Шаруалардың мәселесі оң шешіліп, шағын кәсіпкерлік он мыңға артады
«Ауыл аманаты» жобасының облысымызда жүзеге асырылып жатқанына биыл бесінші жылдан асты. Жоба аясында ауыл халқының тұрмысы көтеріліп, ауылдық округтердің әлеуеті артуда. Аталған жобаны жүзеге асыру аясында республикалық және облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, 62 ауылдық округтегі 8028 жоба несиелендірілген.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің айтуынша, аймағымызда «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 2019-2023 жылдар аралығында республикалық және облыстық бюджеттен 42,2 миллиард теңге бөлінген. Оның 37 миллиард теңгесіне 252 мың бас мал сатып алынған. Несиемен қамтылған 7890 азамат өз кәсібін осы бағытта құрған. Ал, жаңа құрылған 57 ауыл шаруашылығы кооперативтеріне ауыл шаруашылығы техникасы мен тіркемелерін алуға 3,5 миллиард теңге қаралған. Кооперативтер тарапынан 533 ауыл шаруашылығы техникасы тіркемелерімен бірге лизинг жүйесі арқылы алынып, егіс алқаптарында жұмыс істеуде. Сондай-ақ, кооперативтердің аяғынан тұрып кетуі үшін бастапқы кезде 946,9 миллион теңге айналым қаражаттар берілді. Ал өз кәсібін ашуға ниет танытқан 97 жоба «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы тарапынан қолдау тауып, оларға 730 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі күні жоба аясында ашылған кәсіпкерлік нысандар жоспарлы жұмыс істеп тұр.
Жобаны іске асыру нәтижесінде ауыл тұрғындары тарапынан көтеріліп жүрген басты екі мәселе шешімін тапқан. Оның бірі – төмен пайызбен несие алу, екіншісі – ауылдық елді мекендердегі мүліктердің кепілдікке қабылдануы. Бұл кәсіп бастаған ауыл тұрғындарына үлкен қолдау болғаны анық. Жалпы, 2019 жылдан бері осы жобаға қатысқан 611 жеке кәсіпкер өздеріне тиесілі 1,9 миллиард теңге несиесін толық жауып отыр. Бүгінгі күні өңірде несие қайтарылымы 99,6 пайызды құраған. Жобаны бұдан әрмен қарай жалғастыру үшін 2024-2025 жылдарға бюджеттен 17,3 миллиард теңге сұралды. Бұл қаражатпен екі мыңға жуық адамға несие беру көзделген.
Ал, биыл «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға республикалық бюджеттен 10,5 миллиард теңге қаржы сұралған. Жоба аясында 1200 өтінімді несиелендіру арқылы 1672 жұмыс орнын құру жоспарланған еді. Қаржыландырылатын жобаның 421-і ауыл шаруашылығы, 725-і кәсіпкерлік, 54 жоба ауыл шаруашылығы кооперативтерін қаржыландыру бағыттарына бағытталған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл тоқтатылған жоқ. Оған өз қорымызда бар ресурстарды тартуға күш салдық. Мәселен, бүгінгі күні «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының шотында қайтқан қаражат есебінен жиналған 3,2 миллиард теңге бар. Республикалық бюджетке қайтарылатын қаржы көлімдерін ескере отырып, жалпы сомасы 2 миллиард теңгеге қайта қаржыландыруға мүмкіндік бар.
Сонымен, қанатқақты жоба аясында 8028 жеке кәсіпкерлік құрылды. Ауылдық елді мекендерде барлығы 37044 жұмыс орындары ашылған. Оның 22838-і тұрақты, 14206-ы уақытша жұмыс орындары. 2020 жылдың 1 шілдесімен салыстырғанда ауылдық елді мекендерде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3392 отбасыға немесе 19 139 адамға азайып, көмек төлеу есебінен үнемделген қаражат 823,3 миллион теңгені құрап отыр. Жобаға қатысушылардың орташа айлық табысы 78 мың теңгеден 134,8 мың теңгеге, немесе 171 пайызға артқан.
Тағы бір атап өтерлігі, өткен жылы бөлінген 25,5 миллиард теңгеге 10 ауданның 38 округінен 4076 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде, 33 кооперативтерге жергілікті бюджет есебінен 1,4 миллиард теңгеге 183 ауыл шаруашылығы техникасы лизинг жүйесімен берілді. Бұл техниканың 39-ы «ZOOMLION, YTO, Lovol» маркалы техника. «Алда ауыл шаруашылығы кооперативтерінің техника алуы қиындағалы тұр. Яғни, ауыл шаруашылығы техникасын инвестициялық субсидиялау бағдарламасы шеңберінде осы жылдың 15 мамырынан бастап ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін импорттық ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялау мүмкіндігі алынып тасталды. Сол себептен 29 кооператив мемлекеттік қолдау ала алмай қалайын деп тұр», – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің ақпаратына сәйкес 2024 жылдың 1 қыркүйегіне «Ауыл аманаты» жобасы аясында несиелендірілген жеке кәсіпкерлер тарапынан жалпы 1 миллиард 333,6 миллион теңге бюджеттік төлемдер төленген, оның ішінде: жеке табыс салығы – 186,1 миллион теңге, әлеуметтік салық – 112,7 миллион теңге, жер салығы – 2,7 миллион теңге, зейнетақы төлемдері – 575,1 миллион теңге, әлеуметтік төлемдер – 218,6 миллион теңге, МӘМС төлемдері – 238,4 миллион теңге.
Марат ҚҰЛИБАЕВ