Жарқын болашаққа жасалған қадам
Ертеңін ойлаған ел бүгін баянды бастама жасайды. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы да жарқын болашақ үшін жасалған қадам. Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ұлттық қордан әр балаға 100 АҚШ долларынан қаржы бөлу басталған еді. Биыл бұл төлем ұлттық қордың инвестициялық табысының жақсы нәтижелеріне байланысты көбейеді. Өткен жылдың он айында Ұлттық қордың инвестициялық табысы 5,3 миллиард доллар болыпты.
Ұлттық банктің мәліметінше, төлемдер 2025 жылдың қаңтар айындағы балалар санына байланысты болмақ. Биылғы балаларға арналған төлем есепшоттарына ақпан айында түседі.
Өткен жылдың қараша айында Қаржы министрлігі 2025 жылы «Балаларға арналған ұлттық қор» жобасына 888,8 миллион доллар бөлінетінін хабарлаған болатын. Ал, желтоқсанда Сенаттың жалпы отырысында Сенат депутаты Нұртөре Жүсіптің сұрағына жауап берген Қаржы министрі Мәди Тәкиев те балалардың болашағы үшін берілетін соманың биылғы жылғысы өсетінін айтқан еді.
Бұл бағдарлама бойынша Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы жылына бір рет 18 жасқа дейінгі қазақстандық балаларға бөлінеді. Өткен жылы 18 жасқа толған азаматтарға 100,05 доллар төленген. Осы сомадағы төлем өткен жылы еліміздің 6,9 миллион кәмелетке толмағандарына берілген. Биыл 19 жасқа толған жасөспірімдер өткен жылғы төлемдерін нысаналы мақсатқа пайдалануға алды.
Биыл облысымыздан 21626 жасөспірім 19 жасқа келіп, 2 миллион 173 мың 846 теңге нысаналы қаражаттарын алған.
Өткен жылы облысымыздан 472 мың 426 балаға Ұлттық қордан 47 миллион 488 мың 262 теңге тиесілі төлем бөлінген.
Қамар ҚАРАСАЕВА