Дәуір дарабозы дәріптелді
Қазақ халқының тарам-тарам тарихына асау толқындай адымдап еніп, елдің бүгіні мен ертеңіне елеулі ізін қалдырған алыптар бар. Соның бірі дәуірдің мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы — Дінмұхамед Қонаев. Биыл қоғам қайраткерінің туғанына 113 жыл толып отыр. Өңірде аптал азаматтың есімін ардақтауға арналған іс-шаралар легі жалғасуда.
Облыс руханиятының қарашаңырағы Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қабырғасында аптал азаматтың туған күніне орай «Ғасырдың дара тұлғасы» тақырыбында еркін форматта пікірлесу өтіп, оған ардагер журналист Тұрсынхан Толқынбаев, Қонаев атындағы қордың Жамбыл филиалының директоры Қибат Асқарбеков, ардагерлер кеңесінің жанындағы аналар ұйымының комиссия төрағасы Хадиша Оспанова, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ сынды арда азаматтар қатысты.
Басқосуға қатысушылар Дінмұхамед Қонаевтың артына қалдырған ең құнды дүниесі – халық сенімі екеніне айрықша тоқталды. Халық өз көшбасшысының билік басында ғана емес, қасында екенін де сезінді. Оның қарапайымдылығы, шынайылығы мен қашанда өз халқының жанынан табыла білгенін көпшілікке үлгі етті.
«Бүгінгі күні оның мұрасына көз жүгіртсек, Қонаев тарихтың жай ғана бір парағы емес, жерімізді, халқымызды сүю және оған қызмет етудің ең озық үлгісін көрсетіп кеткен қайраткер екенін түсінеміз», – деп қосты Қибат Асқарбеков.
Кемеңгер тұлғаның қоғамға, мемлекетке және халқына сіңірген өлшеусіз еңбегін, ерлікке толы өмір жолын ұлықтап, өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шарада қонақтар Д.Қонаевтың өмірі мен қызметі жайында құнды деректермен бөлісіп, оның ұлт үшін жасаған еңбектеріне ерекше тоқталды. Сонымен қатар, кітапхана қызметкерлері тұлғаның даналық сөздерін оқып, аптал азаматтың ғұмырындағы сәулелі сәттерді құрметпен еске алды.
Ал, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әртісі, Мәдениет саласының үздігі Бақыт Шағырбаев қайраткерге арналған «Дәуір тұлғасы» әнін, сондай-ақ Д.Қонаевтың досы, қоғам қайраткері Асанбай Асқаровты еске алуға арналған «Алатаудың ақ иығы» әнін орындады.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ