Білім

Сабақ берудің сингапурлық тәжірибесі енгізіледі

Былтырғы жылды облыс оқышулары табысты аяқтады. Бұлай деуіміздің дәлелі – дарынды оқушыларымыз халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 468 медаль иеленіп, облыстың абыройын асқақтатты. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаға 64 оқушы қатысып, 29 оқушы жеңімпаз атанды. Нәтижесінде Жамбыл облысының командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясына ие болды. Республикалық ғылыми жобалар байқауына 46 оқушы қатысып, 27 жас ғалым жүлделі орындарды иеленді. Нәтижесінде, Жамбыл облысының командасы «Ең үздік команда» номинациясын олжалады.

Талантты жастарымыз спорттан да құралақан емес. Қазақстан оқушыларының жазғы гимназиадасында 52 спорт түрінен Жамбыл облысы жалпы командалық есепте І орынның биігінен көрінді.

Сондай-ақ, Тараз қаласындағы мектепке дейінгі ұйымдарға дербе стендірілген (ваучерлік) қаржыландыру жүйесінің пилоттық жобасы енгізілді. Жоба шеңберінде Тараз қаласындағы 172 мекеме, оның ішінде 60 мемлекеттік, 112 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар ваучерлік қаржыландыруға өтті. Бүгінде облыстағы 10 аудандағы мектепке дейінгі ұйымдар дербестендірілген (ваучерлік) қаржыландыруға өту жұмыстарын жалғастыруда.

Сонымен қатар, биыл білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, педагогтердің, ата- аналардың психологиялық әл-ауқатын сақтауға және нығайтуға бағытталған білім басқармасы жанынан Психологиялық қолдау орталығы ашылды.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында сапалы кадр даярлап, бұл бағыттағы жұмыстарды ілгерілету мақсатында да біраз жұмыстар жүзеге асырылған. Биылдан бастап колледждерге бір мамандығын «Бренд» мамандық ретінде оқыту тапсырылып, Жамбыл инновациялық жоғары колледжі «ІТ» және №7 Бетқайнар колледжі «Textile» мамандықтарын оқыта бастады. Колледждерді халықаралық деңгейге шығару мақсатында Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығында халықаралық бөлім ашылды. Сондай-ақ, Білім басқармасы мен Сингапур мемлекетінің «Marshall cavendish education» компаниясы арасында ынтымақтастық меморандум жасалды. Алдағы уақытта, Сингапурлық оқыту әдістемесін жамбылдық педагогтер тәжірибеге енгізетін болады. Жамбылдық ұстаздардың биылға көздеген жүйелі жоспарлары да бар. Былтырғы жетістіктер жалғасын тауып, бұдан да табысты боларынан үміттіміз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА