Әдебиет

Абайдың аманаты һәм Серіктің серті

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп бекер айтылмаған, Серік дос өмірден өткелі біршама уақыт өтсе де, енді сағынып, енді танып, енді қадірлей бастағандаймыз. Ештен кеш жақсы бастысы, өзін сағындырып, өзін танытып, өзін қадірлетіп жатқаны ақиқат. Серікті тану оның шығармашылығын тану деп түсінген абзал.

Себебі, аз ғана мұрасын ақтарсаңыз қоғамда ол көтермеген тақырып, ол жырламаған құбылыс жоқ, мамандар түбіне жетіп үңіле зерттесе оның өлеңдері арғы-бергі ойшылдар мен ақындарға арқау болған философиялық, суреткерлік, танымдық түйіндерге толы. Бастысы бұл жалаң ұқсастық емес замана кезеңінің шындығына тән үндестік. Мүмкін қазіргі заманға, тіпті отыз жылғы «егеменді қазақ поэзиясына» енген жаңалық деп түсінуге болар.

Әдетте арғы бергі ақындардың өмірбаяндарына үңілсең бала кезінен тақпақ жазған, «Пионер» немесе аудандық газеттерге қаршадайынан өлеңі жарияланған деректерге толы, Серікпен балалық шақтан мектеп бітіргенше бірге жүріп, тақпақ жазып, мектептің қабырға газетіне өлең ілгенін көрмеппін, сондықтан атақты математик немесе физик болатын шығар деп ойлайтынмын. Өйткені, біздің алақандай ауылымыз ақындар мен журналистерге мұқтаж емес-ті. Ал физика мен химия «миымызға қонбайтын», Серік бұл пәндерге өте алғыр еді.

Бұл ойдың себебі жоғарыдағы ақындар тақпақ, содан соң өлең жазып, оны өңдеп, шыңдап, талғап шығармашылық эволюция жолымен өтсе, Серіктің өлеңдері Телғара тұстасы айтпақшы, «Құралай – жырдың құймасындай» өзінен өзі құйылып келді. Асылында жанартаулар жылдар бойы мүлгіп жатып, бір сәтте топалаң күшпен атылмаушы ма еді.

Оның рухани қорғаны берік еді, ол Абайша айтқанда, әртүрлі айла- шарғылармен «боқ арқалап жүруді» ар санады, ұлы мәртебелі өлеңіне арналған аз уақытын «жан бағу» мен «мал табуға» қимады. Бұл өлеңге, өнерге деген адалдық болатын. Бәзбіреулер оны «жолы болмады, еленбеді, көзі тірісінде өлеңдері жарық көрмеді», деп мүсіркегендей болады. Тегінде Серік ғұмыр кешкен кеңестік, бергі отыз жылғы егемендік дәуірімізде «мықты ақынның» жолы болып па еді?

Серік айбарлы, асқақ, күрескер әм қайраткер ақын ретінде қалды. Оның мұраты қысқа өмірде жиып тергенін, көрген, сезгенін ой-толғағынан өткізіп, әділет пен ақыл тегеурініне салып халыққа жеткізу еді. Терең ой мен салихалы сөздің рухани бұлағын Серік Абайдан іздеп,

Уа, аруақ! Датым бар!

Датымды айтсам дәл бүгін,

Патша сөздің тағдырын,

Парасатпен қорғап жүрген пенде едім,

Екі етпестен жарлығын.

Аруағың алаң болып жүр ме деп,

Аманатқа адалдығын бір бөлек,

Айтқалы тұр арлы ұлың, – деп Абайға сиынды.

Шындығында Абай мен Серік өлеңдеріндегі сабақтастықты саралап, салыстыра қарағанда ой үйлестігі мен пікір бірлестігі белгі беріп, менмұндалап тұрады. Отыз жылдан аса елдің еңсесін езген жемқорлық пен мараулық әділетті болды ма? Абай өрнектеген «мұрты аузына түскен, бір ұрты май, бір ұрты қан, шырайы сартша жылтырап тұрған қазақтың» орнына безбенін ұстаған «білімді безбүйрек қазақ» келді, саясаты мен саудасын ала келді.

Абай:

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсыменен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың, – десе,

Серік:

Құралған өңшең тобырдан,

Жұртым бар көнбіс, көшке ермес.

Еті өліп кеткен елім бар,

Езіліп жатсын – ескермес, – деп аһ ұрды.

Оның рухани ұстазы ұлы Абай екеуінің де түпкі тақырыбы «жылтыр сөз бен жалған ұранға» негізделген қоғам дерті. Олар үшін, «жылмиып», «қулықпен» «жындай» бұзылып «жалаң ұрандап» жүргендер осы дертпен ауырғандар.

Нарықтық экономика еліміздің әлеуметтік құрылымын бұрын-соңды болмаған күрделі өзгерістерге ұшыратты. Топтық басқаруға негізделген шаруашылық жүйесі күйреді. Жария заңсыз жекешелендіру саясаты, қоғамды жайлаған қылмыс пен жемқорлық «білімді безбүйрек қазақтарды» туғызды. Бұлар ел мен жер мүддесін ұмытып, өздерін құдайдан кем көрмейтін «жарты құдайлар» болатын. Абайша айтқанда, олар «малынан басқа ойы жоқ», Алаштан да, қазақтан да алшақ адамдар еді.

Былықтырған қоғамнан,

Аршимын деп халықты,

Бір қарыстай қаламнан,

Тұтамдай-ақ қалыпты.

Қысқарғаны қаламның –

Жұқарғаны жүйкенің,

Мыстандары заманның,

Неткен кәзап, ит еді.

Серіктің мысқылы да мірдің оғындай, Абай «өзі шошқа, өзгені ит деп ойлар, сорпа сумен, сүйекпен сүйдірмекке» десе, Серік «мыстандары заманның, неткен кәзап, ит еді» дейді. Екеуі де адам бойындағы кемшіліктерді мінегенде төбесінен жай түскендей қылады, бірақ оны бір адамның кемшілігін мінеді деп түсінуге болмайды, себебі сол кемшіліктерде замана көрінісі мен қоғам мешеулігі атойлап тұр. Серіктің шындығы үнемі қоғамның шындығымен үйлесіп үндесіп жатқандықтан әр өлеңі шынайы, әрі терең ойға негізделген. Ал, шынайы өмір шындығын әшкерелейтін ақын, әрине, қоғамға қажетсіз. Сөзіміздің басындағы «мықты ақынның» жолы болып па еді деген дилемманың жауабы да осында. Меніңше бұл ақын трагедиясы емес – тағдыры, өйткені сөзін шындыққа байлап, өзін күреске арнаған адамның өмірі әрдайым өнеге болатыны ақиқат.

Тұтас дәуірдің шындығын жырлаған Абайды ешкім кінәлай алмас, өйткені өмір шындығы осы, жыр жаулаған «сақы мекенде» ешқашан тыныштық болған емес.

Нәлеті мынау нарықта,

Мен ішпеген у мен заһар қалып па?!

Соның бәрін өзегімнен өткіздім,

Зардаптары тимесін деп халыққа.

Таңсық болмас тауқыметке таң қалу,

Қайманаға қиын бірақ аңғару.

Әлі талай ақынға азық болады-ау,

Құнанбайдың баласынан қалған У.

Осылай халқының қамы екі ақынға да у ішкізді, алайда бұл жеңіліс емес, Серіктің аз мұрасында отыз жылғы замана шындығы көрініс тапқан, қазіргі «диванда жатқандар» мен «мінбеде тұрғандардың» «жылтыр сөздері мен жалған ұрандарынан» жалыққан жұрт, бәрібір Серіктің жырын оқып сергиді, серпіліс алады. Ақын құдіреті сол, өлеңдері өмірдің өзіндей, жеке тағдырына азаматтық әділеттігі мен қаламгерлік қарымы қосылып, таным таразысы мен суреткерлік сүзгісінен өтіп, еленіп, екшеліп оқырман сүйетін өлеңге айналуында.

 

Әбиірбек ҚОНЫСБАЕВ,

ҚР прокуратурасының ардагері.