Жаңалықтар

Қаржылық қолдау көрген кәсіпкерлер әлемдік бәсекеге де түсуге қабілетті

Мемлекет басшысы «Ana tili» газетіне берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатында мемлекет субсидия, жеңілдетілген несие және кепілдендірілген қарыз беру арқылы шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіліп отырғанын жеткізді. «Шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі үздіксіз артып келеді. Бүгінде осы бизнестің өкілдері 4,3 миллион адамға, яғни еңбек етіп жүрген азаматтардың тең жартысына жуығына жұмыс тауып беріп отыр. Сондықтан кәсіпкерлік бастамалар ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді деп сеніммен айтуға болады», – дейді Мемлекет басшысы сұхбатында.

Президент айтқандай, мемлекет ірі бизне сті де дамытуға мүдделі. Бұл арада отандық және шетелдік инвесторлардың ел бизнесіне салып отырған көмегі де зор. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, өңір экономикасында биыл өнеркәсіп өндірісінің үлесі 19, ал ондағы өңдеу секторы 65,5 пайызды құрады. Жалпы, аймақта 891 кәсіпорын жұмыс істесе, өңдеу өнеркәсібінде 46 мың адам еңбек етеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдыңғы және жаңа Жолдауларында ел азаматтарын жұмыспен қамту, ерекше жандарды мемлекет қамқорлығына алу, оларға жағдай жасау, кәсіп бастауға ниет еткен азаматтарға қайтарымсыз грант тағайындау, пайыздық мөлшері аз несие қарастыру жұмыстарын көтеріп, жүйелі тапсырмалар берген болатын. Президенттің осы тапсырмасы облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан да жоспарлы жүзеге асырылып, «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға – 494 адам жолданса, оның 197-і қайтарымсыз грант иегері атанып, өз кәсіптерін ашқан.

Шағын және орта бизнесте ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер де мемлекеттің қаржылық қолдауларынан тыс қалып отырған жоқ. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің айтуынша, өткен жылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 26,9 миллиард теңге бөлініп, 15 мыңнан астам шаруашылыққа субсидия төленген. Сондай-ақ, қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 1594 агроқұрылымға 16,1 миллиард теңге несие үлестірілген. Нәтижесінде, өткен жылдың он бір айында салада 425,4 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Оның 275 миллиард теңгесі егін, 149,6 миллиард теңгесі мал шаруашылығына тиесілі. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 20 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылған.

Президент сөзімен қорытындылайтын болсақ, кәсіпкерлерге жасалып жатқан мүмкіндік мол. Кәсіпкерлерге қысым жасауға тыйым жасалған. Ендігі Мемлекет басшысының қойып отырған басты талабы – кәсіпкерлер заң аясында жұмыс істеуі тиіс.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ