Аймақ

Жағдайды жіті қадағалап, назарда ұстаймыз

Облыстық «Aq jol» газетінің 2025 жылдың 11 қаңтар күнгі кезекті №3 ( 19569) нөмірінде аға тілші Есет Досалының «Мал ұрлығына қашан тыйым болады?» атты сын мақаласы жарық көрді. Мақалада мал ұрлығына қатысты мәселелер жақсы көтеріліп, әр аудандағы ішкі істер бөлімдерінің бастықтарынан жауап келтірілген. Мақала жазылу барысында мен де журналист сауалына жауап берген болатынмын.

Тағы да мәлімет берсек, 2024 жылдың 12 айында Жамбыл облысында мал ұрлығының тіркелуі 11 пайызға төмендеді. Қылмыстардың ашылуы 55,3 пайызды, ал ауыр санаттағы қылмыстардың ашылуы 64,1пайызды құрады (2023 жылы – 56,6 пайыз). Бұл полиция қызметкерлерінің халықпен жүйелі түрде жүргізген түсіндіру және рейдтік шараларының оң нәтижесін көрсетеді.

Мал ұрлығын болдырмаудың маңызды профилактика лық шараларының бірі – ҚР ӘҚБтК 406-бабы (құжатсыз тасымалдау) және 408-бабы (мал жаю қағидаларын бұзу) бойынша жауапкершіліктер. 2024 жылы 406-бап бойынша 266, ал 408-бап бойынша 1718 құқық бұзушылық анықталды.

Өткен жылы мал ұрлығына қатысы бар 44 тұлға, соның ішінде 15 қылмыстық топ ұсталды. Мысалы, Тараз қаласының төрт тұрғыны Байзақ және Жамбыл аудандарында мал ұрлығымен айналысқан. Олар арнайы операцияның арқасында құрықталып, істері сотқа жіберілді.

Мал ұрлығының 75 пайызы жайылымдағы малды қараусыз қалдырудан туындайды. Сонымен қатар, жәбірленушілер қылмыс туралы полицияға кеш хабарлап, алдымен өз беттерінше іздестіруге тырысады. Бұл қылмыстың ізін суытпай ашуға кедергі келтіреді. Полиция мал ұрлығының алдын алу үшін тұрғындарды сақтық шараларын күшейтуге шақырады. Уақтылы хабарлау – қылмысты тез ашудың кепілі.

Бұл мақалаға және тұрғындардың жанайқайына қатысты алдағы уақытта да аудандармен байланысты күшейтіп, мал ұрлығын болдырмау барысында жауапкершілікті арттыратын боламыз.

 

Мақсат ЮСУПОВ,

облыстық полиция департаменті криминалды полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі.