Адам мен қоғамның дертін қатар емдеген
Осынау аса қарапайым, жүзінен жылы нұры төгіліп тұратын, салмақты, сабырлы азаматты көрген сайын оның азаматтық, кісілік болмысына іштей риза болатынымды жасырмаймын. Оның денсаулық сақтау саласындағы аса көрнекті тұлға екендігі екі бастан белгілі. Сондықтан да «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Қазақстан хирургиясын дамытуға қосқан еңбегі үшін», «Авицена», «Академик М.Әлиев» төсбелгілерімен марапатталуы тектен-тек емес.
Ол сонау 1975 жылы Алматы медициналық институтының дәрігер-хирург мамандығының емдеу факультетін үздік бітірді. Міне, содан бері жарты ғасыр уақыт өтті. Төртінші курста оқып жүргенінде Алматыдағы қалалық ауруханалардың бірінде орта буынды медицина қызметкері болып, еңбек жолын бастап та кетеді.
Оқуын бітірген соң өзінің туған жеріне жолдама алып, Жамбыл облыстық ауруханасында дәрігер-хирург, қалалық жедел-жәрдем ауруханасында бас дәрігердің орынбасары болып қызмет етті. Өз ісін үлкен жауапкершілік, ынта-ықыласымен атқарады. Жақсы орта қашанда ізгіліктің ұясы болатыны бесенеден белгілі. Жас хирург келген бетте аса тәжірибелі, өз ісінің майталмандары Нағым Мұқышев, Көлбай Үсенов, Алексей Овсянников, Әзімхан Қайназаров, Евгения Константинова секілді жандардың қамқорлықтарын көрді, олардың мол тәжірибелерінен жалықпай үйренді. Қыран құс өз балапандарын қалай бауласа, бұлар да жас маманның топшысын қатайтып, түлеп ұшуына бар қамқорлықтарын аяған жоқ. Білімі мен іскерлігі елеусіз қалмады. Сөйтіп, өз айтуында, «екінші үйіне» айналған орында 20 жылға жуық Жамбыл облысы Денсаулық сақтау департаментінің бас хирургы болып жемісті еңбек етті. Ол емдеу ісінің, ота жасаудың қыр-сырын меңгеру жолында бір сәт те ізденісін тоқтатқан жоқ. Негізгі жұмысынан қол үзбей жүріп, 1987 жылы Мәскеудегі Дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының хирургия кафедрасының меңгерушісі, профессор Игорь Розановтың қызу қолдауымен «Бауыр эхинококкозы және оның хиругиялық емі» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертациясын, 1997 жылы академик Мұхтар Әлиевтің жетекшілігімен «Ішкі ағзалардың асқынған эхинококкозын хиругиялық емдеу тәсілдері» атты тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Осы ғылыми еңбектерінің арқасында ғалым-хирург ретінде елге танылып, профессор атағын алды.
Сағындық Ордабековтің негізгі ғылыми-зерттеу еңбектерінің бағыты – іш қуысы органдарында болатын эхинококкоз ауруын хирургиялық емдеу мәселелері және өт жолдары мен бауыр хирургиясы. Оның бұл жолдағы ізденістері көптеген жандардың өмірін ажалдан арашалап қалды. Бұл сала бойынша арнайы медициналық басылымдарда 400-ден астам ғылыми мақалалары жарияланды. 9 монография, 18 оқулық, 4 патент және 12 өнертабыстық ұсыныстардың авторы. Оның қазақ тілінде жазған «Валеология», «Паразитология негіздері» секілді оқулықтары еліміздің жоғары оқу орындарында қолданылып жүр. Ол сондай-ақ «Жамбыл облысының медицина тарихы», «Қазақтың алғашқы дәрігерлері» деген танымдық, деректік кітаптарын да жарыққа шығарды. Бұл орайда көрнекті ғалым ғылым жолын қуған шәкірттерін де тәрбиелеп жүр. Оның жетекшілік етуімен 5 кандидаттық, 16 магистрлік диссертация қорғалды. Сағындықтың көптеген шәкірттері республикамыздың түкпір- түкпірінде абыройлы еңбек етуде. Олардың қай-қайсысы болса да, еңбек еткен ортасында аяулы ұстазының есімін қастерлеп, үнемі үлгі тұтып отырады.
Сағындық Ордабеков – өз кәсібінің майталман маманы. Өз мамандығын жан-тәнімен беріліп сүйетін азаматтың қай істе де ел үлгі тұтар қасиеттері мол. Оның өзі туып-өскен, кіндік қаны тамған топырағына, туған өлкесіне, халқына деген ұлы махаббаты кімге де болсын үлгі. Ыстығына күйіп, суығына тоңған бала шағында табанын тасқа тілдіріп, мөлдір бұлағына бас қойып, мейірін қандырған, құлын-тайдай ойнаған Үшбасына деген құрметі тіптен ерекше. Әлдеқалай шаруамен ел жаққа ат басын бұрмай, соқпай кеткендей болса, көңілі орта түсіп қалатын еді. Келместің кемесіне мініп кеткендердің шаңырақтарына соғып, көңіл білдіруді естен еш шығарған емес. Замандастарының қатары селдірей бастағанын мұңая еске алып, олардың қара шаңырақтарында қалғандармен де тілдесіп, сыр тартысып, көңілі марқайып қалатыны да рас. Алақандай ауылдың жай-күйіне қамқор көзбен қарап, қолынан келер жәрдемін беруге қашанда құмбыл. Өзі бас болып, қолдап, ауылдың кіреберісіне арнайы қақпа- арка жасатты. Ауылдық шағын мешіт, оның жанына 250 орындық асхана ғимараты бой көтерді. Фельдшерлік, акушерлік бекеттің ашылуына септігін тигізді. Қамыр әулие зиратына барар жол, өзенге көпір салынды. Осының барлығында Сағындық Ордабековтің қолтаңбасы барлығын ауыл тұрғындары мақтан тұтады. Өн бойынан ізгіліктің, сыпайылықтың, қарапайымдылықтың шуағы есіп тұратын осы азаматтың бойындағы екінші қасиеті – қарымды қаламгерлігі, көркем ойдың шашасына шаң жұқтырмай жазатын алғырлығы. Ол – адам тәнін емдеудің хас шебері ғана емес, көркем сөздің көрігін кемеліне келтіріп, қыздырып жүрген зерделі де зейінді, парасатты да пайымды қаламгер.
Туған жерден, Жон өлкесіндегі Қаратастан түлеп ұшып, 1928- 1931 жылдары Қазақстан Ленин комсомолының тұңғыш бірінші хатшысы, «Лениншл жас» газетінің редакторы болып, үлкен қайраткерлік дәрежеге көтерілген, осы күнгі Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық университеттің негізін қалаған, оның тұңғыш директоры болған, сталиндік зұлматтың қанды қасабының құрбанына айналған Әшір Бүркітбаев, сондай-ақ қоғам қайраткері Ағабек Байдуллаев туралы толғамды ойлары оның ізденгіштігін, деректермен тиянақты жұмыс жасайтындығының айқын дәлелі. Бұл орайда оның атақты орыс жазушысы, «Шебер мен Маргарита» кітабының авторы Михаил Булгаковтың ізгілігі мол өгей әкесі, танымал дәрігер Иван Воскресенскийдің Жамбылда тұрғанын, оның 1967 жылы дүние салғанын, ал оның кейінгі әйелі София Николаеваның 1979 жылы қайтыс болғанын, сөйтіп екеуінің қатар жерленгенін дәйектейтін деректі фото суреттерімен қоса жариялады. Қаламгер атақты қолбасшы Михаил Фрунзенің әкесі Василий Фрунзенің Меркіде жерленгенін, атақты академик, паразитология ғылымының басты саласы гельминтология ілімінің негізін салушы Константин Скрябиннің Жамбыл жерінде өнімді еңбек еткенін, ол тұрып, еңбек еткен үйдің бүгінде ғалым атындағы мұражайға айналғанын әсерлі баяндайды.
С.Ордабековтің өзімен қатар қызмет атқарған небір саңлақ әріптестері, ақ халатты абзал жандар Анархан Әзімханұлы, Ораз Досқұлов, Мәди Бегалиев, Абдулла Шуланбаев, Төлеген Жұмабековтер туралы естелік эсселері тартымды жазылған. Қаламгердің әсіресе «Жошыбаев жолы» деген мақаласында Сейітхандай абзал азаматтардың аяулы бейнесі ерекше сүйіспеншілік сезіммен сипатталған. Сонау Бішкек қаласындағы абыройлы, жылы орнын қалдырып, туған жеріне қызмет ету үшін келіп, көптеген кедергілерді жеңе отырып, жүрек орталығын ашып, сан жүздеген науқастарға өмір сыйлаған азаматтығына бас иеді.
Ол өз ғұмырларында соңына өшпес із қалдырған қоғам қайраткерлері Дінмұхамед Қонаев, Айтбай Назарбеков, Мойнақ ГЭС-ін салған аяулы азамат Оразалы Қантаев, көркем сөздің хас шеберлері Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртазалар турасында да қалам тербей отырып, олардың азаматтық болмысын әр қырынан суреттейді.
Ал, Бауыржан Момышұлының жас журналист Кәкімжан Қазыбаевты шақырып алып, ерең еңбегі ел назарынан тыс қалып бара жатқан, бораған оқ арасымен барып, Рейхстагқа алғаш ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев туралы жаздыртқан ерекше дерек те оқырманды бейжай қалдырмайды.
Қарымды қаламгер небір өнер иелері туралы тың деректерді тауып, баспасөз бетінде жариялап, оқырмандарға жеделдете ұсынып отыруды бір сәт те есінен шығарған емес. Бұл орайда Сағындықтың өз кәсібінің қат-қабат қарбаласында жүріп, тартымды да тұшымды, қызғылықты, ойыңа ой қосатын, пікіріңді ұштайтын дүниелердің, эсселердің, суреттемелердің молдығымен таңғалдырады. Өнер, әдебиет әлемінде, өзіндік із қалдырған айтулы тұлғалар Майкөт Сандыбайұлы, Құлыншақ Кемелұлы, Сарыбас Майкөтұлы, Мәді Шәутиев, Шәмші Қалдаяқов, Тәкен Әлімқұлов, Тынышбай Рахым, Артығали Ыбыраев, Төлеу Үшқоңыров, Әбдімомын Желдібаев, қазақтың тұңғыш балетмейстері Дәулет Әбіров, Нұрғиса Тілендиев, бүгінгі көзі тірі Илья Жақанов, Маралтай Райымбекұлы, Қали Сәрсенбай туралы эсселері тартымды жазылған. Сәкең Шәмші Қалдаяқов туралы көлемді естелік эсселері ұлы сазгердің күрдегі өмірінің белгісіз қырларын байыппен суреттейді. Қатаң ауырып келіп, ауруханаға түскен Шәмші ағаның сәтті емделіп шығуы, екеуінің кереметтей ашық көңілмен сырласуы, пікірлесуі, сондай-ақ атақты «Сыған серенадасының» дүниеге келуі де осы тұста әсерлі бейнеленген.
Сағындық Ордабеков өзі өмір сүріп отырған қоғамның жетістігі мен кемшілігін жіті аңғарады. Қашанда оның жақсылығы қоғамның құтты олжасы, құнды қасиеті екендігі айдан анық нәрсе. Ал, ол қоғамның көзге ұрып тұратын кемшіліктері, етектен тартар кеселді, көлеңкелі көріністері қалам иесінің жанына тыншу бермейді. Оны осынау тіршілік майданында толғандырмайтын дүние жоқ десе де болғандай. Байлық пен билік, билік пен биіктік, алғыс пен қарғыс, жомарттық пен сараңдық, кісілік пен кішілік, тірлік пен тіршілік, қайырымдылық пен қатыгездік, даңқ пен дақпырт, сағыныш пен өкініш секілді өмірдің сан тарам құбылыстары, көріністері сергек сезімді, өткір ойлы қаламгердің назарынан тыс қалмайды. Оларды құр, жалаң, жалпылама айтпай, әр тақырыпқа лайық өмірден алынған, өзі көріп, куә болған оқиғаларымен бедерлеп, дәйектеп отырады.
Оның медицина ғылымына енгізген үлкен үш жаңалығы, яғни бауыр ішіндегі құрт алынған соң қуысты толтырып, бүріп тігу, эхинококкозға лазерлік қандауырмен операция жасау, плазма-жалынмен күйдіру жаңалықтары әлемдік медицинада мойындалды. Қазақстандық доктордың еңбегімен сырттай танысып, еңбегіне тәнті болған Нью-Йорк ғылым академиясы оны өзінің мүшесі етіп сайлады. Ал, Сәкеңнің 1987 жылы Мәскеуда арнайы аспирантурадан өтпестен кандидаттық диссертациясын, 1997 жылы да докторантураны оқымай- ақ бірден докторлығын қорғағанын былайғы жұрт біле бермейді. Бұл – ғылым әлемінде кездесетін сирек жағдай. Ол көптеген шет елдерде өткен ғылыми конференцияларда мазмұнды, іскерлік сипатқа толы баяндама жасап, құрметке бөленді. Мақалалары Ресейде,Өзбекстанда, Түркияда, Қырғызстанда, Германияда, АҚШ-та жарық көрді.
Қоғамды алға сүйрейтін – білім мен ілім. Сол игілікті ілімнің, білімнің арқасында Сағындықтай ер азаматтарымыз өмірден күдер үзген, ажал аранымен бетпе-бет келген небір жандарды аяғына тік тұрғызғаны шындық қой. 75-тің жалынан ұстаған ардақты азаматымызға денсаулық тілей отырып, оның әлі де күш-жігерін адам баласы үшін ізгі істерін сәтті жалғастыра берсін, қаламының қауқары қажымасын деп тілек қосайық!
Пернебай ДҮЙСЕНБИН,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.