Азаматтық бастамалардың әлеуеті зор
Жыл сайын өңірде азаматтық қоғам институттарын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Мәселен, өткен жылы облыста тұңғыш рет үкіметтік емес ұйымдарға гранттар бөлінді. Бұл бастама өңір үшін жаңа белес болғаны анық. Жалпы сомасы 16,72 миллион теңгені құраған бұл жобалар азаматтық қоғам мен жергілікті биліктің ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеріп отыр. Яғни, өңірде ардагерлерді қолдау, отбасылық құндылықтарды нығайту және азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған маңызды бастамалар жүзеге асырылды.
Соңғы жылдары әлеуметтік жобалар негізінен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс механизмі арқылы жүзеге асырылып келген болатын. Бірақ гранттық жүйенің енгізілуі өңірлердің қажеттіліктеріне жедел әрі тиімді жауап беруге жағдай жасады. Нәтижесінде, міндеттерді «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ сияқты кәсіби операторларға жүктеу мүмкін болды. Орталықтың басқарма төрағасы Лима Диастың айтуынша, бұл қадам үкіметтік емес сектордың жұмысына жаңа серпін беріп, азаматтық қоғамның дамуына ықпал еткен.
Орталық 2016-2024 жылдар аралығында жалпы сомасы 14,8 миллиард теңгені құрайтын 842 гранттық жобаны жүзеге асырған. Ал, үстіміздегі жылдың көрсеткіші – 2,8 миллиард теңге, 200-ге жуық жоба. Оның ішіндегі 108 жоба жергілікті атқарушы органдар, 65 жоба Мәдениет және ақпарат министрлігі, 17 жоба Сыртқы істер министрлігі және 7 жоба «Шелл» компаниясы тарапынан қаржыландырылған екен. Өз кезегінде бұл гранттар қысқа мерзімді (3 айдан 1 жылға дейін), орта мерзімді (1-2 жыл) және ұзақ мерзімді (2-3 жыл) болып бөлінеді.
Ал, облыста гранттар есебінен үш жобаны жүзеге асырған. Бұл жобалар өңірдің ең өзекті мәселелерін шешуге бағытталған. Осындай сәтті жүзеге асқан бастамалардың бірі–«Ардагерлеріміз–Ардақтыларымыз» жобасы. Аталған жоба республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының тарапынан жүзеге асырылған.
Жоба менеджерінің айтуынша, жобаны жүзеге асыру барысында жастарды тарту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Сөйтіп, ардагерлер мен жас ұрпақ бірге жұмыс істеп, сабақтастық пен бірліктің негізін қалады. Атап айтқанда, облыста «Қарттар кеңесі» және «Аналар кеңесі» сияқты бірнеше өңірлік конференциялар мен форумдар өткізіліп, оларға 100-ден астам адам қатысқан.
Грант аясында жүзеге асырылған тағы бір бастама – JAMBYL CIVIL HUB жобасы. «Жамбыл облыстық Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі қызметі арқылы жергілікті азаматтық қоғамды дамытуға қолдау көрсетуді мақсат тұтқан жоба үкіметтік емес ұйымдар, жергілікті билік және қоғам арасындағы белсенді өзара әрекеттестіктің катализаторына айналып, тәжірибе алмасуға және өзекті мәселелерді талқылауға арналған платформа құрған. Бұл өз кезегінде өңірлік үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыруға септігін тигізуде.
Грантты ұтып алған «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілдері жоба аясында қалалық және ауылдық ҮЕҰ басшылары үшін қаржылық сауаттылық пен бюджеттік процестерге азаматтық бақылау салаларында оқыту іс-шараларын өткізген. Жоба жетекшілері атап өткендей, аталмыш қолдау арқылы олар өзара тәжірибе алмасып қана қоймай, сонымен бірге басқа ұйымдармен бірлесе отыра өңірдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге кіріскен.
Облыста гранттық жүйенің табысты басталуы жергілікті биліктің белсенді қолдауының арқасында жүзеге асқанын атап өткен жөн. Облыстық әкімдік гранттық қозғалысты бастауға катализатор болып, осы бастаманы іске қосты. Жергілікті биліктің қолдауымен гранттық жүйе әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру сапасын арттырды, бірқатар міндеттерді Бірыңғай грант операторына тапсыру арқылы бұл жүйе қаржыны бөлуді айқындай түсіп, қойылған міндеттердің орындалу тиімділігін арттырды. «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ төрағасы Лима Диастың айтуынша, Жамбыл облысы бұл бағытта басқа өңірлер үшін үлгі саналады. Гранттық жүйенің енгізілуі арқылы ҮЕҰ-лар өз жобаларын сәтті жүзеге асырып, әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында тиімді жұмыс істей алуына септігін тигізуде. Сонымен қатар, бұл жүйе азаматтық қоғамның белсенділігін арттырып, жергілікті билік пен бизнес-қоғамдастық арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай үлес қосып отыр.
Жергілікті атқарушы билік пен үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен бұл жұмыстары, гранттық жүйенің әрі қарай дамуы мен оның жаңашылдықты қабылдау деңгейі, әртүрлі әлеуметтік топтармен диалогтың артуы, аймақтың дамуына бағытталған жаңа бастамалар – осының барлығы гранттық жүйенің жемісін көруге зор мүмкіндік болмақ. Алдағы уақытта жергілікті азаматтарымыз қолға алған жобалардың нәтижесі басқа өңірлердегі ҮЕҰ-дарды әлеуметтік бастамаларды тиімді қолдауға ынталандырады деп күтілуде.
Нұрболат АМАНБЕК