Экономика

Жол сапасы жақсарып келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында көлік-логистикасына үнемі жоғары деңгейде көңіл бөліп келеді. Кешегі еліміздің белді басылымдарының бірі – «Ana tili» газетіне берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатында да инфрақұрылым саласына айрықша тоқталған болатын. «Біздің реформаларымыздың, экономиканы дамыту үшін қабылдап жатқан шараларымыздың бәрі азаматтардың әл-ауқатын жақсартуды, тұрмыс сапасын арттыруды көздейді. Басқа мақсат жоқ, бұл – Үкіметтің ең басты міндеті», – деп атап өткен болатын Президент сұхбатында.

Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, облысымыздағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 4358, елді мекен көшелерінің желісі 5726 шақырымды құрайды, оның 1194-і республикалық, 1756-ы облыстық, 1408-і аудандық маңызы бар автомобиль жолдары болса, 5726- ы елді мекендер көшелерінің желісі.

Сонымен, өткен жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін қалпына келтіру жұмыстарына барлығы 25,5 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат есебінен 16,5 шақырымды құрайтын көше жолын, бір көпірдің құрылысы мен 3 шақырым жол қайта жаңғыртудан, 690,4 шақырым жол орта жөндеуден өткізілген. Сондай-ақ, бөлінген қаржы ішінде жалпы 2,3 миллиард теңге жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, жергілікті жолдар, елді мекен көшелерін ағымды жөндеу мен күтіп ұстау жұмыстарына бағытталып, тиісті жұмыстар атқарылған. Сонымен қатар, жергілікті маңызы бар автожолдардың бойында үй жануарларының жолға шығу ықтималдығы жоғары орындарға 45 жануардың, мектеп алдындағы жаяу жүргінші жолақтарының алдына 39 оқушының макеттері орнатылған. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, үнемделген қаражат есебінен Жамбыл ауданы, Қостөбе ауылында 1,2 шақырым жасанды жарық орнату жұмыстары жүргізілген.

Басқарма басшысының айтуынша, жол жөндеу жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету үшін, Автомобиль жолдары Комитетінің қарамағындағы «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» жөнделген автожолдарға тексеру жүргізді. Сапа орталығымен 400 жерге шығып зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 2000 сынама алынған. Нәтижесінде, 986 сынамалар бойынша кемшіліктер мен сәйкессіздіктер анықталған. Кемшіліктерді жою барысында 24,4 миллион теңгені құрайтын сапасыз салынған 5 800 шаршыметр асфальтбетон жамылғысы мердігерлер есебінен қайта салынды. Ал, сапасыз жол құрылыс материалдарының қолданылуы немесе келісімшарт талаптарының бұзылуына жол берген мердігерлерге 39 миллион теңге тұрақсыздық айыппұлдары салынып, 1 мердігер жосықсыз ретінде танылса, 6 мердігерді жосықсыз деп тану бойынша сот процестері жүруде.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ