Әлеумет

Өңір өміріне өң берген инновациялар

Еліміздегі саясаттың ашықтығын қамтамасыз етіп, цифрландыру саласында сең жүргізген Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы екені баршаға мәлім. Мемлекет басшысының бұл бастамасы қоғамдағы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тапты. Осыдан бастап билік пен бұқара арасын жақындата түсетін тетіктер қарастырыла бастады. Соның арқасында бүгінде цифрлық қолжетімділіктер еліміздің барлық саласына дендеп еніп келеді. Облысымызда да бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жалғасын табуда. Өміріміздің өзегіне қан жүгірткен жаңашылдық бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстарға зер салып көрдік.

Қолжетімді интернет

Облыста сапалы интернет желісімен 367 елді мекен қамтылған. Оның ішінде, 46 елді мекен – 2G, 63 елді мекен – 3G, 258 елді мекен жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетпен қамтамасыз етілген. «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы аясындағы «2023-2027 жылдары Жамбыл облысының елді мекендерінің интернет желісіне және байланысына сапалы қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі» Жол картасына сәйкес, 2025-2027 жылдары 198 елді мекенде мобильді интернет желісінің сапасын 4G-ге арттыру, 28 елді мекенде жергілікті атқарушы орган тарапынан электр желілері мен антенна-діңгек құрылысымен қамтамасыз етілген жағдайда мобильді байланыс сапасын жақсарту, 170 елді мекенді (455 мемлекеттік мекеме және 8175 кәсіпкерлік субъектілері) талшықты- оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету жоспарланған. Осылайша, 2027 жылдың соңына дейін облыстың елді мекендері 4G-мен және талшықты-оптикалық байланыс желісімен 100 пайыз қамтылмақ. Бұдан бөлек, республикалық, облыстық маңыздағы жолдарды цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 2024-2025 жылдары 12 антенна діңгек құрылысын соғу көзделген болса, соның 7-і өткен жылы Шақпақата-Отар автокөлік жолы бойында соғылуы тиіс болатын. Алайда, республикалық бюджеттен уақтылы қаражат бөлінбеуіне байланысты құрылыс жұмыстары биылғы жылға шегерілген. Облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Руслан Ноқрабековтің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар бүгінде жалғасын табуда.

– Жыл басынан бері Тараз қаласында және 57 елді мекендерде мобильді интернеттің сапасын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілді. 2023 жылмен салыстырғанда төртінші буынды жоғары жылдамдықты интернетімен 14 елді мекен қамтамасыз етілді, сондай-ақ байланыс сапасын жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар, мобильді байланыс операторлары Жол картасында көрсетілген жоспардан тыс елді мекендерде байланыс жақсарту бойынша жұмыстар жүргізуде. Облыс орталығы Тараз қаласында «Мобайл Телеком-Сервис» серіктестігі тарапынан 2023-2025 жылдары облыс орталығында 5G/ IMT бесінші буындағы мобильді байланысын 27 халық көп жиналатын объектілерде орнату жоспарланған. Бұл бойынша бүгінгі күні 26 базалық станция орнатылды, – дейді Руслан Мосқауұлы.

Менеджменттік қызметтердегі жетістік

Соңғы жылдары жобалық менеджменттің тәсілдері, принциптері мен құралдары мемлекеттік басқару саласында да өзекті болып отыр. Шетел сарапшыларының бағалауы бойынша бүгінгі күні әлемде 24 миллионнан астам маман әртүрлі саладағы жаңашылдықтарды жобалық-бағдарлау қызметі арқылы жүзеге асырады. Әлем елдерінде жобаларды басқаруға жыл сайын шамамен 10 триллион АҚШ доллары жұмсалады. Тәжірибе көрсеткендей, ірі жобаларда стандарттық жобалық технологияларды қолдану 15-20 пайыз экономикалық тиімділікке алып келеді. АҚШ жобалық менеджмент институтының болжамы бойынша 2030 жылдарға қарай бағдарламалар мен жобаларға әлем бюджетінің шамамен 30 пайызы бағытталатын болады. Еліміз де бұл үрдістен тыс қалған жоқ. Ел Үкіметінің 2020 жылғы 24 қаңтардағы кеңейтілген отырысындағы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде және 2022 жылғы 1 ақпанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің тапсырмалары аясында мемлекеттік қызметте жобалық басқару қағидаларын қолдану жұмыстары бастау алған болатын. Бүгінде бұл міндетті өңірлерде Жобалық басқару және цифрландыру орталықтары жүзеге асырады.

Облыстың Жобалық басқару және цифрландыру орталығы екі бағытта жұмыс атқарады. Оның біріншісі – мемлекеттік секторға жобалық басқаруды енгізу және дамыту болса, екіншісі – цифрлық саясатты іске асыру. Аталған орталық бүгінде мемлекеттік секторға жобалық басқару қағидаларын енгізе отырып, мемлекеттік органдар арасында коммуникацияларды нығайту жұмыстарын іске асыруда. Мәселен, жергілікті атқарушы органдар үшін Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына сәйкес аталған орталық «Адами капитал», «Кәсіпкерлік және өнеркәсіп», «Инфрақұрылым», «Агроөнеркәсіптік кешен», «Үлгілік базалық» сияқты бес базалық бағыт бойынша өңірлерді дамыту бағдарламасын іске асырудың бірыңғай жобалық архитектурасы аясында жұмыс жүргізеді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және 2022 жылғы 1 ақпанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің тапсырмалары шеңберінде мемлекеттік қызметте жобалық басқару қағидаларын қолдану жұмыстары тапсырылған болатын. Аталған қағидаларға сәйкес орталық бірыңғай ақпараттық жүйеде жұмыс атқарып, мемлекеттік орталық және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылының тиімділігін, сапасын, ашықтығын арттыру мақсатында жүктелген міндеттерді орындап келеді. Бүгінгі таңда жобалық кеңсе бірқатар бағыттар бойынша белсенді жұмыс істеуде. Олардың қатарында Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» Жол картасы, 2024 жылы экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі Үкіметтің іс-шаралар жоспары аясындағы жобалар, «Қолжетімді интернет», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту», «Жайлы мектеп» ұлттық жобалары, «Easy project» ақпараттық жүйесінде «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» №4 үлгілік базалық бағыты бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде, – дейді облыстық жобалық басқару және цифрландыру орталығының директоры Гүлпара Ташенова.

Орталық басшысының айтуынша, ақпараттық жүйенің дұрыс жұмыс істеуі салаға жауапты министрлікпен қадағаланады, тиісінше Президент әкімшілігі жүйе арқылы өңірлерде іске асып жатқан жобаларды бақылай алады. Айта кету керек, жобалық офис бұл бағытта өңірлер арасында жобалық тәсілдерді енгізу бойынша алдыңғы қатарда келеді. Бұған мысал ретінде орталықтың Астана қаласында өткен «Qazaqstan Project Management Awards – 2023» республикалық ұлттық конкурс байқауында «Үздік жобалық кеңсесі» номинациясы бойынша бас жүлдені иеленіп алғандығын айтуымызға болады. Қазіргі кезеңде орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп 120-дан астам жобаны «Битрикс» және EasyProject бірыңғай республикалық жобалық басқару жүйесінде атқаруда.

Ел болашағына салынған инвестиция

Отандық білім жүйесіне жыл сайын жаңа цифрлық өзгерістер еніп келеді. Өз кезегінде мұндай жаңашылдықтар еліміздің технологиялық әлеуетін арттыратыны анық. Осы бағытта биыл облысымыздағы балабақшаларға цифрлық қаржыландыру жүйесі – ваучерлік әдіс пилоттық жоба ретінде енгізіліп отыр. Бұдан былай мектепке дейінгі ұйымдар бұрынғыдай мемлекеттік тапсырыс алудың орнына, Indigo ваучерлік моделімен қаржыландырылмақ. Бұл әдіс арқылы ата-аналар ең жақсы балабақшаны таңдап, көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылай алады. Сондай-ақ, жаңа қағиданы енгізу нәтижесінде балалар бір балабақшадан екіншісіне оңай ауыса алады. Бұл ретте мектепке дейінгі мекемелердің еңбек шығындары қысқарып, жаңа ұйымдар жүйеге оңай қосылады.

Қазіргі таңда елімізде цифрлық платформа Қазақстанның төрт қаласында, атап айтқанда Тараз, Шымкент, Түркістан мен Орал қалаларында енгізілді. Болашақта оны республика бойынша іске қосу жоспарланған. Халықаралық тәжірибені алғаш рет Ұлыбританияда «білім алуға жәрдемдесу схемасы» деп аталатын шектеулі квази-ваучерлік схема ретінде қолға алған. Сондағы жобаның мақсаты – әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан қабілетті, дарынды оқушылардың сапалы әрі қолжетімді білім алуына жағдай жасау болды. Дәлірек айтсақ, олардың білім және ғылым департаментінде тіркелген тәуелсіз мектептерде оқуы үшін төленетін ақысын мемлекет көтереді. Бұл тәжірибе кейіннен кәсіптік білім беруде кеңінен қолданылған. Бүгінде бұл әдіс Чили, Колумбия елдерінде, АҚШ-тың бірқатар штатында ваучерлік бағдарлама ретінде қолданылады. Белгілі болғандай, бұл тәсілді енгізу – табысы төмен отбасылардан шыққан оқушылардың жекеменшік мектептерде білім алуына мүмкіндік берумен қатар, мемлекеттік мектептерде бала санының көптігінен сыныптардың толып қалуы, яғни орын жетіспеушілігі мәселесін де шешкен.

Ваучерлік тәсіл қалай жүзеге асады?

Мұнда мемлекет баланың балабақшаға, мектепке, не болмаса жоғары оқу орнында оқу ақысын не тамақтану және басқа да шығындарын төлеу үшін ваучер береді. Ол қолға ұсталатын ақша емес. Дегенмен, белгілі бір ақша сомасымен бағаланады. Сондай-ақ, оқу не өзге шығынды толық өтемеуі мүмкін. Мемлекет ваучер бере отырып, оқу орнына қаржыны аудару жолымен оқу ақысының толық немесе бір бөлігін төлеу міндетін алады. Түсінуімізше, бұл жұмыстар мемлекеттік орган, жекеменшіктегі білім беруші ұйым және ата-ана арасындағы өзара келісімшарттар арқылы реттеліп отырады. Ең бастысы, білім беру саласында ваучерлік тәсілді пайдалану арқылы ата-аналар мен оқушылардың таңдау мүмкіндігін кеңейтуге, білім беру жүйесінде нарықтық қатынасты дамытуға, қызмет көрсетуде бәсекелестікті арттыруға, қаржының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

– Бүгінде облыс бойынша жекеменшік 280 қала бойынша 86 балабақша бар. Жыл санап бұл көрсеткіш үсті-үстіне артып келеді. 2022 жылдан бастап мемлекеттік балабақшаға үш жастан емес, екі жастан бастап ала бастады. Ал, жекеменшік бақшалар сәбилерді бір жастан бастап алады. Балабақша жайлы айтқанда мектепке дейінгі баланың баратын басты ордасы туралы ойлаймыз. Бөбекжай – әр ата-ананың еркесінің, алақанға салып аялап отқан үмітінің үйден тыс тәлім алатын, үйренетін жері. Жаңа тәсіл бойынша ата-ана Indigo жүйесі арқылы өтінім береді. Оған жекеменшік балабақшалардан бос орындар ұсынылады. Тиісінше, өтінім беруші соның бірін таңдаса, оның төлем шотына қаржы мемлекет тарапынан аударылады. Бүгінде елордалық мамандармен бірлесіп бұл бағытта ата-аналар мен бөбекжай иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Жоба пилоттық негізде іске асқан соң, мұнда өзіміздің де үйренеріміз көп, – дейді Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің мектепке дейінгі тәрбиелеу жөніндегі әдіскері Гүлфайруз Есенқұлқызы.

Елімізде ваучерлік қаржыландыруды «Қаржы орталығы» АҚ басқарады. Бұл ретте Indigo жүйесі арқылы банктер, ұлттық білім беру платформасы және басқа да ведомстволар арасында деректер алмасу дербес қамтамасыз етіледі. Облысқа арнайы түсіндірме жұмыстарымен келген астаналық мамандар жаңа жобаның артықшылықтарын айтып өтті.

– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының Жолдауында Білім және ғылым министрлігіне 2025 жылға дейін алты жасқа толмаған балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту міндеті жүктелген болатын. Бұған байланысты министрлік тарапынан мектепке дейінгі білім берудің бүгінгі жағдайына шұғыл талдау жасалды. Айталық, елімізде 10 179 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар, оның 4 450-і – жекеменшік балабақша. Осы орайда 906 800 бала мектепке дейінгі білім берумен қамтылған болса, олардың 40,6 пайызы жекеменшік балабақшаға барады. Яғни, мектепке дейінгі білім беру қызметінің тең жартысынан астамын жеке балабақшалар қамтамасыз етіп отыр деген сөз. 2021 жылы осыны назарға алған министрлік Президент тапсырмасына сәйкес алты жасқа дейінгі балаларды түгел балабақшамен қамтуда біріншіден – жекеменшік балабақшалардың үлесін арттыру, екіншіден – ваучерлік механизм арқылы жүзеге асыруды ұсынды. Бұған сәйкес, ваучерлік механизм арқылы ата-ана өзіне қолайлы балабақшаны таңдайды. Сондай- ақ, бүгінде білім басқармалары мен бөлімдері мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаны конкурс арқылы анықтап отырса, ата-анаға таңдау еркі беріледі. Нәтижесінде салада бәсекелестік орын алып, білім мен тәрбие беру қызметінің сапасы артады, – дейді «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Ибраимов.

Айта кетейік, бүгінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында бір миллионға жуық бала тәрбиеленуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ел өңірлерінде 75,5 мың орындық 627 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Бұл – кезекте тұрған екі жастан алты жасқа дейінгі балалардың 93,1 пайызын мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиемен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Мектепке дейінгі білім беру саласындағы цифрландыру үрдісі мұнымен шектелмейді. Қазіргі таңда ел аумағында мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын балалардың ата-аналары үшін 4,2 мыңнан астам консультациялық пункт жұмыс істейді. Бұл балаларды тәрбиелеу мен дамытуға маңызды көмек көрсетеді, оларды оқыту мен мектепке дайындаудың тең бастапқы жағдайларын қамтамасыз етеді. Өткен жылы бұл бойынша 328 мыңнан астам ата-ана мен бала әдістемелік және педагогикалық қолдау алған. Сонымен қатар, ата-аналарды қолдау үшін «Беске дейін үлгер» мобильді қосымшасы іске қосылды. Пилоттық режимде ол Абай аймағында, сондай- ақ Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда облыстарында сыналды және ата- аналарынан оң пікірлер алып отыр. Бұған қоса мектепке дейінгі және бастауыш білім беруді синхрондау бойынша баланың жеке даму картасы цифрландырылып, ұлттық құндылықтар негізінде «Тәрбие бесігі» бағдарламасы әзірленген, білім беру ұйымдарында әлеуметтік орта құруға бағытталған «Тілге бойлау» пилоттық жобасы іске қосылған. Халықаралық инновациялық тәжірибеге негізделген жоба еліміздің бес өңірінде жүзеге асырылуда.

Электронды еңбек биржасы

Цифрландыру бойынша тиімді жүзеге асқан жобалар қатарында enbek.kz электрондық еңбек биржасын атап өтуге болады. Жұмыс іздеу және қызметкерлерді іріктеу мүмкіндіктерін ұсынатын жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң бүгінде жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер тарапынан кең қолдау тауып келеді. Электрондық еңбек биржасы – мемлекеттік жұмыспен қамту орталықтарынан да, жеке агенттіктерден де, онлайн алаңдардан да бос жұмыс орындары мен түйіндемелерді жинақтайтын еліміздегі алғашқы цифрлық алаң. Онлайн платформа 2017 жылы қазан айында Астана, Алматы, Павлодар және Шымкент қалаларының Жұмыспен қамту орталықтарында пилоттық жоба ретінде, ал 2018 жылдың қаңтарынан бастап бүкіл Қазақстан бойынша іске қосылды. Осылайша, электрондық еңбек биржасы еңбек нарығының негізгі қатысушыларын біріктіре алды.

Өткен жылдың қорытындысына жүгінсек, enbek.kz электрондық еңбек биржасында ең көп өтінім тамыз-қыркүйек айларында орналастырылған. Осылайша, шілде айымен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 26 пайызға өсіп, жүйеге 131,8 мың бос жұмыс орны және 129 мың түйіндеме енгізілген. Жаңа оқу жылының басталуы есебінен білім беру саласындағы жоғары білікті кадрларға сұраныс арта түскен. Нәтижесінде ел аумағында жалпы және орта білім беру ұйымдарынан 15 мыңнан астам бос жұмыс орны орналастырылып, математика, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері, бастауыш сынып мұғалімдері мен тәрбиешілер сұранысқа ие мамандықтардың қатарына кірді. Сонымен қатар, орта білікті мамандарға сұраныс 10 пайызға өссе, ал біліктілігі жоқ маман үшін бұл көрсеткіш төрт пайызға дейін қысқарған. Шілде айымен салыстырғанда Солтүстік Қазақстан облысын қоспағанда, барлық өңірлерде бос жұмыс орындарының саны өскен. Бұл бойынша бір айдағы ең жоғарғы өсім 98 пайыздық көрсеткішпен Алматы облысында тіркелсе, екінші орынға 84 пайыздық көрсеткішпен Жамбыл облысы тұрақтаған. Соның есебінен облысымызда 3,2 мыңға жуық бос жұмыс орындары шоғырланған. Ал, бос жұмыс орындарының жалпы саны бойынша халық тығыз орналасқан Астана, Алматы қалалары мен өнеркәсіп жақсы дамыған Қарағанды облысы көш бастайды.

Бос жұмыс орындарының жалпы өсуіне қарамастан, фермерлерге, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс және көлік жұмысшыларына сұраныстың төмендеуі байқалған. Тиісінше, ұсыныс берушілер тарапынан ауыл шаруашылығы жұмысшылары мен өндірістік сектор операторларының түйіндемелер саны да азайған. Ал, біліктілік бойынша орта білікті жұмысшылар ең жоғары сұранысқа ие екендігі байқалған. Бүкіл республика бойынша бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы ақпарат күн сайын әртүрлі дереккөздерден жаңартылып отырады. Мәселен, Enbek.kz электронды биржасында көрсетілген соңғы деректер бойынша облысымызда бос жұмыс орындар саны 4,5 мыңнан асқан. Оның ішінде, Тараз қаласы жалпы көрсеткіштің 3/1-ін құрайды. Ал, аудандар бөлінісі бойынша көш басында облыс орталығына жақын орналасқан Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандары мен Шу ауданы жайғасқан.

Жыл бойына атқарылған жұмыстар есебінен жалпы салаға тартылған инвестициялар көлемі де өткен жылы айтарлықтай артқан. Мәселен, 2023 жылы 208 миллион 157 мың теңге қаражат тартылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1 миллиард 213 миллион теңгеге жеткен.

 

Бетті дайындаған Нұрболат АМАНБЕК.