Әлеумет

Бір аймақтың Гәкку әжесі еді

Диірменнің тасындай дөңгеленген дүниеде әр пенденің өлшеулі уақыты бар. «Өлшеніп берген өмір бар, уақытымен жүрерсің» дегенді бабаларымыз бекер айтпаса керек. 2024 жылдың 10 желтоқсанында облыс әкімі тағайындаған «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, Тараз қаласының Құрметті азаматы, «Алтын алқа» иегері Тұрсынай Аманжолқызы 89 жасқа қараған шағында бақиға озды. Мұндайда қазақ «Төрелеген екен, Жаратқанның сүйген құлы екен» деп жақсы сөздерін аямай жатады. Дегенмен, бұл әжеміз шын мәнісінде асыл ана деген атқа лайық, өн бойынан сабыры мен парасаты төгіліп тұрған ғажайып жан болатын.

Тұрсынай Аманжолқызының екінші есімі – Гәкку әже. Бұл өңірде Ыбырайдың «Гәккуін» жанды дауыста осы кісідей орындайтын әнші некен-саяқ. Сондықтан, әжемізге бұл атау сондай жарасып тұратын. Тұрсынай әже деп отырғанымыз – Сарысу өңіріне «Қара мерген» деген атаумен танылған Қаратай Бекмұсаевтың асыл жары. Қаратай ақсақалдың негізгі мамандығы – фельдшер. Бірақ, аң аулаудың да кәсіби шебері болған. Қай жерге қақпан құруды, қасқыр мен жыртқыш аңдардың қай жолмен жүруі мүмкін екенін біліп отыратын ғажайып қасиеті болған. Міне, осындай даланың табиғатын меңгерген аңшы адамға жар болу да оңай емес шығар. Құла дүзде саятшылық құрған ондай кісінің достары да көп болатыны белгілі. Қаратайдың күндіз келген сегіз, түнде келген тоғыз қонағын қабақ шытпай күтіп, бабын жасайтын да – Тұрсынай. Қаратай мен Тұрсынайдың берекелі шаңырағында 9 ұл-қыз дүниеге келіп, өмірден өз орындарын тапты. Тіпті, 70-жылдардың аяғында аңшылығымен талай дөкейді аузына қаратқан Қаратайға есімі барша қазақтың аузында жүрген Берден Байқошқаровпен құда болудың сәті түскен. Бекең ол кезде Қордай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. «Райком» дегендердің ол кезде түкірігі жерге тимей тұрған. Оның үстіне Берден дегеніңіз сол кездегі Қазақстанның басшысы Дінмұхамед Қонаевтың назары түскен адам. Қарапайым еңбек адамы Қаратайдың жүрек жұтқан баласы Батыр атағы жер жарған Байқошқаровтың қызы Салтанатты өмірлік жары етіп таңдап, даналығы бір басына жетерлік Берден де бір ауданға аты жайылған сыйлы кісі Қаратаймен төс қағыстырып, мың жылдық құда болды. Тұрсынай мен Сабира қос құдағидың да көңілдері жарасқан. Екі жақтың құдалық дастарқанында Ыбырайдың «Гәккуін» қайта-қайта шырқаған Тұрсынай Аманжолқызына әйгілі Берден бастаған құда жақтың ықыласпен қол соққаны да кеше ғана секілді еді. Содан бері де талай көктем келіп, талай өзен ағып, Жер-Ана қайта бусанды. Қаратайдың әр ұлы мен қыздары өріс ұзартып, құдалық дастарқаны да бірнеше рет жайылды. Тұрсынай ананың орындауында Ыбырайдың «Гәккуі» талай шырқалғаны да рас. Ең бастысы, жас отаулардың жарасым тауып, ұл-қыздарынан бірнеше ұрпақ өрбіп, өсіп-өнгенін айтсаңызшы! Бекмұсаевтар Сарысу ауданының тең жартысы қызығатындай берекелі ғұмыр кешіп, үлгілі әулет болды.

Өмірдің ағы мен қарасы, қуанышы мен қиындығы қатар жүретіні бар. 1996 жылы алпыс жасында Қаратай Бекмұсаев өмірден қайтты. Бұл жағдай Гәкку ана үшін оңайға соқпағаны анық. Осыдан 4-5 жыл бұрын қызы Ләззат бақилық болған кезде де асыл әжеміздің қабырғасы қайысқан. Бауыр еті балаңнан айырылу етіңнен ет кескендей ауыр. Енді Тұрсынай әже де бақиға озып отыр. Жаратушының басқа салғанына пенде баласында көнгеннен басқа не амал бар!

***

Тұрсынай Аманжолқызы әні мен сәнінен бөлек, ғажайып мейірімді ана болды. Бұл тұрғыда әулеттің үлкені Клара Қаратайқызының айтары бар. Ол: «Мен бір ғана оқиғаны айтып, анашымның қандай адам болғанын байқатсам деймін. 1975 жылы жарқылдаған 13 қатар-құрбыммен бірге демалыста жүріп, көлік апатына ұшырадым. Қорапты көлік соншама адамымен аударылып кетті. Менің де бас сүйегіме зақым келіп, бет-аузым қанға боялды. Ауруханада есімді жидым. Жанымда анам Тұрсынай отыр. «Енді бәрі жақсы болады. Қиынның бәрі артта қалды. Мен қасыңдамын» дейді. Мен ұзақ күндер ауруханада жатқанымда қасымнан бір елі кетпей, көз ілмей қарады. Ол кезде Тараз қаласында (бұрынғы Жамбыл) барып қонып қайтатындай үй де жоқ. Әйтеуір, ара-тұра алыс жекжаттарға паналап жүріп, менің қасымнан табылды. Ұйқы мен күлкі көрмей, 45 күн жанымда болды. Міне, асыл ананың мейірімді жүрегі деген осы. Көпшіліктің тілегі мен ата-анамның дұғасы қабыл болып, бетім бері қарады. Анамның сол кездегі мейірімге толы жүзін ешқашан есімнен шығармайтын шығармын. Сол мейірім мені әрқашан өмірге жетелеп келеді. Кейіннен өзім де ана болдым. Анашымның жылы шуағын бәлкім сол кезде түсінген болармын. Қанша жасқа келсе де ананың аты – ана. Орны толмайды. Пейіште нұры шалқысын», – дейді.

Әулеттің үлкен ұлы Батыр Бекмұсаев: «Біз ата-анамызбен мақтанамыз. Сол кісілердің үлгілі де, өнегелі жолымен жүріп келе жатқанымызға шүкіршілік етеміз. Бұрын Сарысу топырағына бара қалсақ, әкеміз бен анамыздың жақсылығын көргендер кездесіп, жылы сөздерін айтып жататын. Әкемізден даланың табиғатына тән кеңдік, анамыздан парасат пен өнер, мәдениет, шексіз сабыр, қанағат қалды. Әр бауырымның жоғары белестерге жетуі осындай үлгілі әулеттен алған тәрбиенің жемісі деп білемін. Анам үлкенім деп маған көп сенім артатын, маған көп ақылын айтты. Сол өсиетті бағдарға алып, бауырларыма бас-көз болатыным анық» десе, Батырдың жары Салтанат Байқошқарова әлеуметтік желіде өзінің көңіл-күйін бөлісті. Ол: « Біздің әулетіміз үшін бұл күндер ауыр болды. Қазақ әйелінің, Ананың, әженің эталоны деген атаққа лайықты анамыз Тұрсынай Аманжолқызы үлкен тағылым иесі болатын.

Менің әкем Берден Байқошқаров пен өмірлік жарым Батырдың әкесі (қайынатамды айтамын) екеуі жігіт кезінен дос болып, кейіннен Құдай қосқан құда болып сыйласты. Осыдан 45 жыл бұрын Қаратай әкемізбен бірге Тұрсынай анамыз мені келін етіп, өздері таңдап, өздерінің тұңғыш перзенті Батырға қосылуыма себепші болған еді. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт енем екеуміз балаларды бірге тәрбиелеп, ерекше сыйласып келдік.

Анамыз Тұрсынай ерекше қасиетті кісі еді. Мінезі ерекше биязы, нәзік әуенді дауысты, өте сабырлы, аса қанағатшыл, мейірімді, нағыз интеллигент жан еді. Өмірде ешқашан ешкімге дауыс көтермеген, бір адамға сен деп көрмеген, бір рет бір жан туралы жаман сөз айтпаған, бір келініне «әй» деп көрмеген еді. Әрбір келінін өздері білетін тәрбиелі әулеттен таңдаған еді. Оларға өзінің де өнегелі тәрбиесін көрсете білді. Тоғыз құрсақ көтеріп, «Алтын алқалы» ана атанды. Келіндерінің ең үлкені – мен. Алты келін түсіріп, үш қыз ұзатты. Тоғыз жермен құда болып, сый көрді. Атамызға сенімді, сабырлы жар, отбасына, туған-туыс, барлық жанға жайлы мінезімен қадірлі болды. Күләш Байсейітованың дауысындай ерекше ән айтатын, кең тынысты дауысы болды. Жастайынан барлық отырыс, тойларда «Гәкку» әнін айтып жұртты таңғалдыратын еді. Аяулы апамыздың орны толмайды. Жақсылықтарын, өсиеті мен өнегесін үнемі еске алып жүретін боламыз», деп әсерлі жазба қалдырды. Келінінің осынша толғаныс білдіруінен Тұрсынай әженің қандай ене болғанын, қандай жақсы кісі болғанын шамалай беріңіздер.

Бекмұсаевтар әулетінің кіші қызы Перизат Қаратайқызы:

Ал, елге танымал айтыс ақыны, баласы Алик Бекмұсаев:

Біз жоғарыда әженің бірқатар ұл-қыздарының пікірлерін келтірдік. Сонымен қатар, Бекболат деген баласының Алматыда үлкен мекемеде инженер болғанын, қазір кәсіпкер екенін, Жанболатының бұрынғы Кеңестер Одағына танымал ірі кәсіпкер екенін айта кеткеніміз жөн. Адал еңбегімен еленген Ерболаты, бұл күнде Астана әуежайында қызмет ететін Жасболаты да – Бекмұсаевтар әулетінің мақтаныштары. Осы Жасболаты қазіргі уақытқа дейін ат баптап, тазы жүгіртіп, аң аулап, әкесінің жолын қуды. Атасынан қалған істі жалғап келді. Бекмұсаевтар әулеті – өңіріміздегі ең мақтаулы, құрметті әулет. Бұл Тұрсынайдай текті ананың даналығымен, ақыл-парасатымен, үлгісімен келген абырой.

***

Тұрсынай Аманжолқызы өмірден озғанда бүкіл жамбылдықтар қайғырып, бірқатар шет мемлекеттерден, еліміздің түкпір-түкпірінен көңіл айтып келушілерде есеп болмады. Солардың баршасы дұға етті, рухына арналып оқылған Құранға қол жайды. Одан бөлек әлеуметтік желідегі көптеген парақшада Тұрсынайдай қазақтың асыл анасын жоқтаған, анамызға дұға тілеген жазбалар бірнеше күн бойы жазылып жатты. Қазақта, Жаратушы нәсіп етсе 9-10 баланы өмірге әкелетін аналар аз емес. Бірақ, бес баласы жақсы жол тауып, қалған бесеуі теріс жолды таңдап кететін жағдайлар да бар. Бес саусақ бірдей емес. Бұл жерде әңгіме баланың санында емес, тәрбиесінде. Ал, Қаратай қарт пен Тұрсынай әже тәрбиелеген 9 ұл-қыздың баршасы да айналаға үлгі-өнегесімен, тағылымды істерімен танылды. Бұл сирек кездесетін жағдай. Тіпті, бірнеше баласы халықаралық деңгейдегі үлкен компанияларды басқарып, әлем мемлекеттері бағалаған танымал, іскер азаматтарға айналды. Бір баласы республикалық деңгейде мойындалған айтыскер екенін көпшілік жақсы біледі. Ұл-қыздарының ішінде қара жаяуы болған жоқ. Баршасы өмірден өз орындарын тапты. Қазіргі таңда немерелері де үлкен биік белестерді бағындырып отыр. Немерелерінің өзі бірнеше тіл біліп, халықаралық деңгейдегі университеттерде білім алып, алдарына ірі-ірі мақсаттар қойған. Осыншалық қуаныш, жақсылық, бақты көтеріп тұру үшін де әулеттің әжесіне үлкен даналық керек. Тұрсынай әже сол даналық деңгейінен табылды. Есепсіз адам жиналған қаралы жиында белгілі айтыс ақыны, Мәдениет саласының үздігі Ахметжан Өзбековтің арыстандай ұлдарға көңіл айта отырып: «Әжеміз өте бақытты кісі екен. Батырды да туды, ақынды да туды, ірі кәсіпкерді де тәрбиелеп өсірді. Енді барша перзенттерінің, ұрпақтарының алдында Аллаға аманатын тапсырды. Сіздер мықты болыңыздар. Топырағы торқа болсын. Әжеміз – қазақ аналарының биік үлгісі» деуі бекер емес. Бұл көңіл айтуға келген барша адамның айтсам деген тілегі. Біздің де ниетіміз осы дұғамен бірге.

Тұрсынай әженің соңғы сөзі: «Аллаға разымын, балаларыма ризамын» деген сөз. Мұндай сөзді өмірден озар кезінде айта алған ана бақытты. Әжеміздің жаны жәннатта, топырағы торқа болғай!

 

Есет ДОСАЛЫ