Жаңалықтар

Су қоймаларының құрылысы қарқынды

Жуырда Мемлекет басшысы республикалық «Ana tili» басылымына берген сұхбатында қоғамдағы маңызды мәселелерге назар аударып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін, егемендігін және халықаралық аренадағы орнын нығайта түсу – басты мақсат екенін атап өтті. Сұхбатта Президент көктемгі су тасқынында халқымыз ынтымақтың озық үлгісін көрсеткенін айтып, азаматтардың қоршаған ортаны қорғауға қатысты жауапкершілігін арттыра түскен жасампаз жоба «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңызына тоқталды. Апатты жағдайлардың алдын алу бойынша кешенді жоспар жасақталғанын атап өтіп, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасын табатындығын жеткізді.

Ел тарихында мұндай алапат тасқын бұрын-соңды болмағанын атап өткен Мемлекет басшысы олқылықтың орнын толтыру бағытында Парламентте жаңа Су кодексінің жобасы қаралып жатқандығына тоқталды.

«Су ресурстарын басқару тұжырымдамасы және оның кешенді жоспары бекітілді. Онда 2030 жылға дейін 40-тан астам су қоймасын салу және 37 су қоймасын жөндеу қарастырылған. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын ирригация каналдарын жаңғырту көзделген. Төтенше жағдайларды болжау және оның алдын алу жүйесін жаңғыртуға қатысты ауқымды жұмыстар басталды. Су мамандарының тапшылығы мәселесін шешу және зерттеу жұмыстарын жандандыру үшін Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. Шын мәнінде, халықаралық қауымдастық су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін бірлесе әрекет етуі керек. Қазақстан осы мәселеге басымдық береді, – деді Президент.

Расында, елді әбігерге салған табиғи апаттан соң өңірлерде көктемгі су тасқынына дайындық шаралары күшейтіле түсті. Облысымызда да су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында өткен жылы облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен су шаруашылығы саласындағы инфрақұрылымдар жаңартылды. Атап айтқанда, 2023 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 53,675 миллион теңгеге Байзақ ауданындағы Воинское, Меркі ауданынан Аспара-1, Маханды, Ақермен-1 және Талас ауданынан Жәдік, Ойық, Қарашат, Қазақбай, Бөлекқызыл су қоймалары жөнделген. Ал, былтыр 9 су қоймасын жөндеу жоспарланып, бүгінде барлық су қоймасында жұмыстар толығымен аяқталған.

Бауыржан Момынқұлұлының сөзінше, облыста 2026 жылға дейін жаңа 12 су қоймасының құрылысын жүргізу, қолданыстағы 4 су қоймасын қайта жаңғырту жоспарланып, бүгінде тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Жалпы өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және егіс алқаптарын суармалы сумен қамту мәселесін шешу мақсатында халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен облыстың 6 ауданында су шаруашылығы және гидромелиоративтік жүйелерді қайта құру бойынша құны 37,4 миллиард теңгені құрайтын екі жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда жалпы ұзындығы 867, 9 шақырымды құрайтын 315 кана лдың 183-і жөндеуден өтіп, 47,5 мың гектар алқаптың ағын сумен қамтылу деңгейі артқан.

 

Нұрболат АМАНБЕКЕ