Құландықтардың қуанышы еселенген күн
Т.Рысқұлов ауданында бір күнде үш ауылдан жаңа нысандар халықтың игілігіне пайдалануға берілді. Аудан тұрғындарын қуантқан үш жаңа нысанның бірі медициналық мекеме болса, бірі спорт кешені және тұрғын үйлер.
Қорағаты станциясынан ашылған фельдшерлік- акушерлік пункт 15 келушіге арналған. Жоба құны 245,5 миллион теңгені құраған жаңа медициналық нысанның құрылысын «Синдикат груп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.
Жаңа медициналық мекеменің ашылу салтанатына қатысып, қорағатылықтарды қуаныштарымен құттықтаған аудан әкімі Ернар Есіркепов аудан аумағында 2024 жылы ауқымды істер атқарылғанын айтты. Аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов те лебізін жеткізіп, фельдшерлік-акушерлік пункттің аға дәрігері Балнұр Әбдіәкімқызына жаңа ғимараттың «Символикалық кілтін» табыстады.
Ал, Жаңатұрмыс ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен жаңа спорт кешені бой көтеріп, пайдалануға берілді.
Спорт кешенінің лентасы қиылған сәтте аудан әкімі ауыл тұрғындары алдында «Балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубының» директоры Данияр Әлпейісовке үстел теннисінің толық жабдықтарын тарту етті. Қуанышты жаңалыққа тілектестік білдірген ауыл ақсақалы Көшкінбай Құрманалиев істің басы- қасында жүргендер мен ауылдастарына батасын берді.
Жаңатұрмыстағы жалпы құны 331 миллион теңгені құраған спорт кешенін «Нұр Тұрсын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған. Аталмыш мердігер компанияның директоры Талғат Тұрсымұратов та жүрекжарды лебізін жеткізді.
Сонымен қатар, Құлан ауылында тұрғын үйлер өз иелеріне табысталды. Махамбет Өтемісұлы көшесінің бойынан салынған 4 отбасылық 4 тұрғын үй әлеуметтік осал топ санатына жататын аудан аумағында тұратын 10 отбасыға берілді. Жаңа жылда жаңа қонысқа қонған азаматтардың қуанышын аудан әкімі Ернар Есіркепов арнайы барып бөлісіп, игі тілегін білдірді. Жаңа қоныс иелеріне құт болуын тілеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов батасын берді.
«Елімізде жақсылықтар жалғасын таба берсін деген ниетпен әрбір игі істің бастамасын қариялардың батасымен бастаған ел азаматтарына рахмет», – деді Қожайхан Қазыбайұлы.
Кезектілік реті бойынша берілетін баспаналар алдағы уақытта да жалғасын табады дейді жауаптылар.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т.Рысқұлов ауданы