Аймақ

Ойжайлау петроглифтері

Қордай өңірі қазақ жұртына қасиетімен жаққан, тарихтың елеулі-елеулі кезеңдерін бастан кешкен өлке ретінде танылған. Топырағын түртсең, тарлан тарихтан сыр шертетін қазақ жерінің әр пұшпағы тәрізді терістігінде жазира Бетпақдалаға, түстігінде қазақ-қырғыз тел емген Шу өзеніне тіреліп, 8,9 мың шаршы шақырым атырапты алып жатқан Қордай өңірі жаратылыстың небір құбылыстарын, адамзат тарихының әрқилы кезеңдерін бастан өткерді.

Бұған дейінгі жылдардағы археологтар экспедициясының зерттеулері нәтижесінде, аудан аумағында алғашқы адамдар сонау тас ғасырынан бері жасап келгеніне болжам айтылады. Мұнда Отардың батысында 40 шақырым жерде Кіндіктас тауының Ойжайлау шатқалында қола дәуірдің жүз шақты атты адам, түйе, бұқа, арқарлар бейнеленген петроглифтері де табылған.

Ойжайлау петроглифтерінің маңызы шатқалдағы жартасқа салынған суреттердің барлық сюжеттерінің осы өңірде ежелгі заманнан орта ғасырға дейінгі аралықта мекендеген тұрғындардың діни танымдары мен ғұрыптық салт-жоралғыларға байланыстылығында жатыр. Петроглифтері бар төбелер мен оның алдындағы алаң өзіндік отбасы-рулық ғибадатхана рөлін атқарған. Осы ғибадатханадағы әртүрлі хронологиялық кезеңнің композициялары Қазақстанның ежелгі тасқа салынған өнерінің жауһары саналады. Ескерткішті өткен ғасырдың жетпісінші жылдары өлкетанушы Н.Черкасов ашқан. Шатқалдың жартасқа салынған суреттерінің алғашқы көшірмесін А.Медоев жариялады. 80-90-шы жылдары Абай атындағы ҚазҰПУ мен Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының археологиялық экспедициясы мамандарының жоспарлы зерттеулерінің нәтижесінде шатқалдан ежелгі және ортағасырлық қорымдар мен қоныстардың кешені табылады. Сонымен қатар, қола дәуірінен бастап орта ғасырларға дейінгі кезеңді қамтитын петроглифтері бар 52 тау тақталары анықталған. Тарихи аймақ теңіз деңгейінен 1200 метр биіктіктегі шектелген шоқылы таулы аймақтарда орналасқан. Сол жағалаудағы солтүстік-батыс бөлігіндегі шатқалдарда, шыңдарда петроглифтер қашалған.

Тас тақтайшалар қола дәуіріне жататын көп композициялық бейнелермен белгілі. Олар сиырлар мен бұқаларды құрбандыққа шалу көрінісі, найза және шоқпармен қаруланған атты жауынгерлердің айқасы, сонымен қатар бұқа, ешкі, ит, қолын жоғары көтерген ер кісі, жаяу садақшылар бейнеленген салттық көріністерден тұрады. Сақ дәуірінің жартасқа салынған суреттерінің ішіндегі көрнектілер қатарында аржан-майемер дәстүріне жататын бұғылар бейнесі бар. Онда аяғының ұшымен тұрған екі бұғының ірі стильденген бейнесі көрсетілген. Бірінің соңынан бірі тізілген 3 ешкі мен бетперде бейнеленген композиция ежелгі халықтың діни дәстүріндегі жануарларға табыну ғұрпымен байланысты. Түркі дәуіріне жататын ту ұстаған үш салт атты бейнесі де әлемдік жартастағы өнердің жауһары саналады. Көрініс табақ тәрізді иілген көгілдір-сұр түстегі гранит тақтаның бетіне салынған. Бұл жерде ортағасырлық идеологияға сай бірінші салт атты жауынгердің ер тұлғасын сомдау көзделген болса керек. А.Медоевтің пікірінше, бұл бірегей кейіп «Ұлы түркілер жасасын» дегенді меңзейді. Түркі дәуірі суреттерінің жекелеген топтары ешкілер, арқарлар, адамның жетегіндегі түйелер, садақшылардың аң аулауы, асатаяқ ұстаған антропоморфтық бейнелер берілген. Суреттердің жекелеген бөліктерін беру әдістерінің алуан түрлілігі, мүйіздер, қозғалыстар сол кездегі суретшілерге тамаша бейнелердің динамикасы мен экспрессивтілігін, сондай-ақ суреттердің қасиеттілік мазмұнын дәл ашуға мүмкіндік берген. Қасиет қонған тарихи мекен өзінің төл перзенті, қазақтың әйгілі ақын-композиторы Кенен Әзірбаевтың шығармашылығына да арқау болғанын білеміз. Ақынның:

«Ойжайлау шөбің шүйгін, суың дәрі,

Болады халқыменен ақын сәні,

Берейін әнге шырқап ортаңызда,

Жиналған елім-жұртым, жас пен кәрі», – деп келетін өлең жолдары барша қазақтың жүрегінің төрінен орын алған.

Жалпы өңірімізде петроглифтері бар тұрақтар саны 100-ден асатын болса, Қордай ауданында да Жетісу петроглифтері тобына жататын тарихи мекендер жетерлік. Мәселен, Майбұлақтан жарты шақырым қашықтықтағы Қызылсайға барар жолға дейінгі жерасты үңгірі, Масаншы ауылдық аймағындағы біздің дәуірімізге дейінгі ΧΙ-ΧΙΙ ғасырларға тән бекініс орны, Жораз сайындағы тасқа салынған суреттер, Алмалы жақтағы екі бекініс, Майбұлақ жылғасының Шуға құяр тұсындағы ертедегі адамдар жерленген аумағы 150-200 метрлік ірі қорған бұл өңірде бұрыннан адамдардың тіршілік еткен эволюциялық өсу кезеңдерінен хабардар етеді. Сондай-ақ, адамдар мекендеген ірі қоныстардан Георгиевск, Қысмышы, Сортөбе қалалары және төрт ауылдық мекендер орны анықталған. Сол дәуірге тән таңбалы тастар, Сортөбе, Кішміш ауылдары жанындағы біздің дәуірімізге дейін ІІ ғасырдағы сақтардың обалары, Қордай асуындағы көне қорғандар, Құлжабасы тауларындағы тастағы суреттер, Аңырақай даласы мен Жайсаңдағы тас мүсіндер, Ауқатты ауылының тұсынан сақ жауынгерінің бас киімі, V-VΙ және ΧΙ-ΧV ғасырларға тән ыдыс-аяқтар, тұрмыстық қолданыста болған заттардың табылуы осыған айғақ. Сонымен қатар, көне түркі жазуымен жазылған Ұзынсу жазуы деп аталатын Ұзынсу (Иірсу) өзенінің сол жағындағы тастағы «Орхон-Енисей», «Талас» жазуымен белгіленген 8 белгі мен 3 пиктограмма бар. Олардың біразы осы күндері Тараздағы және Бішкектегі тарихи-өлкетану мұражайларында сақтаулы.

Осыған қарап-ақ, ғылымда Қазақстанның «петроглифтер елі» деп аталуының тектен тек еместігіне тағы мәрте көз жеткізуге болады. Ел аумағынан табылған тас таңбалардың ең танымалы «Таңбалы Нұра» тастары десек, өңіріміздегі ең көне петроглифтер қатарына «Бөріқазған» мен Тәңірқазған тұрақтарынан табылған бейнелер жатады. Ал, облыстағы ең көлемді таңбалы тастар кешеніне Қарасай (Қамыстыбұлақ) петроглифтері жатады. Ең көп белгілер анықталған аумақта 500-ге тарта бейне табылған. Әр өңірден анықталған «тас кітаптардың» әрқайсысында түркілік танымға тән күнбасты адам, бұғы, жылқы бейнелерінен бөлек, әлемдік өркениетте танымал алтын қима ұғымын білдіретін Да Винчидің «Витрувиандық адам» кескініне ұқсас кескіндер мен ежелгі күнтізбелер де кездеседі.

 

Нұрболат АМАНБЕК