Әлеумет

Тонналап тәтті түбір жинаған еңбек адамы

Қазақтың әр ауылы – береке. Қай ауылға барсаңыз да таңның атысы, күннің батысы еңбектің қазаны қайнап жатады. Адамдары шетінен бейнеткеш, қанағатшыл. Бірлесу-Еңбек ауылының тұрғыны Күләш Жанғоразованы осындай озаттардың қатарына қосуға болады.

Ол 1965 жылы 18 жасында тұрмысқа шығып, екі жылдай ата-енесінің жағдайын жасап, отағасының қабағына қарады. Әсіресе, үлкендердің бетіне тік келмей, ізет көрсетті. Ауылдағы сыйлы да өнегелі келіннің бірі болды. Ешкім мұны діттеп жұмысқа шақырмаса да, жас күнінде қызылшаға шығуға өзі ниет білдіріпті. Әрине, қызылшаның басында қызық думан, ойын-сауық күтіп тұрған жоқ қой. Бұл жерден ауылдың жас келінінің еңбекке деген құлшынысын байқауға болады.

Күләш Сәткейқызы еңбекке осылай араласып, табаны күректей 30 жыл қызылша алқабында тер төкті. Звено жетекшісі болды. Сол жылдардың ішінде мұның қолымен мыңдаған тонна тәтті түбір дайындалып, қант зауыттарына өткізіліп жатты. Еңбек елеусіз қалған жоқ. 1980 жылы егіс даласында белшеден кешкен бейнеті үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Кейіннен мамандықты сырттай меңгеріп, 5 жылға жуық балабақша меңгерушісі болып еңбек еткені бар. Осылайша, ауылдың бүлдіршін балаларына берген тәрбиесін осынау елді мекеннің тұрғындары естерінен шығарған емес. «Марапат алайықшы деген жоқпыз. Ауылдың өркендеуі үшін, балалардың нәсібі деп еңбек еттік. Уақытпен санасқан жоқпыз. Қазір ауылдың үлкен-кішісі тегіс сыйлап тұрады. Оған да шүкіршілік етемін», – дейді 8 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген «Алтын алқа» иегері.

Бұл күнде омырауында «Еңбек екпіндісі», «Алтын алқа» медальдары жарқырайд. Жамбыл ауданының Құрметті азаматы. Жұбайы марқұм Әбдімаш Жанғоразов та нағыз еңбектің адамы болатын. Ауылдық ардагерлер кеңесін бақилық болғанша басқарып, ауыл жастарына үлгі-өнегесін көрсетіп кетті. Ал, Күләш Сәткейқызын құрметтейтіндер көп. Ауылдық округ бойынша 220 тұрғын бар. Солардың ішінде көпке үлгісі мен өнегесін таратып жүрген алдыңғы толқын ата-әжелердің орны бөлек. Оның ішінде «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Күләш Жанғоразова апайдан үйренеріміз көп. Сан салалы жұмыс барысында осындай үлгілі кісілерге арқа сүйеп, ақыл-кеңесін үнемі тыңдап отырамыз. Ол кісінің әр сөзі ауыл жастарына, жаңа түскен келіндерге, бойжеткен қыздарымызға тағылым», – дейді ауыл жастары.

Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған үлгілі шаңырақтан біз де береке мен татулықты, жылылық пен шұғылалы шуақты байқадық.

 

 

Есет ДОСАЛЫ

Жамбыл ауданы