Аймақ

Маңызды бастамалар жүзеге асырылып келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетіне «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» тақырыбында берген сұхбатында «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» атты тұжырымдама Қазақстанның саяси жүйесіне ең қолайлы екенін, бірақ оның толыққанды жүзеге асырылуы үшін әлі талай жұмыс атқарылуы қажеттігін атап өтті.

Өткен жылға және елімізге әсер еткен оқиғаларға баға беріп қана қоймай, мемлекеттік саясаттың көптеген аспектілеріне, соның ішінде цифрландыру, кәсіпкерлікті дамыту, сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелеріне терең мән берді. Тіл саясаты және жастар, сондай-ақ Қазақстанның жаһандық державалармен және халықаралық ұйымдармен байланыстары туралы ашық айтылды.

Қазақстанда соңғы екі жылда әлеуметтік саясат пен білім беру саласында бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асырылып келеді. Қолға алынған бұл реформалар мен бағдарламалар халықтың әл-ауқатын жақсартуға, балалардың болашағын қамтамасыз етуге және білім беру жүйесінің инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған. Мәселен, «Балаларға арналған ұлттық қор» атты бірегей бағдарлама аясында қазақстандық балалар алғаш рет Ұлттық қордан төлемдер ала бастады. Бұл бастама жаңа ұрпақтың экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың болашағын қаржылық тұрғыдан қолдауға бағытталған маңызды қадам. Ұлттық қор активтерінің тұрақты өсуі мен қосымша инвестициялық кірістің түсуі есебінен балаларға арналған төлемдер жыл сайын ұлғайып отыратын болады. Қазіргі уақытта 6,9 миллионнан астам бала қолдауға ие болды. Өткен жылы олардың 304 815-і кәмелеттік жасқа толды, бұл олардың тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе білім ақысын төлеу мақсатында жинақталған қаражатты пайдалануына мүмкіндік береді. Ұзақмерзімді жоба келешекте халық арасында қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және әлеуметтік теңсіздікті азайтуға мүмкіндік беретінін ескеру керек.

Сұхбатта жан-жақты, терең зерделенген әлеуметтік-экономикалық, саяси-әлеуметтік мәселелер көтерілді және бұрындары айтылмаған мәліметтер берілді. Бұл сұхбат осынысымен құнды. Айтпай келетін апаттар, былтыр көктемдегі су тасқыны, Маңғыстаудағы ұшақ апаты, бәрі-бәрі қамтылған.

Жаңа жылдың басында жарияланған Үндеу әрқайсымызға жауапкершілік артады. Біз қашанда басалқы ойға тоқтаған, бәтуалы сөзге жүгінген халықпыз. Қазақта «бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, берекең кетсе нең қалар» деген өмір тағылымынан өткен тұжырым бар. Берекесіздік барлық кесапаттың бастауы. Сондықтан да халық болып сенім білдірген басшымыздың бастамаларына қолдау көрсету берекесіздікке жол бермейді деп сенеміз.

 

Бақытжан ҚАЛЫМБЕТОВ,

облыстық мәслихаттың депутаты.