Медицина саласы серпінді дамуда
Өткен жыл өңірдегі бірқатар сала үшін жемісті болды. Атқарылған жұмыстардың сапасы мен ел игілігіне беріліп жатқан нысандарға қарап осындай тоқтамға келу әбестік емес. Мәселен, былтыр бір ғана денсаулық сақтау саласы бойынша облыста 18 нысан пайдалануға беріліпті.
ЖАҢА НЫСАНДАР – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ
Нақтылай айтқанда, 2024 жылы жалпы сомасы 7,4 миллиард теңгеге 26 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілген. Бүгінде оның 22-сі пайдалануға берілсе, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасымен жүргізілген 18 нысанның құрылысы толық аяқталып, халық қызығын көруде. Атап айтқанда, жуырда ғана Жуалы ауданы Жетітөбе ауылдық округінің Тасбастау ауылында 15 келушіге арналған денсаулық сақтау нысанының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Құрылысты жүргізген мердігер «Синдикап групп» ЖШС, жобаның сметалық құны 194,072 миллион теңге. Аталған ғимараттың құрылысы халыққа қолжетімді, сапалы және дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсету мақсатында салынды. Аудан орталығынан 18 шақырым жерде орналасқан емдеу мекемесі тұрғындарға сапалы қызмет көрсету үшін арнайы жабдықтармен, тиісті құрал-саймандармен, электр қуаты арқылы арнайы жылытылатын пештермен, табиғи газбен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, Жамбыл ауданына қарасты Қостөбе ауылында да тұрғындар дәл осындай емдеу нысанына ие болды. Бес келушіге арналған медициналық пункттің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Перизат Үмбетәлі қатысты. Аудан басшысы Ерлан Қыдыралыұлы көптен бері ескі ғимаратты ем-дом алуға қолданып келе жатқан ауыл тұрғындары үшін салынған нысанның мүмкіншілігіне тоқталып, заманауи үлгідегі кешеннің ашылуымен құттықтады. Қостөбе ауылындағы 79 аулада 500-ге жуық тұрғын тұрады. Бұдан бөлек, аудандық орталық ауруханаға жедел жәрдем көлігінің кілті табысталды.
Дәл осындай игі іс Қордай ауданының Беріктас ауылында жалғасын тапқан. Заманауи фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылуы салтанатты түрде өтіп, іс-шараға аудан әкімдігінің, медицина саласының қызметкерлері, жергілікті тұрғындар мен ауылдың сыйлы ақсақалдары қатысты. Мемлекет басшысының соңғы Жолдауында ауыл медицинасын дамыту, шалғайдағы елді мекендерді сапалы медициналық көмекпен қамту – басты басымдықтардың бірі ретінде айқындалған еді. Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында ашылған жаңа ФАП – ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға жасалған нақты қадам десе болатындай. Себебі, жаңа медициналық пункт ең озық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Бұл – халыққа алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету деңгейін жоғары сапаға көтереді. Мұнда ауыл тұрғындары тек дер кезінде ем қабылдап қана қоймай, аурудың алдын алу мүмкіндігіне де ие болады. Осынау игілікті іс әсіресе, шалғайда орналасқан Беріктас секілді ауылдар үшін аса маңызды.
Сонымен қатар, осындай сипатта Байзақ ауданы, Базарбай ауылында 10 келушіге арналған фельдшерлік пункт, Қызыл жұлдыз ауылында 45 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория, Дихан-2 ауылында 15 келушіге арналған, Тегістік ауылында 15 келушіге арналған фельдшерлік акушерлік пункт ел игілігіне берілді. Дәл осыған ұқсас нысандар Жамбыл, Жуалы, Меркі, Мойынқұм және Тұрар Рысқұлов аудандарында да бой көтеріп, халықтың мұқтажына тапсырылды.
Қалған 2 нысанның құрылысы, атап айтқанда Талас ауданы, Ақкөл ауылы бір ауысымда 45 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория мен Қордай ауданы, Үлкен Сұлутөр ауылы бір ауысымда 45 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория құрылысы 2025 жылға өткен. Сондай-ақ, өңірлерді дамыту бағдарламасымен 136,4 миллион теңгеге Жамбыл ауданы, Қоңыртөбе ауылында 5 келушіге арналған медициналық пункт құрылысы аяқталып, өткен жылдың қазан айында пайдалануға берілді. Қосымша «Ауыл-Ел бесігі» жобаларын жүзеге асыру бойынша 2024 жылы құрылыс басқармасы арқылы Қордай ауданында 514 214 мың теңгеге Масаншы ауылдық ауруханасының емханасына қосымша құрылыс салу мен 2 656,9 миллион теңгеге жаңа нысан соғу жоспарланған. Бүгінгі күнге екі нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталды. Қордай ауданы, Масаншы ауылдық ауруханасына қарасты емхананың қосымша құрылысы өткен жылдың тамызында пайдалануға берілді. Ал, Қордай ауданы Сортөбе ауылындағы ауылдық аурухана аумағында 200 келушіге арналған емхананың құрылысы толық аяқталып, бүгінгі күнге құрал-жабдықтардың жеткізілуі күтілуде.
МЕДИЦИНА МАМАНДАРЫН ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ ҚАРҚЫНДЫ
Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы ұсынған мәліметтерге сүйенсек, аймақтағы медициналық ұйымдарда 15 236 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде, 3 360 дәрігер және 11 876 орта медициналық персонал бар. Ал, ауылдық жерлерде жалпы 6 468 адам еңбек етеді, оның ішінде 1 336 дәрігер және 5 132 орта медициналық персонал жұмыс істейді. Өңірде жұмысқа келген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау үшін 2024 жылы 41 денсаулық сақтау қызметкеріне 367,3 миллион теңге көлемінде республикалық бюджеттен 1 500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомаға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік кредиттер берілген. Ал, 129 маман 100 айлық есептік көрсеткіш (47,6 миллион теңге) мөлшерінде көтерме жәрдемақы алған. Жамбыл облыстық мәслихатының шешіміне сәйкес, медицина және фармацевтика қызметкерлеріне біржолғы әлеуметтік көмектің мөлшері ауылдық аудандарға, кенттерге, моноқалаларға және кадр тапшылығы жоғары аудандық маңызы бар қалаларға жіберілген мамандар үшін 8 500 000 теңге, кадр тапшылығы орта деңгейдегі елді мекендерге 1 200 000, Тараз қаласына жіберілген мамандар үшін 800 000 теңге болып бекітілген болатын.
Мамандарды әлеуметтік қолдаудан бөлек, кәсіби тұрғыда біліктілік арттыру шаралары да тұрақты жүріп отырады. Мәселен, былтырғы жылдың соңында жамбылдық дәрігерлер Ұлыбританияда тағылымдамадан өтті. Лондонда ұйымдастырылған бір апталық бағдарламаға Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, №5 және №7 қалалық емханалардың, Қордай, Меркі, Талас және Жамбыл аудандарының орталық ауруханаларының дәрігерлері, сондай-ақ облыстық көпбейінді ауруханасының мамандары қатысқан. Тағылымдама «Отбасылық медицинаны дамыту және жалпы тәжірибелік дәрігердің құзыретін арттыру. Ұлыбритания тәжірибесі» тақырыбына арналған. Делегация мүшелері Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің жұмысын, алғашқы медициналық көмек көрсету модельдерін, заманауи технологияларды, оның ішінде электрондық медициналық карталар мен телемедицинаны зерттеді. Сонымен қатар, медициналық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған тәсілдерді талқыға салды. Бағдарлама барысында жамбылдық дәрігерлер Лондонның жетекші клиникаларына барып, британдық әріптестерімен тәжірибе алмасып, нақты жағдайларды зерделеді. Жиналған білім мен алдыңғы қатарлы тәжірибе Жамбыл облысының медицина саласына енгізіліп, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталмақ.
СОҢҒЫ ТЕХНОЛОГИЯЛАР – САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ КЕПІЛІ
Облыстық мамандандырылған оңалту орталығында науқастардың денсаулығын қалпына келтіру үшін жаңа технологиялар тұрақты түрде енгізіліп келеді. Соның ішінде ерекше қуанышты жаңалық – өткен жылдың соңына қарай орталыққа алғаш рет экзоскелет аппараты жеткізілді. Заманауи құрылғы ұзақ уақыт төсек тартып жатқан, инсульттан кейінгі немесе басқа да ауыр жарақаттар алған науқастардың қозғалу мүмкіндігін қалпына келтіруге көмектеседі. Экзоскелет аппараты науқастың аяққа тұрып, өздігінен жүріп үйренуіне мүмкіндік береді. Бұл – оңалту саласындағы үлкен қадам. Сонымен қатар, орталықта заманауи оңалту құрылғыларының көптеген түрлері бар. Әлемдік стандарттарға сай роботтандырылған тренажерлар, физиотерапия және кинезотерапия жабдықтары, жүйке-бұлшық ет стимуляторлары, виртуалды терапия жүйелері және тағы басқа көптеген технологиялар науқастардың жағдайын жақсарту мақсатында тиімді түрде қолданылады.
Бұдан бөлек, облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен және жергілікті бюджет қаражаты есебінен облыстық көпбейінді ауруханасының клиникалық-диагностикалық бөлімшесіне жоғары технологиялық General Electric компаниясының Revolution Maxima мультиспиральды компьютерлік томографы орнатылды. Жаңа томографтың басты ерекшелігі – оның жоғары дәлдікпен зерттеу жүргізу қабілеті. Аталған аппарат 128 кесінді жасауға қауқарлы, бұл өз кезегінде науқастарға толық әрі нақты диагноз қоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, томограф кардиология саласында жүрек КТ-сы мен қан тамырларының ангиографиясын жүргізуде, омыртқа онкологиялық зақымдарын анықтауда, мидың перфузиясын зерттеуде, сондай-ақ интервенциялық хирургия мен кеуде, іш қуысының мүшелерін тексеруде тиімді. Жаңа томографтың орнатылуы аурухана мамандарына науқастарға дер кезінде әрі нақты диагноз қоюды жеңілдетіп, жоғары сапалы емдеу шараларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Компьютерлік томографиялық зерттеулер облысқа қарасты аурухана пациенттеріне және емхана жолдамасы бар науқастарға тегін негізде ұсынылады. Сонымен қатар, ақылы зерттеулер жүргізу мүмкіндігі де қарастырылған. Аталған бастама өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуға зор үлес қосып, тұрғындардың медициналық көмекке қолжетімділігін арттырады.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ