді.

Жерлесіміз Литваның Друскининкай қаласында жерленген. Оның жасы бар-жоғы 24-те еді.

1956 жылдан бері Ағәділ Сухамбаев атындағы мектеп оның атын мақтанышпен иеленіп келеді. Мектеп ауласындағы батырдың мүсіні 1974 жылы орнатылды. 1982 жылы заманауи мектеп құрылысы аяқталды. Байзақ ауданында ауылдық округ, Сарыкемер ауылында, Тараз, Алматы қалаларында көшелер Ағәділ Сухамбаев атымен аталады. Беларусьтегі Гродно қаласында кәсіптік-техникалық училищенің ғимаратында ескерткіш тақта бар. 2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдық құрметіне орай Тараз қаласында Ағәділ Сухамбаевқа ескерткіш орнатылды.

Ағәділ мүсінінің етегіне гүл шоқтарын қойғаннан соң, мектептің керемет жауынгерлік даңқ мұражайымен таныстық, акт залында балалар таза дауыстарымен көңіл тебірентерлік әндерді шырқағанда, көз жасымызды жасыра алмадық.

Батырдың мұражай үйі орналасқан Қосы батыр ауылына ат басын бұрдық. Байзақтықтар Ағәділдің үйін жақсы сақтапты.

Іс-шараға қатысушылар облыс жастарымен патриоттық жұмыстар жүргізуге және мектептер мен колледждерде «Жас патриоттар мектептерін» құруға жағдай жасауға дайын екендерін жеткізді.

 

Раиса РЫСҚҰЛБЕКОВА,

«1941-1945 жылдардағы ҰОС-да қаза тапқан және хабарсыз кеткен командирлер мен жауынгерлердің ұрпақтарын іздестіру» қозғалысының волонтері.

Байзақ ауданы