Аймақ

Жақсы жаңалықтар жетерлік

Мемлекет басшысының мақсаттары қай кезде де маңызды. Сондықтан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр бастамасына, шешімдері мен сұхбаттарына назар аударып отырамыз. Қасым-Жомарт Кемелұлының жылдың алғашқы күнінде республикалық «Ana tili» газетіне берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатын оқып шықтық.

Президент өзінің бұл сұхбатында да әр сұраққа байсалды да, сабырлы жауап беріп, қалың жұртшылықтың көкейінде жүрген біраз мәселені кеңінен қозғап өтті. Мемлекет басшысы атап өткендей, жыл ішінде еліміз бойынша 18 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 7 мың шақырым автокөлік жолы салынуы – мемлекеттің зор мүмкіндігі. Ел диқандарының 27 миллион тоннаға жуық астық жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізгені айтылды.

Қазақстан–әлеуметтік мемлекет. Сондықтан, былтырдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында төлем беріле бастады. Зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы және сала қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Оны күнделікті көзімізбен көріп отырмыз. Президент былтырғы көктемде болған су тасқыны кезіндегі тұрғындардың ауызбіршілігін ерекше атап өтті.

Мен облыс көлемінде басшылық қызметтерде болған тәжірибеме сүйене отырып, Президенттің бастамаларын толық қолдаймын. Былтыр Түркия мемлекетіне барып, салынып жатқан ауқымды атом электр стансасын көзімізбен көрдік. Соның аясында жаңа қалалар, жүздеген жаңа жұмыс орындары пайда болған. Мемлекетті энергиямен қамтудың мүмкіндігі өз алдына. Осы бағытта Мемлекет басшысы аянбай еңбек етіп келеді. Жастарға зор сенім артуы, жемқорлықпен күрес жолындағы табанды еңбектері қай кезде де құрметтеуге лайық.

Қорыта айтқанда, Президенттің сұхбаты барша тұрғындармен сырласқандай әсер бергені бір бөлек, атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен түсіндіруімен де зор маңызға ие болды. Президенттің мақсаттарына сене отырып, жақсы бастамаларын көрдік. Көрдік те мемлекетіміздің кемел келешегі үшін қуандық.

 

Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ,

«Жаңа – Ру» республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры.