Аймақ

Ауылшаруашылық саласының ахуалы талқыланды

Парламент Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаевтың қатысуымен Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық университетінде ауыл шаруашылығы саласының мамандарымен, оқытушы-професорлық құраммен, «Ауыл» партиясының мүшелерімен кездесу өтті. Кездесуді аталған университеттің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы Махметғали Сарыбеков ашып, ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды.

Махметғали Нұрғалиұлы өз сөзінде Мемлекет басшысының жақында «Ana tili» газетіне берген сұхбатында ауыл шаруашылығына сапалы мамандар дайындау керектігін айтып өткеніне тоқталып, өзі басқарып отырған университетте орман шаруашылығы, балық шаруашылығы мамандықтары жаңадан ашылып жатқанын жеткізді.

Мұнан соң, Парламент Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев сөз алып, еліміздің алға қойған жарқын жобалары да аз емес екеніне, шешімін таппаған өзекті мәселелер де көп екеніне тоқталды.

Жиналғандардың көкейлерінде жүрген ойлары аз емес екен. Мәселен, педагогика ғылымдарының докторы Қалдыбек Бөлеев: «Ауылға жайлы мектептер салынып жатыр ма? Әлде қалалық жермен шектеле ме?» десе, ғалым Мұрат Жұмаділдаев ауыл шаруашылығында мамандар жетіспейтінін, қай салаға қанша маман жетіспейтінін сұрады. Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Аманжол Аманбаев: «Тұқым шаруашылықтарына ешқашан тексеріс жүргізілген емес. Олардың жұмысы ауыл шаруашылығында өте маңызды. Қант қызылшасын өсіру кезінде де жоспармен, өнімді уақтылы өткізе алатындай деңгейде жұмыс істеуге болады» дей келіп, субсидияның неге нәтижесі болмай жатқанын сұрады. Ал, Қордай аудандық мәслихатының депутаты, Жайық Манасбаев екі мың бұқа өсіріп отырғанын, мемлекеттен ешқандай субсидия алмай, сондай нәтижеге қол жеткізгенін айтты. Мұнан соң, ғалымдар Аман Қарынбаев, Әли Исақов, Жамбыл су шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының бас директоры Нұрлан Балғабаев, «Ауыл» партиясы облыстық филалының төрағасы Алтай Райқұлов өз ойларын ортаға салды. Профессор Қалдыбек Бөлеев жастарды ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу жөнінде, ұлттық тәрбиені және адал жас ұрпақты қалыптастыру бойынша ұсыныс- пікірлерін айтты.

Халық қалаулысы Анас Ахатұлы қойылған барлық сұрақтарға жан- жақты жауап беріп, ұсыныстардың баршасын Мәжілістің жоғары мінберіне жеткуізетінін айтты.

Жиынды Махметғали Сарыбеков қорытындылап, Парламент Мәжілісінің депутатына және қатысушыларға алғысын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ