Аңыз адам
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың арғы аталарының бірі – Зорбайдың (Ауызсүген) жиі қоныс аударып көшуі кейін оның ұрпағы Азынабайға жалғасып, ол сырғи-сырғи Арқадағы Тобықты елінен бір-ақ шығады. Осында Азынабайдың немересі Жұмабай, Жұмабайдан – Меңдіахмет, Меңдіахметтен – Дінмұхамед дүниеге келген еді...
Соңыра Азынабай дүние салған соң елге, Балқаш бойына қайта оралмаққа бекінгенінде Қонайға Құнанбай қажы «Қыдыр жиенмен де, желмен де, қызбен де кетеді» деп әйелін (тобықтының қызы), тіпті ұлын да бермейтінін кесіп айтады. Сонда бұл іске Құнекеңнің бәйбішесі (Абайдың анасы) Ұлжан араласып, ебін тауып Қонайға жарын қалдырып, ұлы Жұмабайды өзімен бірге елге алып қайтуына мұрсатана жасаған екен...
«Япырма-ай, Ойықтың бір атасының сонау бір кезде қиыр Қаратаудан, елден жырыла көшіп, өндірісі, білімі дамыған үлкен шаһар Алматыға жақындауы ерте ме, кеш пе Д.Қонаевтай Алатау-Адамның дүниеге келіп, қалыптасуына даярлықтың басы – Алла Тағаланың бұйрығымен болған ғажайып іс болған жоқ па» деседі бүгінгі көнекөз абыз қариялар... Ағайын араздығынан туған көш ше... Бұл – ұлы көшке ілескендердің тағдырдың сан алуан қыспағын көріп, алуан сынақтардан өтуі. Бір рулы елді осылай сынаққа алып, замананың Ұлы Тұлғаға толғатуы да ма екен, бұл?! Тегінде, ұлы адамдар осылай туып, осылай қа лыпт ас атын болар. Тәңір- Даланың төсінде туып, замана көшінде тербеліп, шыңдалып өскен ысты елінің танымал тұлғаларының тізімі мұнымен де бітпек емес...
* * * *
Мұның өзі ойда жоқта болды... Бұл сол Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 60 жасқа толатын жыл, 1972 жылдың 12 қаңтары еді...
Ол кісінің алдында болып, дидарын көріп, ауызба-ауыз тілдесудің сәті (бұл Берден үшін де арман еді) өз-өзінен түседі деп күтпеген. Шаруашылықтың басқа жұмыстарын бір жайлы етіп бітіргеннен кейін, көптен ойында жүрген тағы бір үлкен мәселе – «Кеңес» совхозының тұрғындарына үйме-үй тораптық- құбырлық су жүйесі арқылы тұщы ауыз су жеткізіп бермек болып, соны бас жоспарға енгізбек ниетпен Алматыға жолы түскен сол тұста. Осы жұмыстарының жайымен 11 қаңтар күні таңертеңгілікте Тұрмыстық қызмет министрінің бірінші орынбасары Атымтай Қисановтың алдына кірді. Атымтай «қара» қаңлыдан шыққан, аса көп оқымаса да, өмірден тоқығаны көп, терең ақыл-парасат иесі-тұғын. Қонаевпен жүзбе-жүз жолығысып, танысуына да сол кісінің себі тиді. Атымтай мұның айтқандарын ықыластана ден қойып тыңдап:
– Қазақтың бір болайын деп тұрған ба ласы екенсің. Құм қойнауынан, алыстан келіпсің елдің жайымен, – деп риза болып, айтқан шаруасының бәрін сол жерде қолма-қол шешті де берді.
Әңгіменің бір иінінде:
– Әй, сен өзің қай жақтың баласысың? – деді ол әлдене жайды білмек ниетпен.
– Жамбыл облысының Талас ауданынанмын...
– Е-е, ендеше... көкелерің (Қонаевты айтқаны) алпысқа толып жатыр. Неге барып құттықтап шықпайсың? Алматыға келіп тұрып, соқпай кеткенің қалай болады?
– Е-е, ол кісінің алдын көрген жоқпыз. Ол – үлкен кісі ғой! Есігінен қалай кіріп, қалай шығарын да білмейміз, әуелім...
– Ә-ә, онда қазір звондаймын!
Қисанов табан асты трубканы қолына алды да, Димекеңе тікелей қоңырау шалды. Қара телефон «дың-ң» деп тұрды да, бірінші хатшының тікелей өзіне қосылды- ау шамасы, тұтқаны көтерген ар жақтағы кісімен өзімсініп, бірден «сен» деп сөйлесе де бастады. Одан мұндайды күтпеген.
– Әй, Димаш, мына жерде сенің бір інің отыр. Жанары отты бала екен. Ертең өзіңе кіріп, сәлем беріп шығады. Сен қабылда! – деді әй-түй жоқ. Сөйтті де, телефон тұтқасын тұғырына қайта қондырды.
– Ертең азанғы сағат тоғызда бар ол кісіге. Сені қабылдайтын болды, – деді сосын бұған қарап.
– Ол жерге сырттан ешкімді кіргізбейді ғой! Кім мені алып кіреді онда?
– Жоқ, өйтпейді. Мен бәрін айттым ғой! Саған ол жерге барғаныңда «пропуск» әзір тұрады. Ол үйге Панфилов көшесі жағынан кіресің. Ал қабылдау бөлмесі – төртінші қабатта. Онда Димекеңнің Дүйсетай Бекежанов деген көмекшісі бар, алдымен соған барасың, – деп тәптіштеді Қисанов.
Берден ерте сіне айтылған уақытта барды әлгі үйге. Қисанов айтқандай, өзіне рұқсатнама жазылып, әзір тұр екен. Қабылдау бөлмесінен Дүйсетай да кезіге кетті. Ол үлкен кісінің алды бос па екен, білейін деп бір кіріп шықты. «Бір кісі отыр. Сол шығысымен, кір. Ескертіп қойдым» деп келді. Аздан соң әлгі айтқан адамы да шықты-ау. Берден абдыраңқырап, айна алдында бой-басын, шашын түзеп, аз-кем бөгелді. Сосын «тәуекел» деп тас жұтып, үлкен сырлы есікті ашып кіргелі әсем зерлі жылтырақ тұтқасына қолын соза берді... Ә дегенде «Міне, қазір кабинетке кіремін, атшаптырым бөлменің ана басына барамын, Димекеңмен амандасамын...» деп ойлаған. Олай болған жоқ. Берден есіктен кіргенінде, Димекең өзін табалдырық тұсында күтіп тұр екен! Не деген кішіпейілділік, не деген ұлылық! Аржағындағы төрде отырғанында өзім барып сәлем берермін деп ойлаған еді. Олай болмады. Үлкен кісіге:
– Ассалаумағалейкүм! – деп қос қолын соза алдымен сәлем беріп үлгерді, әйтеуір.
Димекең:
– А-а, Берденбісің! – деп өзін бұрыннан білетін, танитын адамша ықыластана қолын алды мұның. Берден тұлғасы таудай кісінің алдында баласындай болып қалды.
– Жоғары шық, қанеки! – деп ілтипат танытты көкесі. Төрдегі емес, төрден бергі көлдей ұзынша үстелдің арғы бетіне өзі, бергі бетіне Берден жайғасқан.
– Иә, ел, халық аман ба? Өзің қалайсың? Көңіл хошың жақсы ма? – деп тәптіштей сұрап, мұнымен жарты сағаттай емен-жарқын сырласты Димекең. «Халық аман болса, қырылған малдың орны толар» деді мән-жайға қаныққан соң.
Кейінірек білді ғой, Димекең Алматыда отырып Қызылқұмның хатшысына жиі-жиі теле фон шалады екен. «Ел аман ба, Арыстан баб аман ба!» деп бастайды екен әңгімесін. «Арыстан бабты су басып кетпесін, әруақ жатқан жер, абай болыңдар» дейді екен тағы, жарықтық...
– Қанеки, не шаруа бар маған айтатын? Қысылма! – деді Димекең әлден уақытта өзіне жылыұшырай қарап.
Осымен «әңгіме біттіге» санаған әрі үлкен кісінің бекер босқа уақытын алмайын деп ойлаған Берден орнынан тұрып кетуге жиналып:
– Ешқандай шаруа жоқ. Тұрғындарға тораптық-құбыр жүйесі арқылы ауыз су жеткізіп беру мәселесімен келіп едім. Кеше министрлікте болдым. Бәрі де оңтайлы шешімін табатын болды. Сосынғы шаруам – сіздің қолыңызды алып, дидарыңызды көру еді. Мұның өзі мен үшін үлкен бақыт – деді.
Берден қоштасып, кейін бұрылып, есікке таман барып қалып еді. Көзі қиығы үлкен кісінің орнынан тұрғанын, бері қарай бір-екі басып жүріңкіреп, тоқтағанын шалып қалды.
– Берден! – деді Димекең осы кезде жөткірініп. Тоқтап, бұрылып қарап еді...
– Есіңде болсын, саған кабинетімнің де, үйімнің де есігі ашық! – деді Димекең.
Оның сөзінде үлкен толқу бар еді. Ал көңілін ыстық бауырмалдық сезімі алас-күлес сапырып жатты ма, кім білсін... Бір көргенде-ақ осылай ыстық ілтипат танытқан еді ағасы.
Үлкен кісіні елге келтіру жайы сәл кейіндеу қозғалған-ды...
Берден араға екі-үш ай салып, «Өзі мұрсатана берді ғой» деп, қасына келіншегі Сабираны ертіп, Димекеңнің тікелей үйіне барды. Күн демалыс еді. Димекең үйінде болып шықты. Амандық-саулық сұрасып, шай ішіп отырып, біраз әңгіменің басын қайырысты. Ескілікті әңгімелерге, шежіреге ол да, бұл да жетік. Содан ба, бір демде- ақ тіл табысып, шүйіркелесті де кетті. Әлден уақытта үлкен кісі ел- жұрттың жайын сұрап қалды тағы. Берденнің күткені де осы еді. Ол осы әңгіме қозғала қалса, «жауап» беруге кәдімгідей дайындалып барған-ды. Елдің «Үлкен кісіні ауданға келтір, қалай болған күнде де жолын тап мұның» деп қатты тапсырғаны бар, Бекең «елдің жайын» тәптіштей түсіндіруге де кірісті.
– Димаш Ахметұлы, сіз жұмыс бабымен жыл с айын барлық облыст арды ара лап жүре сіз. Әсіресе, солтүстіктегі астықты аймақтарда көп боласыз. Мына Жамбыл облысында үш аудан бар. Шөл, шөлейтте орналасқан. Таза қазақ аудандары. Мойынқұм, Талас, Сарысу аталады. Олар егін екпейді. Сол елдің адамдары сіздің дидарыңызды көрсек деп, сағына, сарғая күтумен жүр ғой!
Берденнен мұндай сөзді күтпеді ме, Димекең «А-а!» деп қалды алғашында таңданысы, толқуы аралас күйде. Сосын сәл ойланып:
– Келер жылы егін біткен кезде аралаймын. Барамын! – деді нық сеніммен.
Осылай үлкен кісінің уәдесі алынды. Бұл жөнінде артынша- ақ таластықтар түгел құлағдар болған… Берден, жалғыз Берден ғана емес, күллі облыстың, ауданның үлкен-кішісі Димекеңнің бір жыл бұрын берген уәдесінің жайы қалай болар екен деп, оны елеңдей күтісіп жүрді…
* * * *
Берден жаңа қызметіне келіп кірісуін кіріссе де ел жаққа құлағын түре жүрді... Димекең Таласқа әне-міне келмек. Көңілінің бір түкпірінде хабарсыз қалып қоймас па екенмін деген күдік те жоқ емес- тұғын. Сөйтіп жүргенде, «Қонаев Таласқа маусымның 23-25 күндері келеді екен» деген хабар құлағына жетті...
Осы атаулы оқиға болардан бірер күн бұрын өзіне күтпеген жерден обкомның бірінші хатшысы Бектұрғанов қоңырау шалды.
– Сенің әкең қайда, қазір? – деп, амандық-саулық жоқ, киіп барады. Тіпті әй-түйге қаратар түрі жоқ.
– Әкем ауылда, елде... – деді бұл қапелімде не айтарға білмей...
Алдында қанша дегенмен, қарашаңырақ қой, әрі балалар да өсіп қалды деп, Амангелдіден дүмбірлетіп үлкен үй салған. Әкесі сол үйде тұратын.
– Димекең келер күнді білесің ғой. Өзің де келетін бол, – деп тапсырды обком хатшысы. Арадағы әңгіме сонымен біткен.
Елдің үлкен ағасы, Талас өңірінің тумасы келе жатқаны жөніндегі алып-қашты сөз ел ішін дүбірлетіп-ақ тұрған. Дайындық та керемет! Димекеңді Кеңсайдың кіреберіс аңғарына, биіктеу қыратқа ақ үй тігіп күту ұйғарылыпты. Мұның әкесін (анасы қайтқалы елде, немерелерімен бірге тұратын), Байқошқар қарияны қанша дегенмен, елге еңбегі сіңген қадірлі қария, әрі Еңбек Ері ғой деп, машина жіберткізіп, алдыртқан екен. Бектұрғановтың әнеукүні әкесін неге сұратқаны енді белгілі болды. Дайындық жұмыстарының барлығын ысқаяқтай қағыстырып, тыным таппай жүрген де обком хатшысының өзі екен.
Д.Қонаевтың елі-жұртымен қауышуы салтанатына Берден Сарысу жағынан келді. Сөйтіп үлкен кісіні Берден, қасында әке сі бар, Қаратөбе басында алғашқылардың қатарында қарсы алған еді... Димекеңнің көзіне ескі таныстар ретінде оттай басылды-ау, шамасы.
– Ой, Берден, әкең екеуің келіп қалыпсыңдар ғой! – деді жарқылдай қауышып амандасып жатып. Сосын омырауында Алтын жұлдызы жарқыл қаққан Байқошқар қарияның қолтығынан ала демеп, киіз үйге кіріп кеткен. Берден сыртта қалып қойды. Олар екеуден-екеу қалғанда, не жайлы әңгімелесті, мұның жайын кейін әкесінен сұраған да емес, әкесі де тіс жарып ештеңе демеді...
Бұл Меңдіахмет пен Байқошқар әулеттерінің өзара сыйлас, аралас- құралас болуының басы еді...
Қонаевпен Қордайда төрт мәрте жолы түйісіпті. Жұмыстың аса қауырттығы Димекеңе де, Берденге де жиі кездесуге мүмкіндік бере бермейтін. Соның өзінде уақыт тауып, кей жылдары төрт-бес мәрте, кейде өзі, кейде Сабира екеуі, қайсыбірде балаларымен барып тұрды үйіне. Сабираның өз қолымен жасаған ірімшігін, құртын, жентін, тағы басқасын «ауылдың сәлемдемесі ғой» деп қоржын- қосқалаңын лықа толтыра алып баратын.
Димекеңнің дема лыс күнін көбінесе саяжайда өткізетінін біледі. Соның өзінде баса-көктей барғанды жөн көрмей, жұмысбасты болып қалатыны бар ғой деп, бір жолы алдын-ала Димекеңе телефон шалып, рұқсат сұрағаны да бар-ды. Димекең жан баласына жаттығы, кел-айты жоқ бекзат жан ғой. Бір сөзге де келмей «Келе беріңдер» деді. Сонда ғой... Сабира екеуінің есіктен кіре бере алдарынан жайраңдай шығып қарсы алған Зұхра Шәріпқызы әзілдеп:
– Сен, Берден, құдды патша сияқтысың! Келмес бұрын хабарыңды бересің. Келесі жолы ондайыңды қой, тіпті телефон да шалма, бірден үйге кел! – деді.
Кірпияз, алды ақ жайлау кісілер ғой. Әсіресе, Димекең. Аса білімдар, таным көкжиегі кең, жайдары да ақ көңіл жан. Бала десе, ішкен асын жерге қоюшы еді, жарықтық.
* * * *
Өмірінің соңғы күндерінің бірінде Димекең өзіне бар еңсесімен бұрыла қарап:
– Берден, сен білесің бе? Мен табысымның бәрін балалар үйіне, тұрмысы нашар отбасыларының студент балаларына бөліп-бөліп бергенмін ғой!, – дегені бар.
Сол жолы... Берден көкесін қатты аяп кетті. «Немерелеріңіз аман болса, бәрі болады» деп ытқып шыққан көз жасын көрсетпестен бұрылып жүре берді.
* * * *
Ұлы тұлғаның дүниеден өтуі халыққа ауыр тиді. Ол кісі құрметті еңбек демалысында болатын. Сөйтсе де ел айырықша аза тұтып, қайғырып жоқтады. Алатаудай айбар-айбын болып арамызда жүргенінің өзі неге тұратын еді. Жас кеткен жоқ. Екі кітабын жазды. Әлі де берері көп еді...
Қонаевтың қазасы ойда жоқ, түсте жоқта болды. Талдықорғанға М. Тынышпаевтың мерейтойы тойлануына, ескерткіші ашылуына барып қатысқан. Одан кейін Алакөлге апарыпты. Сонда өзін жайсыз сезінген. Алып келе жатқанда демалғандай болған. Жерге түсірген… Ұлы тұлғаның дәм-тұзы таусылуға қалған еді…
Алматыдағы опера және балет театрына сүйегі қойылып, қоштасу рәсімі өтті. Жиналған халықта есеп жоқ. Аса ірі тұлға ғой. Халықтың оған деген құрметі, ілтипаты шексіз еді. Ауыртпалық барлығына бірдей түсті. Марқұмның отбасына, туған- туыстарына ҚР Тұңғыш Президенті – Н.Назарбаев арнайы келіп көңіл айтты. Халық иін тіресіп, опера және балет театрынан қабірінің басына дейінгі жол үстіне, Қонаевты ақтық сапарға шығарып салып бара жатқандардың астына гүл төсеп тастады. Қонаевтың рухы сол гүл үстімен мәңгілік мекеніне қасқара бет түзеп бара жатты…
Берден де бұл суық хабарды ел қатарлы естіген-ді. Әлгі жұртшылық жиналған жерге әрең деп жетіп, маңайлай алды. Жұрт одан әрі жібермеді.
Баймаханбет АХМЕТ,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.