Қолтаңбасы қайталанбас қайраткер
Қолтаңбасы қайталанбас қайраткер Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты, журналист, қаламгер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, мемлекет және қоғам қайраткері Мейрамбек Төлепберген 68 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Мейрамбек Мылтықбайұлы өзінің саналы ғұмырын баспасөз бен телевизияға арнап, мемлекеттік қызметте де абыройлы қызмет атқарды.
Мейрамбек Төлепберген (13.5.1957 жылы туған, Талас ауданы, Түгіскен ауылы) – журналист, саяси шолушы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген (1981).
Еңбек жолын құрылысшы болып бастаған. Алматы облысы «Жетісу» газетінде әдеби тілші, бөлім меңгерушісі болып қызметтер атқарды.
Журналистика саласында өз қолтаңбасын әуелі спорт тақырыбында қалдырып танылған ол, Орта Азия және Қазақстан спорт журналистерінің халықаралық байқауында (1989) бас жүлдеге ие болды.
Мейрамбек Төлепберген республикалық «Халық кеңесі» газетінде Парламент жұмысының қыр-сырына үңіліп, саяси тақырыптарға жазылған сараптама мақалаларымен көзге түсті.
Шығармашылық қарым-қабілеті оны еліміздің таңдаулы журналистер шоғырына қосты. 1996 жылдан бастап «Егемен Қазақстан» газетінде саяси-әлеуметтік мәселелерге қатысты ой-толғамдарымен және публицистикалық мақалаларымен кеңінен танылды.
Ұзақ уақыт белгісіз болып келген, ал 1997 жылы Ресей батыры және Халық Қаһарманы атанған Бақтыораз Бейсекбаевтың ақиқаты мен есімін қайта оралту үшін оның дерегін тынбай іздестіріп тапты. ХІХ ғасырдағы қазақ айтыс өнерінің дүлдүлі Ұлбике Жанкелдіқызының әдеби мұрасын зерттеп жинақтауға елеулі еңбек сіңірді.
Журналистік ресми сапармен оннан астам шет елдерде болып, арнайы репортаждар мен жолжазбалар жазды. «Сағасында Таластың бір ауыл бар» (1995), «Қаһарман Бақтыораз» (2000), «Ақиқат алдында» (2002), «Ұлбике» (2002), «Шоқыр» (2003) деген кітаптардың авторы. Сегіз жинаққа таңдаулы очерктері енген.
Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен (1999), Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен (2000), «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығы» медалімен марапатталған.
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері (1989), сондай-ақ, Алматы облысының «Балқаш ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болған.
2012-2017 жылдары «Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты облыстық «JAMBYL» телеарнасын басқарған жылдары көптеген тың жоба жарыққа шықты. Оның ішінде, «Сыр перне», «Ауылға кел, ағайын», «Ел мерейі», «Бірлігіміз жарасқан» жобалары бар.
Облыс әкімінің және облыстық мәслихаттың аппараттары, облыстық ардагерлер кеңесі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мейрамбек Мылтықбайұлының қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына қайғысына ортақтасып көңіл айтады.
Жақсылыққа асығып жүруші еді...
Мейрамбек Мылтықбайұлы істің адамы еді... Мемлекеттік қызметте, журналистикада, депутаттық мансабында осынау атпал азамат біздің жадымызда тындырымды тірлік пен табандылықтың бейнесі ретінде сақталды.
Оның журналистика саласындағы қызметінің өзі бір төбе. Журналист ретінде ол қоғамдағы қандай да бір маңызды оқиғаға пікір білдірмей, қалам тербемей айналып өте алмайтын. Әр тақырыпқа тереңнен тоқталып, кеңінен қарап қаузайтын, қаламнан қуат алатын қаламгер-публицист болатын. Жамбыл журналистикасының темірқазығы Шерхан Мұртаза десек, өңірде заңғар жазушыны өз биігінде зерттеп, мұраларын насихаттауда ең алдымен Мейрамбек Мылтықбайұлының есімі ойға оралады. Әдетте адамдардың тиімді қызмет істеу үшін жұмыс орнының жайлылығы маңызды болса, ол Шерағаң секілді үнемі қаламына арқа сүйеді. Оны өмірінің соңына дейін қалам-қағаздан қол үзбей, кең көлемде үздіксіз жарияланып тұрған журналистік-публицистік мақалаларынан аңғаруымызға болады. Оның бойындағы пайым-парасаттылығы, ойының тиянақтылығы мен жинақтылығы, сөзінің салмақтылығы әңгімелесушіні тәнті етпей қоймайтын. Талай жылғы таныстығымызда бұған бірнеше мәрте көз жетті.
Мемлекеттік қызметте де биік болмысты азамат осы қасиетімен дараланды. Ол қызмет бабында тұрғындарды, сайлаушыларды алаңдатқан әлеуметтік мәселелерді жіті қадағалайтын. Үнемі жақсылық жасауға асығып, түйткілді түйіндер оң шешімін тауып, артылған үміттің үдесінен шықса балаша қуанатын. Осынау азаматтың мезгілсіз қазасы қазақ қоғамы үшін ауыр соққы болғаны сөзсіз.
Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері.
Мөлдір мінез Мейрамбек
2024 жылдың жылжабар соңғы күні ойсыз ажал ортамызда жарқырап жүрген жайдары мінезді, ақ көңіл, таза пейілді айтулы азаматымыз Мейрамбек Мылтықбайұлы Төлепбергенді алып кетті.
Таңертеңгі 8:35-те келе жатқан жаңа жылға жылы лебізін шын пейілден білдірген Мекеңнің таңғы сәлемінің арасына бір сағат болмай жатып Алатаудың етегінен Арқаға жеткен суық та, суыт хабардан теңселіп кеттім. Сенбедім. Қимадым. Сенгім келмеді... Бірақ Алланың ісіне шара бар ма? Көз жанарынан төгілген моншақты жасқа ерік бердім... Ал, бүгін сол дархан досты жоғалтқан, жақынынан айырылған азалы көңіл де мазасыз күй кешіп, тұсаулы тұлпардай болып отыр...
Арда азаматтың осындай өкінішті өлімі өзекті өртеп, қимас жүректі езіп, көңілімді мұңға салып кетті. Өйткені, аяулы досым, сырлас бауырым, соңғы он бес жылдан астам уақытта түніміз бөлек болғанымен, күніміз бір болған Мекеңнің мен үшін алар орны, адал ниеті, қамқор жүрегі тым бөлек еді. Өйткені, Мейрамбек өмірде артындағы өнегелі ісі қалған, тура жолдан таймаған, беделі биік, абыройы зор, қаламы қайтпаған, тұяғы сүрінбеген жүйрік еді...
Мейірімі шуақ шашып тұратын мөлдір мінез Мекең қай қоғамға, қай ортаға болсын бір ізбен кіріп, жүз із болып шығатын көптің көңілін баурап алған жайсаң жігіт еді. Қазақ журналистикасының өркендеп дамуына өлшеусіз үлес қосқан, кешегі қалам ұстаған ұлы тұлғалардың дәстүрін жоғалтпай, жолын жалғаған тарлан журналист, іздемпаз жазушы еді. Ол өзінің шығармашылық жолында Парламент төрінен Тәуелсіз еліміздің алғашқы саяси тыныстарын оқырмандарына жеткізді, аса дарынды айтыс ақыны Ұлбикені ұлықтады, қазақтың батыр қызы, ұшқыш Хиуазды қайта жаңғыртты, Бақтыораздың бағын ашып, туған халқына есімін жақындатты.
Шындықтың алмас қылышындай болған Шерағаңның шырақшысындай бола жүріп, мәртебелі есімін бір сәтте есінен шығармады. Мемлекеттік қызметтің ардагері, жазушы Жолтай досымен бір жыл бойы зиялылықтың биік бейнесін көрсете отырып, зерделі хат жазып, зерек ойын қоғам ортасына салды.
Елімізде, оның ішінде Әулиеата өңірінде тұлғатанудың жаңа дәстүрін қалыптастыруға бар ерік-жігерін сарқылтты. Бұрынғы Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласы атқару комитетінің төрағасы Әлихан Комратов, мемлекет және қоғам қайраткері Әлмұхан Исақ, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров, ел ағалары Әлібек Әмзеев, Ералы Дадабаев сынды тұлғасы биік тұлғалар жайлы қалам тербеді. Туған Түгіскенін жан-жақты түлетіп еді.
Өткен жылы қаламы тоқтамай, ойы тоқырамай, сапарлары үзілмей жүрді. Әрбір сапарына күліп барып, қуанып қайтушы еді берен азамат. Енді міне, сыйластық пен құрметтің символындай болған Мекеңнің орны ойсырап қалды. Қасиетті бесіктен басталған өмір жолы қазақ ардақтыларының жамбасы тиген киелі Кеңсайға барып тоқтады...
Қош бол, барын берген бауырым, адал да қимас досым, сырын алдырмаған сыр мінез сырласым! Сен де енді барар алысы бар жоталы «жоққа» кеттің! Иә, жоққа ешқандай «жүйрік» жеткен емес... Бірақ, Сен сағынатын санада, іздейтін жүрек төрінде, елес болып келетін көңіл көкейінде мәңгіге қалдың!
Жатқан жерің жарық, ауыр топырағың жеңіл болсын!
Қырғызәлі ТІЛЕУОВ.
Астана қаласы
Қайда асықтың, қарағым-ау?!
Соңғы статистикалық мәліметтер бойынша, қазақстандықтардың орташа жасы 75 екен. Соған қарағанда 68 жас деген не тәйірі! «Қыршын», «боздақ» деп пендешілікке салынбай-ақ айтсақ, әлі көрер жарығы, берер дүниесі бар болуы тиіс жас қой 68 дегеніңіз. Мен мұны ағайын, туысын аһ ұрғызып, әріптестерін «әттеген-ай» дегізіп, сыйластары мен қимастарын егілтіп бақилыққа аттанып кете барған Мейрамбек ініме қаратып айтып отырмын.
Біз – бір топырақтың түлегіміз. Жамбыл облысының шеткері жатқан аймағы саналатын Түгіскен деген ауылдан түлеп ұшқан түлектердің ішінде, Сенің маған басқалардан бір табан жақындығың, екеуміздің ел құрметтейтін, елдің сөзін сөйлейтін, жоғын жоқтайтын, керек десең, елдің мүддесі үшін кез келген қиындықты бастан кешіруге бар, әлі келсін-келмесін әділдік үшін кез келгенмен күресуге дайын ақ ниет, ақ тілек журналистік мамандықты таңдауымыздан да шығар.
Сен артымнан ерген ізбасар інім едің. Жөні келген жерінде бетің бар, жүзің бар демей, турасын айтатын еркем едің, қандай істе де көш бастайтын серкем едің. Не айтсаң да біліп айтатынсың, турасынан тіліп айтатынсың. Соған қуанушы едім, қуаттанушы едім, мақтанушы едім.
Менікі пендешілік қой, шын мәнінде сен еліңнің, халқыңның Мейрамбегі едің. Оны сен дәлелдедің: етіңнің тірілігімен, ісіңнің ірілігімен, кесек сөзіңмен, шебер тілді шешендігіңмен, ел бастаған көсемдігіңмен.
Сен қаламыңның қарымымен, Құдай берген дарыныңмен тарихты тірілткен едің. Сенің қаламыңнан туған «Саңырық батыр», «Ұлбике», «Қаһарман Бақтыораз», «Шоқыр» атты кітаптарың – осы айтқандарымның айғағы.
Сен «Туған жерге туыңды тік!» қағидасын берік ұстанған азамат едің, қарағым. Ордабұзар отызға толмай жатып өзіңнің түлеп ұшқан Түгіскенің, атағы Одаққа мәлім «Түгіскен» мемлекеттік асыл тұқымды мал зауытының жарты ғасырлық тарихын толғаған «Сағасында Таластың бір ауыл бар» атты тарихи-танымдық кітап жаздың. Сол еңбегіңде ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін қамтылған десем, артық айтқандығым болмас. Онда табыстың тайқазанын қайнатқан алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілердің жанкешті тірлігін көркем суреттеп көрсеттің. Сен сол еңбегіңмен еліңнің туын көкке көтердің, Мейрамбек.
Сенің өтпелі кезең кезінде жұмысы тоқырап қалған облыстық кәсіподақтар кеңесінің жұмысын жандандыруға да қосқан үлесің зор.
Осындай орасан тірлігіңді, қайраткерлігіңді бағалаған жерлестерің сені алдымен облыстық мәслихатқа, одан кейін Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне депутат етіп сайлады. Сен онда да халық қалаулысы ретінде халық көкейіндегі мәселелерді көтеріп, олардың оңды шешілуіне көп күш салғаныңа әріптестерің куә, сайлаушыларың риза.
Сен алқалы жиында алдыңа жан салмаған шешен едің, Мейрамбек. Сенің мірдің оғындай өткір, турашылдықпен айтқан сөздерің өлгенді тірілткендей, қараниет қаскүнемді жанынан түңілткендей еді-ау! Сондықтан, ниеттестер Сені төңіректеп, арам пиғылдылар аулақтау жүретін. Сен өзің ақиқаттың алдаспаны санаған рухани ұстазың Шерхан Мұртаза сияқты шындықтың шырақшысының бірі едің.
Қай қылығыңды айтайын, қарағым Мейрамбек! Сен қамшының сабындай келте, қысқа ғұмырыңда Отаныңа, еліңе, халқыңа, туған жеріңе мүмкіндігің жеткенінше береріңді де беріп кеттің. Бірақ, берерің әлі де көп еді. Алла оған жазбады.
Бақұл бол, бауырым. Пейіште нұрың шалқысын! Сенің жарқын жүзің жүрегімде, жағымды үнің құлағымда.
Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.