Қоғамды мазалаған мәселелерге жауап берді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында ашық әрі мазмұнды сұхбат беруі жаңа саяси дәстүрге айналып келеді. Саясаттанушылар мұндай тәсіл мемлекеттік органдар үшін де, қоғам үшін де тиімді екенін алға тартады. Себебі, сан сұраққа жауап беретін осындай сындарлы әңгіме мемлекет саясатының мақсаттарын терең түсінуге септігін тигізіп, биліктің елімізді одан әрі дамытуға қатысты ұстанымын көрсетеді.
Шетелдік саясаттанушылар да сырт қалмады
Айта кету керек, Қазақстан Президентінің республикалық беделді басылымға берген сұхбаты әлем елдерінде де кеңінен талқыланды. АҚШ, Ресей, Норвегия мен басқа да мемлекеттердің саясаттанушылары, қоғам қайраткерлері сұхбатқа қатысты пікір білдіріп, бағасын беріп жатыр. Мәселен, ресейлік саясаттанушы Аркадий Дубнов: «Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетінде жарияланған кең көлемді сұхбатында қоғамды мазалаған мәселелерге жауап берді. Тоқаевтың сұхбатында қозғалған өзекті тақырыптардың ішінен Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Қазақстанға жасаған соңғы сапары кезінде айтқан сөздерін тілге тиек еткенін ерекше атап өткім келеді. «Қытай елімізге ешқашан зиянын тигізбейді. Біздің егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді барынша қолдайды. Бұл өте маңызды мәлімдеме» деді Тоқаев», деп жазды.
Қазақстан Президентінің сұхбатына норвегиялық сарапшылар да пікір білдірді. Қоғам қайраткері Гленн Агунг Холеның пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары инклюзивті және заманауи мемлекет құруға бағытталған демократиялық реформаларды жүзеге асырып келеді. Бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, Еуропа үшін де өте маңызды. Гленн Агунг Холе: «Демократиялық һәм тұрақты Қазақстан Орталық Азияның дамуына және өңірдегі геосаяси тепе- теңдіктің сақталуына зор ықпал етеді.
Менің ойымша, Норвегия мен Еуроодақ Қазақстанның демократия жолындағы бағытын қолдауы керек. Мұндай реформалар ішкі саясат мәселесі ғана емес, сонымен қатар Еуропа мен Азияны байланыстыратын өңір үшін жаһандық деңгейдегі қажеттілік. Демократиялық тұрақтылық бейбітшілікті, экономикалық даму мен өңірлер арасындағы ынтымақтастықты қамтамасыз етуге көмектеседі».
Өз кезегінде түркиялық сарапшы Эмрах Кая Қазақстан басшысының айтқан сөздері мазмұнды екеніне тоқталып, «Сұхбатта Қасым-Жомарт Тоқаев өз еліндегі саяси жағдайлар, экономикалық даму, сыртқы саясат пен жастар мәселелері бойынша толыққанды жауап берді. Оның сөздері терең ұғынуды қажет етеді», деп атап көрсетті.
АҚШ-тың бірқатар басылымдары Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңадан сайланған президент Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескені туралы жарыса жазды. Мемлекет басшысы америкалық саясаткермен болған әңгіме ашық әрі мазмұнды өтті деді. Сондай- ақ Ақ үйдің жаңа қожайыны мен оның командасы халықаралық саясатқа жаңа сипат беруді жоспарлап отырғанын жеткізді. Тоқаев Дональд Трамптың Украинадағы әскери қақтығысты тоқтату бойынша Қазақстанның пікірін сұрағанын да атап өтті. Философия докторы Ариэль Коэннің пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында жарыққа шыққан сұхбаты Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі ілгерілетуге ниетті екенін көрсетеді. «Қазақстан халықаралық аренадағы позициясын күшейтті. Бұл еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономикамызды орнықты дамытуға септігін тигізеді», деді Қазақстан Президенті. Жалпы алғанда, Тоқаевтың сұхбаты туралы шетелдік сарапшылар «Қазақстан қоғамда резонанс тудырған оқиғалар жөнінде нақты ұстанымын айқындады» деген пікірге тоқталды.
Сыртқы саясатқа басымдық беріліп кетті деген жаңсақ пікір
Сұхбатта тілшінің: «Жалпы, былтыр әлемдік деңгейдегі көптеген іс-шараға қатыстыңыз. Бұл сіздің сыртқы саясатқа баса мән беретініңізді меңзеп, «Президент – кәсіби дипломат, сондықтан халықаралық мәселелерге көбірек назар аударады» деген әңгіменің шығуына түрткі болды. Шынымен де солай ма?» деген сауалына орай Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қазақстан орналасқан жері, экономикалық әлеуеті және қазіргі геосаясат ахуалы тұрғысынан алғанда, әлемнің көптеген мемлекеті үшін стратегиялық маңызы бар ел саналады. Бізбен байырғы серіктестеріміз ғана емес, сонау Африка құрлығындағы мемлекеттер де достық қатынас құруға мүдделі. Батыста, жалпы жер жүзінде Қазақстанды орта держава деп атайды. Әрине, бұл мәртебенің салмағы да ауыр. Біз, ең алдымен, халықаралық аренадағы іс-әрекеттерімізге жауапкершілікпен қарап, қазіргі заманның аса күрделі мәселелеріне келгенде, сындарлы ұстанымда болуымыз керек. Сондықтан Қазақстан «барша адамзаттың ортақ үйі», еш баламасы жоқ әрі әмбебап құрылым саналатын Біріккен Ұлттар Ұйымын қашанда жақтайды. Сонымен бірге Мемлекет басшысы ретінде ішкі саясат мәселелерімен күнделікті айналысамын. Бұл – өте маңызды жұмыс. Сондықтан менің қызметімде сыртқы саясатқа басымдық беріліп кетті деген пікір дұрыс емес. Менің басты мақсатым – мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін, егемендігін және халықаралық аренадағы орнын нығайта түсу. Мемлекет басшысы болған сәттен бастап қазірге дейін қабылдаған шешімдерім мен оның түрлі салдары үшін бар жауапкершілікті өз мойныма аламын. Мен басқаша жұмыс істей алмаймын, істегім де келмейді», – деген жауабын өз мемлекетінің жайы мен жағдайын тереңінен пайымдап, әріден ойлай білетін шынайы басшының көзқарасы дер едік.
Қазақстан Президентінің кеңе сшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли өткен жылдың соңғы күндері республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған мақаласын да: «Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 23 рет шет мемлекетке сапарлады, 19 халықаралық форум мен саммит жұмысына атсалысты. Халықаралық іс-шаралар аясында өзге елдің басшыларымен 27 рет кездесті. Сондай-ақ шет мемлекеттердің және үкіметтердің басшыларымен, басқа да жоғары лауазымды тұлғаларымен, халықаралық және өңірлік ұйымдардың жетекшілерімен, бизнес-қоғамдастық өкілдерімен 84 кездесу өткізді. 22 мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады. Мемлекет басшыларымен 49 мәрте телефон арқылы сөйлесті» деген деректі алға тартқаны есте болар. Ендеше, о сындай мәліметтерге сүйеніп, әлемдік аренада едәуір беделі бар еліміздің президенті алыс-жақын шет мемлекеттерге барып, біздің елімізге әр мемлекеттің басшылары келіп жатса, соған қуануға тиіспіз. Ал, қазіргідей әлемнің бірқатар елдерінің дүрбелеңі, дау-жанжалы, қарулы қақтығыстары тыйылмай отырған жағдайда Қасым- Жомарт Тоқаевтың президент ретіндегі қызметінде сыртқы саясатқа басымдық беріп отыруы аса маңызды әрі өте орынды саналады.
Мемлекет басшысының сыртқы және ішкі саясатты тең ұстап келе жатқанын күнделікті өмірден де көріп жүрміз. Президент айтқандай, қазір әлемде бұрын-соңды болмаған аса күрделі геосаяси ахуал қалыптасып отыр. Соған қарамастан, Қазақстан бейбітшілік үшін диалог орнату жолында тиімді рөл атқаратын мемлекет ретінде халықаралық аренадағы позициясын күшейтті. Бұл жағдай еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономикамызды орнықты дамытуға септігін тигізуде. Шет мемлекеттермен байланыс Қазақстанды егемен ел ретінде де нығайта түседі. Сонымен қатар, экономикамызға инвестиция құйылып, жағдайымыздың жақсаруына әсер етеді. «Менің басты мақсатым – мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін, егемендігін және халықаралық аренадағы орнын нығайта түсу» деген Президент сыртқы саясатты нығайтып жатса, әрбір қазақстандық елдегі бірлікті, ынтымақты нығайтуға, еңбек етіп, білімді, жасампаз ұлт болуға, болашаққа сеніммен қарауға ұмтылуы тиіс.
Елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтпейді
Соңғы уақытта ел ішінде «Қасым- Жомарт Тоқаев 2025 жылы биліктен кетіп, БҰҰ-ға басшылыққа баруы мүмкін» деген болжам жиі айтыла бастағаны белгілі. Осыған қатысты сұхбат барысында тілшінің: «Әлеуметтік желіде Сіз 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымын басқаруыңыз мүмкін, соған байланысты елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтеді деген қауесет тарап жатыр. Осы қауесеттің негізі бар ма?» деген сұрағы да, Мемлекет басшысының сол сұраққа қайтарған жауабы да көпшіліктің көкейінде жүрген алаңды мәселе еді. Мерзімінен бұрын сайлау өтуі мүмкін деген қауесетке қатысты пікір білдірген Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары және Қарусыздану жөніндегі конференцияның Бас хатшысы ретінде осы ұйымның Женевадағы кеңсесін үш жылға жуық басқарғанын айтты. «Халықаралық үдерістердің қыр-сырына бойлап, мол тәжірибе жинадым. Осының өзі артығымен жетеді деп ойлаймын. Менің елімізді дамытуға қатысты талай жылға арналған ауқымды жоспарларым бар, оның бәрін жүзеге асыруға ниеттімін» деген нақты жауабы талай жанның күпті көңілін «орнықтырғанын» айта кеткен жөн. Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 20 қарашада 7 жылға Қазақстан Президенті болып сайланған. Оның өкілеті 2029 жылы аяқталуы тиіс. Жаңарған Конституция талаптарына сәйкес ол екінші мәрте президент болып сайлана алмайды.
Жұрттың жіті назарында болған оқиғаларға қатысты ойын айтты
Президент өз сұхбатында Қазақстан мен Ресейдің арасында ежелден тығыз экономикалық және мәдени- гуманитарлық қатынас орныққаны, былтыр қараша айында Ресей Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені, елде де, шетелде де жұрттың жіті назарында болған бұл сапардағы келіссөздердің нәтиже сін қалай баға лайтыны, сондай-ақ, өткен жылдың тағы бір маңызды оқиғасы – Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге жасаған мемлекеттік сапары, сондағы келіссөздердің басты нәтиже сі, желтоқсанның басында Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескені, қазақ-америка қатынасы таяу жылдарда қалай өрбитіні жайлы, оған АҚШ-тың Қытаймен және Ресеймен күрделі қарым-қатынасы қалай әсер ететіні, түркі әлемінің алдағы ықпалдастығы жолында Қазақстан қандай рөл атқаратыны туралы ойларын да айтып өтті.
Мемлекет басшысы бұған дейін шетелдік сарапшылар мен дипломаттар Қазақстанды орта держава деп атай бастағанын айтып, орта державалар қандай рөл атқаратыны және осы мәртебеге ие болған Қазақстан не істей алатыны туралы ойын да ортаға салды. «Мен бұған қатысты пікірімді ел ішінде де, шетелдерде де айттым. Қазір халықаралық қатынастар жүйесі кері кетіп барады, тіпті құлдырай түсті деуге болады. Тұрақсыздық күшейіп, ірі державалардың бірін-бірі айыптауы белең алды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі қауқарсыз болып қалды. Осындай қиын халықаралық ахуалға көптеген мемлекет, соның ішінде Қазақстан да алаңдап отыр. Бұл – орынды алаңдаушылық. Себебі, қалыптасқан жағдай ол елдердің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына мүмкіндік бермейді. Бүгінде барынша әділ әлем қалыптастыруға деген сұраныс өте жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, орта державалар халықаралық сенім дағдарысын және жауапкершілігі жоғары жаһандық көшбасшыларға деген тапшылықты еңсеру жолында маңызды рөл атқара алады деп ойлаймын. Орта державалар күш-жігерін жұмылдырып, жанжалдасып жатқан геосаяси орталықтардың арасында жаңа әрі мықты дәнекер бола алады. Сол арқылы халықаралық текетірестің қызуын бәсеңдетеді. Мен орта державалар үшін дәл осындай шақ туғанына сенімдімін», – деді Президент.
Жалпы, Мемлекет басшысының сұхбатында түрлі салаға қатысты мәселелер жан-жақты қамтылды деуге болады. Әңгіме барысында елімізде жүйелі экономикалық реформалар, саяси шешімдер мен инфрақұрылымдық, әлеуметтік жобалардың жүзеге асу барысы мен нәтижелері талқыланды. Осы ретте Президенттің еліміздің халықаралық аренадағы бейбітшілік пен тұрақтылық жолындағы рөлі ерекше екенін атап өтуге болады. Бұл біздің елімізді құрметтейтін және әлем қауымдастығындағы орнымызды нығайтатын маңызды бастамалар болып табылады. Ал, ел Президентінің «Барлық қиындықты еңсеріп, ұлт ретінде дамимыз» деген сөзі – қазақстандықтардың болашаққа деген сенімінің негізіне айналары сөзсіз.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП