Жаңалықтар

Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу өз деңгейінде ұйымдастырылуы тиіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Президент бастамасы жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздейді. Соның аясында республикамызда бірқатар шаруалар атқарылды. Мәселен, іргелі оқу орындарында техникалық және кәсіби білім беруге басымдық беріліп, осынау сала мамандықтарына мемлекеттік тапсырыс 10 мың орынға артты. Оның ішінде, 65 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді. Сонымен қатар, өңірлерде әлемдік деңгейде беделді оқу орындарының филиалдары ашылып, жыл сайын шамамен 500-ге жуық ғалым шетелде машықтану мүмкіндігіне ие болды.

Ал, облыс аумағында жұмысшы мамандықтарын дамытуға және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге бағытталған іс-шара жоспары әзірленіп, оны жүзеге асыру мақсатында жұмысшы тобы құрылды, медиа-жоспар бекітілді. Бұл туралы аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен жылдың алғашқы аппараттық кеңесінде кеңінен айтылды. Басқосу барысында ең әуелі облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов баяндама жасады. Оның айтуынша, былтыр өңірде өнеркәсіп саласында белсенді дамып келе жатқан бағыттарды анықтау, облыстың еңбек нарығына сай жаңа мамандықтар ашу және жұмыспен қамтудың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін кадрларға қажеттіліктің өңірлік картасы «Жаңа мамандықтардың атласы» жобасы іске қосылған.

Естеріңізде болса, өткен жылдың тамыз айынан бастап облыста 77 түрлі ақпараттық жүйемен интеграцияланған «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі құрылған еді. Бұл – өңірдегі 337,8 мың отбасының әлеуметтік-материалдық жағдайын санаттары бойынша жіктеп, нақты жағдайы төмен отбасылармен жұмыс жүргізуге мүмкіндік берді. Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтің сөзінше, аталған жүйедегі мәліметтер негізінде әрбір отбасының материалдық жағдайынан бастап, отбасы мүшелерінің әлеуметтік қызметтерімен қамтылады. Бұдан бөлек, олардың банктердегі берешектеріне дейін есептеліп, отбасының жағдайы 5 санат бойынша бөлінеді.

Жиын соңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құралай Өскембековаға обл ыстағы NEET санатындағы жастар мен «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіндегі деректерде алшақтық болмауын жіті қадағалауды жүктеді. Сондай-ақ, аймақ басшысы аталған ақпараттық жүйедегі мәліметтерді өзектендірудің маңыздылығына тоқт а лып, жауаптыларға «Жұмысшы мамандықтарының жылын» өткізу бойынша қабылданған қажетті шаралардың өз деңгейінде орындалуын тапсырды.

 

Есен ӨТЕУЛІ