Теңге бағамы қашан тұрақталады?
Қазақстанда өткен жылдың аяғына қарай доллар бағамы алғаш рет 500 теңге межесінен асып түсті. Еліміздегі экономистер ұлттық валютаның әлсіреу себептерін және қазіргі жағдайдағы Ұлттық банктің рөлін түсіндірді.
ТЕҢГЕ НЕГЕ ӘЛСІРЕП ЖАТЫР?
Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаевтың айтуынша, теңгенің әлсіреуі – Қазақстан экономикасының ерекшеліктеріне байланысты ұзақмерзімді үрдіс.
Ол экспортқа бағытталған экономика жағдайында әлсіз валюта өнімнің халықаралық нарықта арзандауын қамтамасыз ететінін, бұл оның бәсекеге қабілеттілігін арттыратынын түсіндірді. Алайда, халық үшін бұл импорттық тауарлардың қымбаттауына байланысты бағаның өсуін білдіреді.
Экономист Айдар Әлібаев ұлттық валютаның әлсіреуі тікелей рубльдің құлдырауымен байланысты деп санайды.
ҰЛТТЫҚ БАНК АРАЛАСУЫ МҮМКІН БЕ?
Арман Бейсембаев Ұлттық банктің валюта бағамының тұрақтылығын сақтау және оның күрт құнсыздануына жол бермеудегі маңызды рөлін атап өтті.
Дегенмен, ол доллардың 500 теңге межесіне жетуі Ұлттық банктің курсқа өз бетінше қалыптасуға мүмкіндік бергенін немесе уақытша араласудан бас тартқанын көрсетуі мүмкін екенін айтты.
Экономист Айдар Әлібаев Ұлттық банк жағдайдың бақылаудан шығып кетуіне жол бермейтініне сенім білдірді.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР НЕ КҮТЕДІ?
Арман Бейсембаев 500 теңгеден жоғары доллар бағамы экономиканың құрылымын көрсетеді және бұл анау айтқандай «апат» емес екенін атап өтті. Бірақ бұл инфляцияны күшейтіп, импорттық тауарлардың қымбаттауына әкеледі.
Экономистің пікірінше, теңгенің ұзақмерзімді нығаюы екіталай. Шикізат экспортына негізделген Қазақст ан экономикасына ха лықара лық нарықтарда бәсекеге қабілеттілік үшін әлсіз валюта қажет.
БОЛЖАМДАР ЖӘНЕ ЫҚТИМАЛ ӘРЕКЕТТЕР
Нарық қазір Ұлттық банктің әрекетіне назар аударып отыр. Экономист алдағы күндері теңге бағамын нығайту үшін интервенциялардың жүргізілу мүмкіндігін қарастырып отыр.
Валюта нарығындағы жағдай әлі де белгісіз күйде қалуда. Экономистер реттеушінің әрекеттерін мұқият бақылап, ағымдағы экономикалық шындыққа бейімделуді ұсынады.
АЙЫРБАСТАУ ПУНКТТЕРІНДЕГІ ЖАҒДАЙ
Қазақстанның айырбастау пункттері қауымдастығы ұлттық валюта бағамының өзгеруіне қазақстандықтардың реакциясын түсіндірді.
Айта кетсек, Қазақстанның кейбір қалаларында доллар бағамы 500 теңгеден асып түсті. Ұлттық банк теңге бағамының күтпеген өзгерістеріне араласу шараларын қолдануға дайын екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов реттеушінің теңге бағамына неге араласпайтынын түсіндірген болатын. Қазақстан қаржыгерлер конгресінде ол Ұлттық банктің теңгенің нақты бір бағамын ұстап тұруға ұмтылмайтынын айтты. Алайда, валюта бағамының құбылмалылығы және оның экономикалық негіздерден ауытқу жағдайында реттеуші шетел валютасын сату арқылы интервенция жүргізуі мүмкін. Қазіргі уақытта мұндай шаралар қолданылған жоқ.
Ол инфляцияны төмендету базалық мөлшерлемені азайтуға мүмкіндік беретінін, бұл өз кезегінде бизнеске арналған несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді төмендететінін атап өтті. Бұл мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтып, экономиканың мемлекеттік қолдауға емес, жеке инвестицияларға сүйене отырып дамуына жол ашады.
Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңгенің еркін айналымдағы бағамы макроэкономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін маңызды механизм екенін атап өтті. Ол 2015 жылдан бастап қаржы реттеушісі осы бағамға көшкенін және оның автоматты тұрақтандырғыш ретінде жұмыс істейтінін еске салды. Макроэкономикалық жағдай жақсарғанына байланысты теңге бағамы 4 пайызға нығайған. Алайда, Ұлттық банк басшысының айтуынша, әлемде валюталық ауытқуларға әсер ететін белгісіздік ахуалы әлі де бар.
Ал, жалпы алғанда көптеген сарапшылар жүргізген зерттеулер теңгенің соңғы уақыттағы құнсыздануын бірнеше негізгі факторларға байланысты деп санайды. Біріншіден, мұнай бағасының төмендеуі. Қазақстан экономикасы мұнай экспортына тәуелді болғандықтан, мұнай бағасының құлдырауы ұлттық валютаға тікелей әсер етеді. Мұнай бағасының төмендеуі экспорттық кірістерді азайтып, теңгенің әлсіреуіне себеп болады. Екіншіден, Ресей рублінің әлсіреуі. Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі – Ресей. Ресей рублінің құнсыздануы теңгеге де қысым жасайды, себебі екі ел арасындағы сауда қатынастары тығыз байланысты. Үшінші себеп: әлемдік экономикалық тұрақсыздық: Жаһандық нарықтардағы құбылмалылық, әсіресе дамушы нарықтардан капиталдың шығарылуы теңгенің бағамына кері әсерін тигізеді. Инвесторлар сенімді активтерге көшу арқылы дамушы елдердің валюталарының әлсіреуіне ықпал етеді. Ішкі экономиканың диверсификацияланбауы: Қазақстан экономикасының әртараптандырылмауы және мұнайға тәуелділігі теңгенің тұрақсыздығына әкеледі. Экономиканың мұнай секторының құлдырауына бейім болуы ұлттық валютаның әлсіреуіне себепші болады. Бұл факторлар теңгенің құнсыздануына әсер етіп, экономикалық тұрақтылыққа қауіп төндіруде.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ