Нан өндірісін өркендеткен кәсіпкер
Нәсібін кәсіптен тапқан азаматтың бірі – шақпақаталық Нұрбақыт Тілегенов. Біраз жылдан бері жеке шаруасын жүргізіп, сүт өнімдерін өңдеумен айналысып келе жатқан ол алдыңғы жылы қосымша нан өнімдерін өндіретін «Япоша-Жуалы» жеке кәсіпкерлігін құрған. Шақпақата ауылында орналасқан цехтың тәуліктік қуаты 2,5 тоннаны құрайды. Онда өндірілген өнім еліміздің түкпір-түкпіріне таратылып, өткеріледі. Бұдан бөлек, Өзбекстан Республикасына экспортталады.
Кәсіпкердің айтуынша, жаңа цехта нан өнімдерінің бірнеше түрі және суши, чикен өнімдері, фастфуд, тағы да басқа қытырлақ тағамдар дайындалады. Нұрбақыт Тілегенов алдағы уақытта цех жұмысының қуатын екі есеге арттырып, өнімін ел нарығынан бөлек Ресейге шығаруды жоспарлап отыр.
Бір атап өтерлігі, Нұрбақыт техника ғылымдарының кандидаты. Техника саласын жақсы меңгерген ол барлық құрал-жабдықты өзінің дәнекерлеу цехында жасатады. Сүт цехындағы барлық құрал-жабдықтың эскизін өзі сызып, дәнекерлеушілермен бірге жүзеге асырады. Бұл цехтағы иленген қамырды қоятын арба, ванна, қалыптар, сөрелер, өнім пісіретін пеш, уататын станок, бәрі-бәрі өздерінің дәнекерлеу цехында қолдан дайындалған. Тек мұндағы кептіру станогын ғана кәсіпкер Қытайдан тапсырыспен сатып алыпты. «Өңірде нан үгіндісін жасайтын цех ашуыма мүмкіндік берген бір себеп – елімізде газдың, электр энергиясының бағасының қолжетімділігі. Одан бөлек, таза ауыз судың молдығы мен ұнның өзімізде өндірілуі», деп атап өтті Нұрбақыт Тілегенов.
Қандай кәсіп бастасаң да көзін тапқанша қиындықтар болатындығы белгілі. Мұндай кезеңдерді Нұрбақыт та басынан өткерген. Ол цех жұмысын бастағаннан кейінгі алғашқы алты айда өнім сапасы көңіл толарлықтай болмай, шығынға да ұшырапты. Бірақ алған бетінен қайтпай, бастаған ісін аяғына дейін жеткізуді мақсат еткен ол табандылық пен ізденістің нәтижесінде жұмысын жолға қояды.
Бүгінгі күні бұл цехта айына 60-80 тонна өнім өндіріледі екен. Өндірілген өнімнің айына 20 тоннасы Өзбекстанға экспортталуда. Мұнда жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Жұмысшылардың жалақысы 15 күн сайын беріледі.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы