Жаңалықтар

Тұғырлы тұлғаға тағзым

Қазақ тарихында өзіндік орны бар тұлғаның бірі – Дінмұхамед Қонаев. Дінмұхамед Ахметұлы саналы ғұмырында ел дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Оның ғибратты ғұмыр жолы мен ерен еңбегі ұлтымыздың тарихында мәңгі сақталады.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына биыл – 113 жыл толды. Тұлғаның туған күні қарсаңында облыс зиялылары Д.Қонаев көшесіндегі еңселі ескерткіші алдында таңнан жиналды. Бұл салтанатты іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, аймақ ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысып, тұғырлы тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

«Биікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым. Қайтып ашар есігімді қатты жаппадым. Түптің түбінде оралар ортам – ел іші, ағайын ортасы. Қастерлей білсем қадірімнің кетпесін білдім. Панаң да – ел. Данаң да ел. Соған арқа сүйедім. Содан үйрендім», – деген Д.Қонаев көзі тірісінде-ақ аңызға айналған тұлға.

Көзі тірісінде қандай абырой мен атаққа, бақ пен даңққа ие болса, дүниеден өткен соң да сондай құрметін жоғалтпаған, тарихта сирек кездесетін ұлы тұлғалардың бірі. Дінмұхамед Ахметұлының 110 жыл толуына орай Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың облыстық бөлімшесінің ғимаратында ашылған Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Д.А.Қонаев орталығының» қызметкерлері мектеп оқушыларымен, зиялы қауым өкілдерімен үш жылдан бері түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Гүл қою рәсімінен кейін аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың Жамбыл облыстық бөлімшесінің ішін аралап, жұмысымен танысты. Онда атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары бағасын берді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ