Жарқын жобаның жемісін көргендер көп
Елімізде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы бүгінде өз тиімділігін танытып келеді. Аталған жоба алғаш ел бойынша облыста пилоттық жоба ретінде енгізіліп, 11 елді мекенді қамтыған болатын. Бүгінде ауыл-аймақтағы халықтың қолайына жаққан жоба Байзақ ауданында да тиімді жүзеге асуда.
Жалпы, 5 бағыттан тұратын жоба аясында Байзақ ауданы бойынша 2019-2020 жылдар аралығында Қостөбе және Түймекент ауылдық округтерінде, 2021 жылы Үлгілі ауылдық округінде нәтижелі іске асқан. Бұл бастамаларға барлығы 1 миллиард 991,8 миллион теңге қарастырылған. Жоба аясында жалпы 12 514 бас мал мен құс, 43 ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу бағытына 73,3 миллион теңгеге 12 жоба іске асқан. Игі бастаманың шапағатын көргендердің бірі – Үлгілі ауылының тұрғыны Ләйлә Бесбаева. Үй іргесіндегі жер телімін пайдалану бағыты бойынша мемлекеттен 3,3 миллион теңге несие алып, ауласынан тігін цехын ашқан тұрғын бүгінде кәсібінің нәсібін көруде. Ол алған несиесіне арнайы заманауи тігін машинасын алып, көрпе түрлерін тігуді қолға алған. Бүгінде мұнда қыз жасауына қажетті көрпе түрлері мен қамыр жаймасын төсеуге арналған сыпыра бұйымы да тігіледі. Ал, оларға ою-өрнек салу, көрпешелердің тігісін жүргізу сынды біршама істі осы арнайы станок атқарады. Тек оған нақты тапсырмалар жүктелсе болғаны.
Ауылдық округте өз кәсібін ашқандардың тағы бірі – Мақсатбек Ақышев. Ол мемлекеттен 4,8 миллион теңге несие алып, өз ауласында жылыжай соққан. Үш соттық жерге орналастырылған жылыжайда өсімдікке қажетті жарық пен жылу жағдайы толығымен жасалған. Мұнда маусымдық кезеңге сай жаз айларында қызанақ, қияр, қарбыз түрлері егілсе, қыстың күні пияз өсіру ісі қолға алынған. Үш жыл бұрын басталған тірлік бүгінде өз нәтижесін беріп те отыр. Кәсіпкердің тиянақты тіршілігіне жолдасы Бақыткүл де көмектесуде.
Байзақ ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Еркебай Рсалиевтің айтуынша, ауданда аталған жоба аясында мыңнан аса кәсіпкер жұмыс жүргізуде.
Жарқын бастаманың бүгінде жаңашыл тұсы да жетерлік. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Бақыт Сейтімбетованың айтуынша, бүгінде жобаның мал шаруашылығы бағыты бойынша тауарлы несие тетіктері қарастырылуда. Еске сала кетсек, аталған бастама «Ауыл аманаты» жобасының мал шаруашылығы бағыты бойынша өңірде өсім байқалмауына және жобаның бесінші бағытына басымдық берілуіне байланысты қолға алынған болатын. Бұл жайында облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек атап өткен болатын.
Десек те, аймақтың бірқатар аудандары мал шаруашылығын негізгі табыс көзіне айналдырып отырғанын ескерген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары ұсыныстың әлі де қаралатындығын жеткізді.
Жалпы өңірде «Ауыл аманаты» жобасының аясында 2023-2024 жылдары 25,5 миллиард теңгеге 38 ауылдық округте 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылған болса, шағын несиемен 1500 адам қамтамасыз етілмек.
Нұрболат АМАНБЕК