Сауатсыз жарнамаға түбегейлі тыйым болса...
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, мәртебесін көтеру бағытында көптеген жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Бірақ, көпшіліктің назарына ілінетін, көрнекі ақпарат саналатын жарнамалардың сауатсыз, тіпті мағынасыз жазылуына тыйым болмай тұр. Жанға бататыны – Ана тілімізді қорлағандай етіп, бас-аяғы жоқ, мағынасы түсініксіз шатпақты жарнама деп ел назарына шығаратыны. Дәл осындай жарымжан жарнама Тараз қаласының орталық көшесі – Төле би даңғылының бойынан бой көтерген «Баласағұн» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында тұр. «Үй – төрт қабырғамен төбе емес, үй – ол кім ішінде...» деп үлкен әріптермен жазылған жарнама ары-бері өткеннің көзіне түспей қоймайды. Көлемімен қоса қара плакатқа ақ түспен жазылған.
Көріп тұрып үндемей кетуге дәтіміз жібермей, Facebook әлеуметтік желісіне жариялап, салынып жатқан үйдің жарнамасын жасаушыларға жергілікті тиісті мекемелердің көмегі керек екенін жаздық. Алайда, біз «көмектесер, сауатсыз сөзді жөнге салар» деп үміт еткен Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Facebook желісіндегі парақшасына «Баласағұн» тұрғын үй кешенінің «Сату және маркетинг» бөлімінің басшысымен кездесіп, түсіндіру жұмыстары және әдістемелік көмектер көрсетілді. Бұл баннердегі мәтін ешқандай тілден аударылмаған, пунктуациялық және грамматикалық қателік жоқ.
Сатып алушылардың назарын аудару мақсатында жазылған әртүрлі мағынаны білдіретін ой» деп жауап жазды. Тілімізді дамытады деп сеніп жүрген бөлімнің мынандай жауабына сенер-сенбесімізді білмей, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына хабарласып, ондағы мамандар қалалық аталған бөлім тарапынан жазылған жауаптың жөнсіздігін түсініп, Facebook желісіндегі жауаптарын өзгерткізді. Жарымжан жарнаманы грамматикалық та, пунктуациялық та қате жоқ деген Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаевадан мәнін сұрадық. Алайда, Бақыт Тілегенқызы әр күні әртүрлі себептерді айтып, сұрақтарымызды жазбаша жібергенімізден бері он жеті күн өтті, әлі де жауап берген жоқ.
Тараз қалалық тілдерді дамыту бөлімі «қате жоқ» деп тапқан әлгі жарымжан жарнаманы талдап көрелік. «Үй – төрт қабырғамен төбе емес» деген сөйлемдегі «қабырғамен» сөзінің соңындағы «-мен» түбірге қосылып жазылғанына қарағанда, көмектес септігінің жалғауы ретінде қолданылғанға ұқсайды. Олай болса, сөйлем «қабырғамен біріккен төбе» немесе «қабырғамен жалғанған төбе» деген секілді тіркеспен берілуі керек еді. Ал, «қабырға мен төбе емес» деген мағынада жеткізгісі келсе, «мен» шылау болып, бөлек жазылуы керек еді. Яғни, бұл сөйлемде грамматикалық қатенің бары анық көрініп тұр. Екінші қатардағы «үй – ол кім ішінде...» деген сөз тіркесінде не мағына жоқ, не сөйлем дейтіндей бас-аяғы жоқ. Осыған қарағанда орыс халқының жиі қолданатын «Дoм – не четыре стены и крыша...» деп басталатын нақыл сөзін жалғастырып, тікелей аударғанға ұқсайды. Бұл тек біздің ойымыз емес, әлеуметтік желіде де, өзіміз сұрастырған қазақ тілінің мұғалімдері де осындай пікір білдірді.
Көбіміз мұны дұрыс жасалмаған аудармаға ұқсатқанымызбен, Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Facebook әлеуметтік желісінде жариялағанымызға жазған жауаптарында «қатесіз әрі аударма емес» деді ғой. Тіпті, әртүрлі мағына беретін ғажайып сөзге теңеді емес пе. Бірақ, біз бұл сөздерден әртүрлі түгілі бір мағына да ұқпадық. Тілдерді дамыту бөліміндегі тіл мамандары осылай десе, құрылыс жүргізуші кәсіпкерлерге не дей аламыз?
Бөлімдегі тіл мамандарынан ақылға қонымды жауап ала алмаған соң, тағы да Қазақ тілін оқытып жүрген мұғалімдерден жөнін сұрадық.
Енді бұл жарнаманың заңдылық жағын қарастырып көрелік. Еліміздің жарнама туралы Заңының 7-бабында «Жөнсiз жарнамаға тыйым салынады» делінген. Сол бапта жөнсіз жарнамаға былайша түсініктеме беріледі. «Жеке тұлғалардың нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, кәсiбiне, әлеуметтiк жағдайына, жасына, жынысына, дiни және саяси нанымына қатысты қорлайтын сөздердi, теңеулердi, бейнелердi пайдалану арқылы жалпыға бірдей қабылдаған iзгілік пен мораль нормаларын бұзатын мәтiндiк, көрiнiстi, дыбыстық ақпаратты қамтитын...» деп жазылған. Біз сөз етіп отырған жарнама Ана тіліміздің ешбір ережесіне сай келмейтіндігімен және мағынасыздығымен жөнсіз жарнама деп санаймыз. Ал, бұл жарнаманың Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залының дәл қасында ілініп тұрғанына бір айдай уақыт болды. Сонда Заң талаптарын бұзған жарнаманы жариялағандарға ешқандай шара қолданылмайды ма? Көкейдегі сан сауалдың жауабын іздеп, «Баласағұн» тұрғын үй кешенін салушы компанияның жарнама бөліміне бардық. Алдымен жарнамаға жазылған сөз тіркестерін талдап беруін сұрадық. Бірақ, тұрғын үй кешенін салып жатқан компанияның «Сату және маркетинг» бөлімінің басшысы Медет Маратұлы өзінің тіл маманы еместігін айтып, талдай алмады.
Тіпті, онымен де қоймай ойлана білетін адам үшін үлкен мағына беретінін айтқанына не күлерімізді, не жыларымызды білмедік.
Егер креативті ой деп санайтын осындай бас- аяғы жоқ жарымжан сөз тіркестерін «ерекше» деп бағалайтын болсақ, кешегі бабалардан асыл мұра болып қалған қоры бай көркем сөздерімізді, тілдің құдіреті мен құнын кейінгі ұрпақ білмей кете ме деген қорқыныш ұялады жүрегімізге.
Бұл жарнаманың ілінгеніне екі аптадай уақыт болғанын «Сату және маркетинг» бөлімінің басшысы айтты. Оны айтқан күннен бері тағы екі апта өтті. «Енді қашан түзетесіздер?» дегенімізге «Әлі қарастырамыз, ол бірер күнде бітетін іс емес» деді. Яғни, тағы бірнеше күн тұруы әбден мүмкін. Сонда жарымжан жарнамасымен Ана тілімізді қорлап, Заң талабын бұзған бұл іске тоқтам жоқ па? Ешқандай шара қолданылмай ма? Ұлттық құндылығымыз саналатын тілге келгенде, біз неге шарасызбыз?
Бәлкім, бұл жарнаманы «пунктуациялық та, грамматикалық та қатесі жоқ, ешқандай аударма емес» деп таныған Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева біраз күн бұрын жіберген сауалымызға назар аударып, жауабын жіберер деп күтеміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА