Экономика

Өнім өндіру де, өткеру де оңай шаруа емес

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің белді басылымдарының бірі – «Ana tili» газетіне берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатында мемлекет экономикасы мен егемендікті нығайту – басты мақсаты екендігін және халықтың әл-ауқатын жақсарту жұмыстары тұрақты жалғаса беретінін жеткізді. «Мен инвестиция және бизнес саласындағы ахуалды жақсартуға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға айрықша назар аударамын. Күздегі Жолдауымда Үкіметке осыған қатысты нақты тапсырмалар бердім» дей келіп, содан бергі уақытта кәсіпкерлерге қатысты бірқатар заңдарға өзгерістер енгізіліп, кәсіпкерлер мүддесі үшін жеңілдіктер жасалғанын айтты.

Жалпы, Президентіміздің Жолдауларында елде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, шетелдік инвестиция тарту арқылы отандық кәсіпорын қуатын арттыруға көңіл бөлініп келеді. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, өңірімізде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 104 278-ге жеткен. Ал, мұнда жұмыспен қамтылған адамдар саны 164 607-ден асып жығылады.

Елімізде шағын және орта кәсіпкерлік саланы дамытуда бірқатар кедергілердің барын жеке кәсіпкерлер жоққа шығармайды. Мәселен, жеке кәсіпкер Әсима Ергебекова ірі сауда орталықтарында отандық өнімге қарағанда шетелдік өнімнің басым екендігін алға тартады.

Шын мәнінде, Президент Жолдауында айтқандай шағын және орта кәсіпкерлікке кедергі келтіретін қаулыларға түзетулер енгізіліп, Мемлекет басшысының пәрменімен құзық бұзушылықтардың 29 түрі бойынша кәсіпкерлерді қамауға алу жазасына тыйым салынуының өзі көп нәрсені аңғартады. Өкінішке қарай елде кәсіпкерлерге болыспайтын, олардың дамуына кедергісін тигізетін себептер азаймай отырғаны белгілі. Жоғарыда айтылған мысал соның бір ғана дәлелі.

Экономикалық сарапшылардың айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші кәсіпкерлердің көпшілігі өз өнімін әлі де болса арзан бағаға арадағы делдалдарға беруге мәжбүр. Өңірде кәсіпкерлерді қолдау мақсатында көп бастамалар қолға алынғанымен, шарапатын қарапайым шаруа көре алмай келеді. Соңғы бес- алты жылда әкімдердің бастамасымен өмірге келген шағын аудандардағы «Жеміс-жидек» павильондары, «Әлеуметтік дүкендер», «Алқаптан сөреге» тағы басқа жобалардың соңы сиырқұйымшақтанып кеткені белгілі.

Ал, аймақ кәсіпкерлерінің қолын байлап тұрғаны, өнімі жақсы болса да оның ірі сауда орталықтарында қабылданбауының басты себебі – құны едәуір жоғары дүниежүзілік сауда ұйымының арнайы сертификатын алу. Ол біз ойлаған 40-50 мың теңгенің төңірегінде шешілетін мәселе емес, құны бұдан он есе жоғары тұратын құжатты өнімін күзде ғана көретін шағын кәсіпкер алуға құлықсыз. Сөйтіп, өндірілген өнімнің бір бөлігі делдалдың қолында кетсе, бір бөлігін апталап базарларға өткеріп жүр кәсіпкер біткен. Осылайша, ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші кәсіпкер отандық өнімді ірі сауда орталықтарына өткізе алмағандықтан базар мен жәрмеңкелерде халыққа ұсынудан басқа амалы жоқ. Аяғынан нық тұрған орта және ірі кәсіпкерлер отандық нарықтан гөрі өнімін табысы мол шет елге экспорттағанды жөн көреді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ