Метапневмовирус қаншалықты қауіпті, облыстағы жағдай қандай?
Ғаламтор кеңістігінен тағы бір індет жайлай бастағаны туралы естігелі біраз болды. Көпшіліктің көкейінде «Тағы да қарантин болады ма?» деген күмән да көп. Алайда, мамандар бұл жаңа вирус емес дейді. Елімізде ол бұрыннан барын мәлім еткен Денсаулық сақтау министрлігі ауа арқылы жұғатын метапневмовирусты тұмау, пневмонияға ұқсас респираторлық вирустық инфекция деді. Инфекцияның негізгі белгілері жөтел, мұрыннан су ағу, ентігу, бас ауруы болып келеді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, аймақта жіті респираторлық вирустық инфекциялар, оның ішінде метапневмовирустық жұқпа мен тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай салыстырмалы түрде тұрақты.
Ерік Тілләбекұлының айтуынша, шұғыл қоңырауларды қабылдау үшін 30 қосымша телефон желісі іске қосылған. Онлайн жазылу, call-орталықтар мен 50 автокөлік қызмет көрсетуде. Қорда вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер мен антибиотиктер жеткілікті. Нақты айтсақ, 40 мыңнан астам капсула «Тамифлю», «Реленза», 10 мыңнан астам «Оксолин» майы және басқа да дәрі-дәрмектер бар. Амбулаторлық деңгейде жедел респираторлық вирустық инфекция науқастарына үйге барып қызмет көрсету үшін 150-ден астам мобильді бригада жұмыс істейді. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек мекемелерінде жедел респираторлық вирустық инфекция белгілері бар науқастарға арналған сүзгілер мен изоляторлар ұйымдастырылған. Стационарларда температурасы көтерілген науқастарды қабылдауға арналған диагностикалық палаталар мен бөлек қабылдау бөлімдері жұмыс істейді.
Ал, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өткен маусымның ұқсас кезеңімен салыстырғанда ЖРВИ-мен сырқаттанушылық 13,3 пайызға төмендеген.
Жаппай карантин болмағанымен әркім өз денсаулығына жауапкершілікпен қараған дұрыс. Сонда ғана жұқпалы дерттің жайылмауына ықпал ете аламыз.
Қамар ҚАРАСАЕВА