Әлеумет

Айтыстың ақтаңгері

1990 жылдың жазында Талас ауданының орталығы Ақкөл ауылында Ұлбике Жангелдіқызының 165 жылдығына орай өткізілген облыстық ақындар айтысында Шорабек Айдаров бас жүлдені иеленіп, ақбоз ат мінгені есімде. Ол уақытта байзақтық Әзімбек Жанқұлиевтің атағы дүркіреп шығып тұрған кез.

Кейбір тыңдармандарға Әзімбектің өлеңінсіз ас батпайтын. Дегенмен, Ақкөл ауылында өткен айтыста таластық Ербол Қамбатыр азуы алты қарыс Әзімбек Жанқұлиевпен терезесі тең айтыс жасап, көзге түсті. Үміт Битенованың да топқа түсе бастаған кезі болатын. Сөйтсек, Ерболдың да, Үміттің де ұстазы Шорабек Айдаров екен.

Міне, дәл осы бас жүлдесінен кейін Шорабек ақынның ұзақ жылдарға созылған жұлдызды шағы туды десек те қателесе қоймаспыз. Ол кісімен сөйлесіп, сұхбаттасу былай тұрсын, көшеде көріп қалған кісілердің қуанышы көпке дейін басылмаушы еді. Бірақ Айдаров қарапайым қалпынан айныған емес. Аталған жылдың қараша, әлде желтоқсан айында Алматы қаласында бір аптаға созылған республикалық ақындар айтысы өтті. Оған еліміздің көптеген аймағынан жетпіске жуық айтыскер қатысқаны есімізде. Ол уақытта республикалық айтыс жиі өте бермейтін. Жұрт жылына әрі кетсе, екі айтысқа куә болады. Қазіргідей әлеуметтік желінің дәуірлеген кезі емес. Көрермен көпшілік айтысты тек қазақ теледидарынан көреді. Жұрттың айтыспен сағынып қауышқан тұсы болатын. Осы айтыста белгісіздеу алғашқы қарсыласына:

Құрдасым, сен де ақ маңдай, мен де ақ маңдай,

Қосылса екі ақ маңдай шам жаққандай.

Жарқырап ай мен күндей боп отырмыз,

Вагонға көмір артқан солдаттардай, – деп немесе

Түріміз бейне біздің жонған таяқ,

Қап-қара қылып қойған қолдан бояп.

Жамбылдағы ГРЭС-тің бар мазуты,

Ұшып кеп бетімізге қонғандай-ақ, – деп төгіп-төгіп жібергені ел есінде, жұрт жадында.

1991 жыл Айдаров үшін сәттілікке толы болды. Аудандық білім бөлімімен бірге оқушылар айтысын ұйымдастырып, өзіне Райхан Мәселбекова, Бекен Досалиев, Алтыншаш Баққараева секілді талантты шәкірттер тапты. Ал, ол кезге дейін жоғарыда біз айтып өткен Ербол Қамбатыр, Үміт Битеновадан бөлек Басқанбек Раев, Асқарбек Айдаров, Мадина Сәбденбекова деген шәкірттері болатын. Осы 1991 жылы Алматы облысында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 60 жылдығына орай өткізілген республикалық ақындар айтысында бас жүлдені иеленді.

Сол жылы Таластың Ойық ауылында әйгілі шешен Бөлтірік Әлменұлының туғанына 220 жыл толуына орай үлкен ас өтіп, оның аясында республикалық ақындар айтысын осы Шорабек Бәтейұлы ұйымдастырды әрі өзі де айтысты. Сол кезде елімізге кеңінен танымал Есенқұл Жақыпбек, Бекарыс Шойбеков, Абаш Какенов, Айтақын Бұлғақов, Жәкен Омаров секілді аузымен құс тістеген ақындарды дәл қасынан көріп, бірқатарымен амандасып, қуанышқа кенелгеніміз бар. Міне, осы 1991 жылдың күз айында Алматыда өткен республикалық айтыста Шорабек Айдаров азуы алты қарыс, атағы алысқа кеткен жүйрік, Халық ақыны Қонысбай Әбіловты, басқа да белгілі айтыс ақындарының бәрін ұтты.

1994 жылы Алматы қаласында өткен республикалық айтыста олжа салды. Сол айтыста алғашқы қарсыласына:

Айтыста мен де өзімше ақтаңгермін,

Нәсібімді бап пенен бақтан көрдім.

Қайдан келген ақын деп сұрай қалсаң,

Малдары көп қырылған жақтан келдім, – дегені бар. Шорабек Бәтейұлы қай жерде айтысса да қоғамдағы күрделі, келеңсіз мәселелерді бүгіп қала алмайды. Оған ақындық ары жібермейді. Сол жылы қыс ұзаққа созылып кетіп, біздің облыста малдан едәуір шығын болғаны рас еді. Айтыскер осы мәселелерді меңзеп отыр.

1994 жылы Талдықорғанда Ілияс Жансүгіровтің туғанына 100 жыл толуына орай өткізілген республикалық ақындар айтысында Шорабек Айдаров бас жүлдені иеленіп, қазақ ақындары арасында тігілген тұңғыш автокөлікті мініп қайтты.

Міне, осы жеңістерінен кейін оның бойында үлкен сенім пайда болды. Ел арасында да абыройы артты. Өзі кейде әзілдеп:

Жамбылға аты мәлім Шорабекпін,

Жырымда дауылпаздай болар екпін.

Әттең-ай, домбыраны мандытпаймын,

Не түрін көрсетер ем кереметтің.

Айтысып талай-талай ақындармен,

Әсия, Нәсілханды орап өттім.

Әнеу жылы жеңдім де Қонысбайды,

Қыран құстай үстіне қона кеттім, – деп жырлап жүрді.

1997 жылы басталып, бір жылға созылған республикалық телеайтыста да Шорабек Бәтейұлының бағы жанды. Алғашқы іріктеу кезеңдерінің өзінде Елена Әбдіхалықова секілді танымал айтыскерден басым екенін байқатты.

Осы жылдар Шорабек Бәтейұлының тұрып жатқан аудан орталығы Ақкөл ауылына оңай соққан жоқ. Талас ауданының орталығы Қаратау қаласына көшіріліп, Ақкөл ауылының әлеуметтік жағдайы күрт төмендеп кетті. Көп тұрғындар жан- жаққа көшті. Сол кездегі 8 мың тұрғыннан қазіргі таңда 2 мың тұрғын қалды. Осынау жағдай қабырғасына батқан Шорабек кезекті облыстық айтыста:

Орталық Қаратауға көшіп кетіп,

Ақкөлім репрессияға ұшырады, – деп жан шырылын жеткізгені бар. Ол қай кезде де халқының басына түскен мәселелерді ащы тілімен әзілге орап жеткізіп, елдің мәселесін жырлаудан алшақ кеткен емес.

Шорабек Айдаров – қазақ айтысындағы шоқтығы биік тұлға. Оның өз кезеңіндегі айтыскер ақындардың көпшілігінен бәсі жоғары болып жүруі бекер емес. Ізденістің жемісі. Бір жағынан қанында бар асыл қасиет. Қанында бар дейтініміз, жетінші атасы Толыбай ауыл арасындағы дау-дамайға төрелік айтатын би, шешен кісі болса, өз атасы Айдардан да өлеңнің киесі алшақ кетпеген. Әкесі Бәтей де аз-кем өлең құрап отыратынын ауылдастары айтады.

Осы ретте өмірінің қырық жылдан астам уақытын айтыс өнерін дамытуға арнаған ұстаз, ақынның жетпіс жасымен құттықтап, шығармашылығына шалқар шабыт, толағай табыстар тілейміз.

 

Есет ДОСАЛЫ