Оқу озаттары олжадан кенде емес
А.Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен облыстық білім басқармасының бұйрығына сәйкес «Мектептерге арналған PISA» (PBTS) халықаралық зерттеуі өткізілді. Зерттеуге облысымыздан 61 білім мекемесінен 2005 оқушы іріктелді. Бұл 61 мектептің екеуі мектеп-интернаты болса, бесеуі мектеп-гимназия, 2-і шағын орталықты орта мектеп, 2-і тірек мектебі, 45-і орта мектеп, 5-і мектеп-лицей. Халықаралық зерттеу нәтижесінің қорытындысында оқушыларымыз көрсеткен біліммен облысымыз І орынды иеленді.
Бұл жөнінде облыстың білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Мұхит Нысанбаев тарқата айтып, оқушыларымыз «математикалық сауаттылығы» бойынша 572 балл көрсетіп, республикалық көрсеткіштен (424) 148 баллға жоғары, «оқу сауаттылығынан» 452 баллмен республикалық көрсеткіштен (403) 49 баллға жоғары, «жаратылыстану сауаттылығынан» 411 баллмен республикалық көрсеткіштен (379) 32 баллға жоғары білім деңгейін көрсеткендерін жеткізді.
Бүгінде облыста 449 мемлекеттік, оның ішінде 42 бастауыш, 33 негізгі орта, 374 жалпы орта мектеп жасөспірімдерді оқытып, тәрбиелеу бағытында жұмыс істейді. Оқыту тілі жағынан айтсақ, 318 қазақ, үшеуі орыс және 128 аралас мектеп бар. Бұдан бөлек, бүлдіршіндерді тәрбиелейтін балабақшалар да осы бағытта қызмет етіп келеді. Жалпы білім беру саласындағы ұйымдардың қызметтік сапасын бақылау үшін білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті түрлі шараларды жүзеге асырып отыр. Биыл 267 білім беру ұйымдары аттестаттау тізіміне енгізілген. Олардың ішінде 46-сы балабақша, оның 18-і жекеменшік, 28-і мемлекеттік, 221-і мектеп, оның 216-сы мемлекеттік болса, бесеуі жекеменшік.
Департамент тарапынан І жартыжылдыққа бекітілген кесте бойынша бақылау субъектілеріне барып жүргізілетін 11 профилактикалық бақылау жоспарланған. Ол 2 балабақшаға, 8 мектепке, 1 колледжге жүргізілуі керек. Осы мекемелерге бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізіліп, нәтижесінде 4 мекеме аттестатталып, 7 мекемеге тексеру нәтижесі бойынша нұсқама беріліпті. ІІ жартыжылдың бекітілген кестесіне сәйкес, 3 профилактикалық бақылау жоспарланған. Нәтижесінде Шу ауданы білім бөлімінің М. Дулатұлы атында ы орта мектебі, Байзақ ауданы білім бөлімінің Қосақ негізгі мектебіне және Жуалы ауданы білім бөлімінің №34 Қаратас негізгі мектебіне бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізіліп, тексеру нәтижесі бойынша нұсқама берілген.
Былтырғы жылдың соңына дейін «Е-лицензиялау» Мемлекеттік деректер қоры» ақпараттық жүйесі арқылы 97 өтініш түскен. 3 мемлекеттік, 8 жекеменшік мектепке бас лицензия берілсе, 20 мектеп және 2 колледждің лицензиясы қайта рәсімделген. 8 мектепке лицензияға қосымша беріліп, 56 білім беру ұйымдары лицензиялау талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты дәлелді бас тартылған.
Білім туралы құжаттарға (түпнұсқалар) апостиль қою қызметі бойынша 250 құжат орындалып, мемлекеттік корпорацияға жолданған. 20 құжат түпнұсқасының болмауы, құжаттың расталмауы және қызмет көрсету салығының төленбеуі себебінен кері қайтарылыпты.
Департамент жанындағы педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес 6 отырыс өткізіліп, 10 мәселе қаралған. Сол отырыстарда 2 аудандық білім бөлімі басшыларының есептері тыңдалған.
Қамар ҚАРАСАЕВА