Қоғам

Инновация игіліктері еселене түседі

Жаңа жыл әрқайсымыз үшін үміт пен жақсылыққа толы бастамаларды күтіп, келешекке жоспар құратын ерекше кезең.

Өткен жыл университет ұжымы үшін де табысты жыл болды. Оқу ордасында инфрақұрылымдық тұрғыдан дамып, оқу аудиториялары саны артып, конференц зал, медиа орталық пайдалануға берілді. Жылдан жылға студенттік контингенттің сапасы жақсарып келеді. Университет студенттері, пікірсайысшылар, спортшылар мен еріктілер түрлі халықаралық, республикалық додаларда топ жарды. Елімізде ғылым мен жоғары білім саласындағы маңызды реформалар мен жобалар жүзеге асырылып, еліміздің білім беру жүйесі әлемдік деңгейге жақындап келеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, көшбасшы елдер ғылыми прогреске арқа сүйейді.

Еліміздің ғылым саласын дамытуға 195 миллиард теңге бөлініп, ал қолданбалы ғылымды қаржыландыру 489 миллиардқа жетті. Отандық зерттеушілер бірқатар серпінді өнертабыс жасады. Төл тың әзірлемелер елімізде ғана емес, шетелде де кеңінен қолданыс тауып келеді. Қазір жергілікті ғалымдардың озық зерттеулері мемлекеттің қолдауына ие. Осы бағытта университетте білім бағдарламаларының саны артып, республикалық бюджеттен қаржыландыру арқылы ғылыми бірқатар жобалар іске асырылуда. Өткен жылдағы маңызды оқиғалардың бірі – оқу ордамыздың университет статусын иеленуі.

Бұл алдағы жоспарларымыз бен мақсаттарымыздың жүгін еселей түсетіні сөзсіз. Осы мақсатта университет халықаралық байланыстардың географиясын кеңейтуге мүдделі екендігін танытып, алыс-жақын шетелдермен қарым-қатынасын арттыруда.

Өздеріңізге белгілі, ел Президенті биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» ретінде белгіледі. Биылғы жыл осы бағыттағы жарқын бастамалар мен ғылыми-инновациялық жетістіктер еселене түседі деген сенімдемін.

 

Махметғали САРЫБЕКОВ,

Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры.