Кітап оқу дәстүрі аудандарда жалғасты
Биылғы 2025 жыл облысымызда Кітап оқу жылы болып жарияланып, жыл басында облыстық деңгейде ашылуы салтанатты түрде өткізілген болатын. Сол үрдіспен осы жобаны қолдау мақсатында Т.Рысқұлов ауданында да атаулы жылдың бастауы әдеби іс-шарамен ұйымдастырылды.
Оған аталған ауданнан шыққан ақындар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шырын Мамасерікова, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының өкілі, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман, республикалық «Жас Алаш» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибек, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаев қатысып, шығармашылық тақырыбында өз ойларын ортаға салды.
Кітап оқу адамды ізгі қасиеттерге тәрбиелей отырып, әрнені тереңінен ойлауға жетелейді. Сондай-ақ, жан- жақты дамуға ықпал етіп, білімді арттырады. Кітап оқудың осындай игіліктерін тілге тиек еткен аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әбілханұлы атаулы жылдың қоғамдық парасаттылықты арттыруға ықпалы зор болатынына сенім білдірді.
Мәдени іс-шарада аудандық кітапхананың кітапханашылары Айымжан Сәлімжан Хамит Есаманның «Серт», Лаура Молдагуланова Шырын Мамасерікованың «Құланым – атамекенім», Аида Муканалиева Кәріпжан Нүсіптің «Өмірімнің жазы едің», Сандуғаш Егембердиева Қуандық Шолақтың «Өзіңді оқып» өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды. Аудандық орталық кітапхананың оқырмандары Жансая Тұғылшиева Әдібай Табылдының «Атыңнан айналайын – Тәуелсіздік!», Жұлдыз Бейсенбай Совет Әлімқұловтың «Бала ерлігі», Нұрсана Әбілқасым Хамит Есаманның «Бақыт», Айнұр Нұрбек Табиғат Абаилдаевтың «Армандарым кетерде жарға құлап...» атты өлеңдерін нақышына келтіре оқып, басқосуға қатысушы кітапсүйер қауымның зор ықыластарына бөленді.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т.Рысқұлов ауданы