Президенттің Біріккен араб әмірлігіне сапары: Саммитке қатысып, сөз сөйледі
13-15 қаңтар күндері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Біріккен Араб Әмірліктерінде болды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Мемлекет басшысы сапар барысында «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитіне қатысып, БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді, сондай-ақ осы елдің іскер топ өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.
ШЕТЕЛДІК САПАР САММИТТЕН БАСТАЛДЫ
Бұл Қазақстан басшысының биылғы алғашқы шетелдік сапары. Президент жылда шет елдерге жасайтын сапарларын осы Парсы шығанағынан бастайды. Бұл жолы Қасым- Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның шақыруымен «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитіне қатысуға арнайы барған.
Расында да, кейінгі жылдары БАӘ мен Қазақстан арасындағы инвестициялық қарым- қатынас жақсы дамып келеді. Бүгінде екі елдің ортақ инвестициялық портфелінде 7,7 миллиард долларды құрайтын 40-қа жуық бірлескен жоба бар. Араб инвесторлары біздегі логистикаға, ауыл шаруашылығы мен туризм, IT салаларына қаржы құюға ынталы. 2023 жылы Қазақстанға Әмірліктерден 900 миллион доллардан аса инвестиция құйылыпты. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Ал былтыр 9 айдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы бірегей жобаларға 400 миллион доллар қаржы салынған.
БАӘ – АРАБ ӘЛЕМІНДЕГІ БАСТЫ СЕРІКТЕС
Алдымен Qasr Al Shatie сарайында Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездескен Қасым- Жомарт Тоқаев 2023 жылы шейхпен Абу Дабиде және Дубайда өткен кездесулерді ықыласпен еске алып, келіссөздер нәтижесі екіжақты қатынастарға тың серпін бергеніне әрі ықпалдастықтың жаңа бағыттарына жол ашқанына назар аударды. «БАӘ – біздің араб әлеміндегі басты серіктесіміз. Елдеріміздің игілігі үшін екіжақты және көпжақты байланыстардың барлық бағыты бойынша тығыз ынтымақтастық құруға ниеттіміз. Мен достық, өзара сенім мен құрметке негізделген стратегиялық серіктестігімізді нығайтуға Сіздің қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймын. Аса Мәртебелі Президент мырза, Сізді өз елімде құшақ жая қарсы алуға дайынмын. Қазақстанға жасайтын сапарыңыз екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың жаңа кезеңіне бастау болатынына сенімдімін», – деген Президент бүгінде БАӘ еліміздің экономикасына қаржы құйған он ірі шетелдік инвестордың қатарына кіретінін атап өтті.
Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян өз сөзінде екі елдің ынтымақтастығын жоғары бағалап, Қазақстанмен арадағы саяси диалог пен экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейтудің және бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды толық жүзеге асырудың маңызына тоқталды. БАӘ Президенті Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы байланыс 2025 жылы өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтеріліп, екі елдің дамуы мен өркендеуіне ықпал ететініне сенім білдірді. Ол халықаралық және аймақтық қауіпсіздік пен орнықты дамудағы өзекті мәселелерді шешуде Астананың үлесі зор деп санайды.
НИГЕРИЯМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ НЫҒАЯДЫ
«Абу Дабидің орнықты даму апталығы» халықаралық саммиті алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Нигерия Федеративті Республикасының Президенті Бола Ахмет Тинубумен кездесті. Мемлекет басшысы еліміз Африка құрлығындағы халық тығыз қоныстанған және ірі экономикасы бар Нигериямен сан қырлы ынтымақтастықты нығайтуға баса мән беретінін жеткізді. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Нигерия Президентін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Бола Ахмет Тинубу болса, екіжақты қарым- қатынасты жаңа әрі сапалы деңгейге көтеру үшін бірлесе күш жұмсауға дайын екенін растады. Тараптар сауда-экономика, көлік- логистика, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ықпалдастықты дамыту перспективасын талқылады. Мемлекеттер басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, көпжақты құрылымдар аясындағы байланысты жандандыру маңызды екенін атап өтті.
БІРІНШІ СӨЗ СӨЙЛЕГЕН ПРЕЗИДЕНТ САММИТТЕ НЕ ТУРАЛЫ АЙТТЫ?
14 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясында «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитінің ашылу салтанатына және орнықты даму саласындағы Zayed Sustainability Prize сыйлығын тапсыру рәсіміне қатысты.
«Абу Дабидің орнықты даму апталығы» (ADSW) – орнықты даму және климат өзгерісіне қарсы күрес мәселелеріне арналған жетекші жаһандық алаңдардың бірі. Жиын жасыл технология мен энергияның қайта жаңартылатын көздеріне инвестиция салуды ынталандыруға, БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына жету үшін инновациялық шешімдер іздеуге бағытталған. Биыл форум «Болашақпен байланыс: Орнықты дамуды жеделдету» тақырыбында өтті. Жиынға орнықты дамудың жаһандық сын-қатерлерін талқылау үшін бірқатар елдің басшылары мен саясаткерлер, сондай-ақ қайта жаңартылатын энергия көздері, технологиялық даму және инновация салаларындағы көшбасшылар, сарапшылар, инвесторлар мен кәсіпкерлер қатысты.
Саммитте бірінші болып сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде әлем климаттың өзгеруі, қуаңшылық, биоалуантүрліліктің жойылуы, су тапшылығы және азық-түлік қауіпсіздігі секілді аса өзекті проблемалармен бетпе-бет келіп отырғанын ат ап өтті. Геосаяси шиеленіс пен жеткізу тізбегінің бұзылуына байланысты бұл жағдай одан сайын ушыға түсті. Президент Қазақстанның аталған түйткілдерді үш басты бағытқа, атап айтқанда, цифрландыру мен жасанды интеллект, ірі инфрақұрылымдық жобалар және ядролық энергетика салаларына негізделген стратегия арқылы шешуге ниетті екенін жеткізді.
Президент көлік инфрақұрылымының маңызына да тоқталды. «Еуразия құрлығындағы жетекші транзиттік торапқа айналған біздің ел үшін орнықты дамудың тағы бір маңызды алғышарты – көлік және транзит саласы. Біз көлік инфрақұрылымына, атап айтқанда, автомобиль және темір жолдарының, әуежайлар мен теңіз айлақтарының құрылысына инвестиция салуды белсенді түрде қолға алдық. Байланыс мүмкіндіктерінің аясын одан әрі кеңейту үшін Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізін дамытуға, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасында елеулі рөл атқаруға ниетті. Мақсатымыз – өңіраралық қатынастарды нығайтып қана қоймай, орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ететін тұрақты жеткізу тізбегін қалыптастыру», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаһандық жылыну – Орталық Азия үшін басты сын-қатердің бірі. «Жылыну үдерісінің үдей түсуі экожүйелерге, тұрмыс-тіршілікке және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Сол себепті тез арада климатқа бейімделу стратегиясы қажет. Сондай-ақ, біздің өңір трансшекаралық өзендерге тәуелді. Сондықтан бізге ерте ескерту жүйесін құрып, су және жер ресурстарын басқару ісін жетілдіру керек. Бұл ретте су үнемдеу технологияларына инвестиция салып, ирригация жүйелерін жаңғыртуға тиіспіз. Су ресурстарын тиімді басқару келісімдеріне қол жеткізіп, жасанды интеллекттің, жерсерік арқылы мониторингтің және басқа да цифрлық құралдардың көмегіне жүгінгеніміз жөн», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігіне баса назар аударып, күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселенің бірі ретінде атады. Әлемдік нарықты азық-түлік өнімдерімен және тыңайтқыштармен тұрақты қамтамасыз ету үшін инновациялық тәсілдер қажет. Қазақстан халықаралық нарыққа мол көлемде бидай мен ұн экспорттайтын ел ретінде орнықты ауыл шаруашылығының әдістері мен технологияларын одан әрі жетілдіруді көздейді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, аталған сын-қатерлерге төтеп беру үшін әлемге жаңа даму парадигмасы керек. Ол орнықтылық, әділдік пен тұрақтылық ұғымдарына негізделуге тиіс. Жаһандық проблемаларды үш маңызды қағидатқа арқа сүйеген біртұтас жүйе арқылы шешуге болады. «Бірінші, «жасыл» қаржыландырудың қолжетімділігі. Оның көлемі елеулі түрде ұлғаюға тиіс. Екінші, технология трансферті, техникалық қолдау және ғылыми зерттеулер саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың аясын кеңейту. Күн энергиясы, «ақылды» ауыл шаруашылығы, көміртегі сүзгісі және жасанды интеллект негізіндегі климаттық технологиялар әртүрлі инновациялық шешімдер ұсынады. Үшінші, климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі басымдықтардың, экономикалық даму мен жасанды интеллекттің синергиялық ықпалдастығы. 2030 жылға қарай жаһандық ішкі жалпы өнімнің 16 пайыздан астамын осы үш бағыттың өзара үйлесімі қамтамасыз етуі мүмкін. Бұдан шығатын қорытынды: мемлекеттер орнықты даму саласындағы түрлі мақсаттарға барынша икемді әрі дербес тәсіл қолданғаны дұрыс», – деген Қазақстан Президенті сөзінің соңында аталған саммит орнықты даму саласындағы алдағы онжылдықтарға арналған басымдықтарды айқындап, әрекеттерді үйлестіретін маңызды алаңға айналуына тілектeстік білдірді.
Саммитте Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Руанда Президенті Поль Кагаме, Финляндия Премьер-министрі Петтери Орпо, Малайзия Премьер-министрі Ануар Ибрагим, Халықаралық табиғатты қорғау одағының президенті Разан Әл Мүбарак және басқалар сөз сөйледі.
ЖАМБЫЛДАҒЫ ЖЭС ҚҰРЫЛЫСЫНА 1,4 МИЛЛИАРД ИНВЕСТИЦИЯ САЛЫНАДЫ
Қасым-Жомарт Тоқаев Абу Дабиге жұмыс сапары аясында Masdar компаниясының бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Рамахи мен ADNOC компаниясының қайта өңдеу және өткізу жөніндегі бас атқарушы директоры Халид Салминді қабылдады.
Мемлекет басшысы Мұхаммед Әл-Рамахимен кездесу кезінде Қазақстан мен Masdar компаниясы арасындағы серіктестік жаңа әрі сапалы деңгейге көтерілгенін атап өтті. Президент компания өкілдерімен бірге Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылысын жүзеге асыруға қатысты келісімдерге қол жеткізілгенін айтты. Аталған ірі жобаға 1,4 миллиард доллар инвестиция салынады.
Кездесу барысында Мұхаммед Әл-Рамахи компанияның құрылыс жұмыстары бойынша жоспарымен бөлісті. Сондай-ақ, жоба аясында жел турбиналарының өндірісіне жергілікті өнімдерді қолдануға қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мұхаммед Әл-Рамахи Masdar компаниясының Қазақстандағы қызмет аясын кеңейте отырып, жаңартылатын энергетика және цифрландыру салаларындағы маңызды жобаларды іске асыру жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар, Abu Dhabi National Oil Company (ADNOC) қайта өңдеу және өткізу жөніндегі бас атқарушы директоры Халид Салмин қатысқан кездесуде Президент еліміздің ADNOC компаниясымен серіктестікті одан әрі дамытуға баса мән беретінін атап өтсе, Халид Салмин екі елдің ұлттық мұнай-газ компаниялары арасындағы өзара ықпалдастықтың перспективаларына тоқталды. Кездесуде мұнай-газбен қатар геологиялық барлау ісіндегі бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланып, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.
Айта кетсек, 2006 жылы құрылған Masdar компаниясы жаңартылатын энергия көздері және тұрақты даму саласындағы әлемдік көшбасшы болып табылады. Компанияның бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл- Рамахи осыдан тура екі жыл бұрын Абу Даби қаласында Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу барысында Қазақстанның жасыл энергетиканы дамыту саласындағы әлеуеті зор екенін және Masdar бұл жобаны сәтті әрі нәтижелі іске асыруға мүдделі екенін атап өтіп, Қазақстанмен ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын айтқан болатын. Жалпы, еліміз 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді, сондай- ақ 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 4 пайыздан 15 пайызға дейін арттыруды көздеп отыр.
Кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Abu Dhabi Ports Group бас директоры Мұхаммед Әл-Шамисимен кезде сіп, екіжақты ынтымақтастықтың перспективасын талқылады. Сондай-ақ, әңгіме барысында көлік-логистика саласында бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселесі де қарастырылды. Президент Abu Dhabi Ports компаниясының бірқатар ірі нысан құрылысына қатысты жоспарына қолдау көрсетіп, бұл бастамалар Қазақстанның Каспий теңізіндегі айлақ және теңіз инфрақұрылымын дамыту жөніндегі стратегиялық мүддесіне сай келетінін атап өтті. Мемлекет басшысы көлік инфрақұрылымы мен тасымал дәліздерін дамыту еліміздің орнықты экономикалық өсімін қамтамасыз етуде және халықаралық сауданы жандандыруда ерекше рөл атқаратынын жеткізді.
Мұхаммед Әл-Шамиси Пре зидентке «Самұрық-Қазына» қорымен және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен тиімді серіктестік орнатқаны туралы мәлімет берді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мұхаммед Әл- Шамиси бірлескен жобалардың табысты жүзеге асатынына сенім білдірді.
ЖИ-ДІ ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары барысында сарапшылармен жасанды интеллектті (ЖИ) дамыту мәселесін талқылады. Мемлекет басшысы ЖИ қазіргі замандағы прогрестің ең басты қозғаушы күштерінің бірі саналатынын әрі экономиканы түбегейлі өзгерте алатынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ЖИ саласына жоғары санатты маман даярлау және қолдау ісіне айрықша басымдық беріп отырғанына тоқталды. Президенттің айтуынша, ЖИ-дің қолданысқа табысты енуі осындай технологияларды әзірлейтін және пайдаланатын адамдардың біліктілігі мен тәжірибесіне тікелей байланысты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы елімізде AlemAI озық технологиялар орталығы құрылғанын мәлімдеді. Орталық әлемдегі үздік тәжірибелерді игеріп, инновациялық шешімдердің енгізілуіне ықпал етеді. Президент жасанды интеллектке байланысты бастамаларды жүзеге асыратын хабта мектептерге, университеттерге және кәсіби даярлық орталықтарына арналған білім беру бағдарламалары жасақталатынын айтты. Сондай-ақ, онда зерттеушілерге, стартаптар мен компанияларға арналған кеңселер, тәжірибе алмасу алаңдары орналасады. «Біз ЖИ саласындағы адам капиталын дамыту мақсатында AI-Sana деп аталатын инновациялық білім беру бағдарламасын жасадық. Бағдарлама түрлі сала мамандарының пәнаралық даярлығын қамтамасыз етеді және ЖИ-ге қатысты озық шешімдерді әзірлеуге септігін тигізеді», – деген Президент Қазақстан жаһандық жасанды интеллект экожүйесінің белсенді мүшесі болуға ұмтылатынын жеткізді. Сонымен қатар кездесуге қатысушыларды ғылыми зерттеуден бастап этикалық стандарттарды бекітуге дейінгі сан салалы жұмысқа атсалысуға шақырды.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП